Home » Page 240
Posted in

ТАҚЫМЫ ТИДІ

Мінді, шапты. ~ Үйретілген жылқылардың қандайына болса да ие: азғана жасында «жылжыған жорға, жылмиған жүйрік» дегендердің талайына тақымы тиді, қандай ұшқыр деген жылқылар бар шабысымен келе жатқанда, арқасында ұршықтай үйіріліп ойнады, қандай «басы қатты» деген жылқылардың үстіне қонса, елгезек аттай билеп алды. С.Мұқ. ~ Басқарма мақтаулы атына өзінен басқа ешкімді жолатпайтын. Тек Көксұр Елемес қана анда-санда көлденең көзге көрсетпей қайын-жұртына Теңбілкөкпен барып қайтатын. Сол екеуінен басқа екі аяқтыда бұл жануарға тақымы тиіп отырған Жақанның өзі. Шайхат, сірә, Шайхат. Ә.Кек.

Posted in

ТАҚЫМЫ ТАСТАЙ

Атқа нық, мығым отыратын шебер шабандоз туралы. * Тақымы тастай, білегі құрыш, жігері қылыш, аты аңызға айналған атақты шабандоз Ерғали Сүлеевке оңтүстіктің үлкенді-кішілі көкпаршылары бір ауыздан «Ғасыр шабандозы» деп баға берген екен. БАҚ. ~ 130 шақырымдық бәйгеде 2 орын алған Пырақ есімді ат бұл жолы да осы жетістігін қайталап, елді елең еткізді (айтпақшы, сол жарыста 1 орынды осы ауданның аты иеленген-ді). Біз сол атқа шапқан тақымы тастай шабандозбен аз-кем әңгімелескен едік. "ЕҚ".

Posted in

ТАҚЫМЫ ТАРТТЫ

Көне ырым бойынша, тақымы тартқанда бір жақсылық болады деп сенген. ~ Жаз жайлауына қонып, белін енді шешіп, аяғын енді көсіліп, демін енді алған қазақтың арада бірер күн өтпей жатып тақымы тартып, табаны дуылдап қыши бастайды. Жүргісі, әлдеқайда барғысы келіп тұрады. Ә.Кек. ~ Осы күнде, Тоқтар шал, Оң қабағым тартады, Қуантамысың, Құдай-ай! Осы күні, Тоқтар шал, Аузы құрғыр тартады,— Жалғызымды сүйгендей! Иіні құрғыр тартады,— Қараспан тауға ел қонып, Еруге қамқа кигендей! Осы күні, Тоқтар шал, Тақымы құрғыр тартады,— Қараспан тауын жағалап, Қалың Қыпшақ ел көшіп, Сұр жорғаны мінгендей! А.Байт. "ҚҚҚ". ~ Апырай, бұған дейін сені қалай білмегем? Мынау шоқ шашқан көздеріңнен он жетідегі бойжеткеннің ботакөзі садаға кетсін. Тулама, жаным. Көзің қарайып, арқаң қышып, тақымың тартып жүрген шығар. Реті келіп тұрғанда қажетіңді ашып, сауабыңды алайын. С.См.

Posted in

ТАҚЫМЫ МЫҚТЫ

Атқа нық, мығым отыратын адам туралы. ~ Өткен жылы көне Үргеніштің базарында жүргенде сұлу арғымақты саудалап тұрған балуан тұлғалы түрікмен жігітіне кезіккен. "Тұлпарды тақымы мықты адам ғана саудалар болар, кәне, жолымнан былай тұрыңдар" -деп әлгі алға ұмтылған. А.Өтег. ~ Сұлтанмұраттың осы жүргенде тақымы мықты. Тарпаңдаған талай неменің сауырына бір қонды-ақ, басқа ұрсаң да мыңқ етпейтіндей қып сүмірейтіп шығарады. Ауылүйдің тайын да, тайқарын да сол жуасытады. Ш.Айт.

Posted in

ТАҚЫМЫ ҚЫШЫДЫ

Атқа отырғысы, ызғыта шапқысы келді. ~ Былай шыққан соң, күні бойы ләм-мим демей, мөлиіп келе жатқан Шіркімбай: — Өзі боп тұрғанда торысын маған бір мінгізсең етті,- деп мыңқ ете қалды. — Е, немене, сенің тақымың да қышыды ма? Ақбоздың әлегін аз көресің бе? — деп қарындасы алып тастады. Т.Әл. ~ Қар қалың жауған жылы Бұқтырма байып, мәйектеніп жетісіп қалатын. ал, тау өзенінің тасығанын көру — әлдебір улы- шулы күй тыңдағандай айызың қана қуаттанып, көңіліңе желік пайда болып, ағызып- ағызып алар арғымақ іздегендей елегізіп, тақымың қышыры және рас. О.Бөк.

Posted in

ТАҚЫМЫ ҚЫЗДЫ

Атқа отырып рахат алды, көңілі көншіді. ~ Осы тұста баланың да көңілі көтеріліп, тақымы қыза түсті. Тершіген арқа жазылып, көңілін Ақан ағасының шалқыма әні тербегендей боп кетті. С.Жүн. ~ Мөңке де Құлагердің мойнына қолын салып еді, тер аққан екен. Терліктің астынан шаланың табы өткендей, тақымы да қызып жіпси бастаған. Аналардың атынан енді ақ көбік шашырап, екпіндеген аттың желімен ұшып келеді. С.Жүн. ~ Ит тартқан терідей жұлмаланып жұтылып жатқан уақыты зая. Таң атса — күн батады. Я есек көкпар шауып тақымы қызбайды, я қызық кітапты сарқа оқып мейірі қанбайды. Д.Дос.

Posted in

ТАҚЫМЫ ҚҰТТЫ

Отырған аты жүлделі келетін, жолы болғыш шабандоз д.м. ~ Бәйгеге қосар болса Ақан атын, Мінгізіп бұл баланы апаратын. Тақымы жетімектің құтты болып, Құлагер қосқан сайын бәйге алатын. І.Жан. ~ Қай баланы мінгіземіз? — деді Нарғазы. — Аттарды «тым алыстан жібереді екен» деп жүр ғой. Көн терілеу бала болса жарар еді. — Ақылжанның өзі шапсын. Тақымы құтты, әрі Құдайторымен сыр мінез, әрі атқа жеңіл. К.Қаз. ~ Үстіндегі бала артына әлсін-әлсін қарай береді. Қара үзіп кеткеніне арқаланғандай. Нарғазы жылап жіберді, қуанғанда да адам көз жасын ұстай алмайды ғой. «Қолтығына біткен қанатыңнан, тақымы құтты Шелпегімнен» деп жылайды. К.Қаз.

Posted in

ТАҚЫМЫ ҚАТТЫ

Әлеуетті, мықты, қауқары мол.. ~ Қатыгез тағдыр кімді аяп еді? Бұның өзі де додаға тастаған лақтай әлдебір аты мықты, тақымы қатты тентектің қанжығасында бөктергіде кете баратындай қорқып, түптің түбінде басына төнер бір зауалды тосуда еді ғой; мектепте жүргенде тағдырының бір ұшы тарихтан сабақ беретін шыныкөз ағайдың қолында тұрғандай көрінді… Ә.Нұрп.

Posted in

ТАҚЫМЫ КЕППЕС (КЕППЕГЕН) ҰРЫ

Ұрлық-қарлық жасаудан бір тынбайтын кәнігі ұры. ~ Тақымы кеппес – ұры едің, Түн қатып жайыңа жүр едің. Қабанбайдан бұрын найзаңды. Қай жерде жауға тіредің?! Бұқар жырау. ~ Қонақ шал оларға көз қиығын тастап жымиып қояды; бұл өзі осы өңірге сонау колхоздасу тұсында келген кірме. Жасында тақымы терден кеппеген ұры бопты дейді. Анау-мынау кісінің аяғы жетпейтін қиян қашықта жатқан Қара-қалпақ, түркпен еліне қасына кісі ертпей, жалғыз жортыпты деседі. Ә.Нұрп.

Posted in

ТАҚЫМЫ КЕППЕДІ

Ат үстінен түспеді. ~ Ошаққа итініп отырам деп ойлап па. Ес білгелі тақымы кеппеген байғұс ат үстінде өлетін шығармын деуші еді. Көңілді көншітіп бір тоғайтпаған жайдақ тірліктің бір сәтте- ақ жаяу тастап кетуі боқтан оңай екен… Қ.Ысқ.