Ажалдай қорқынышты, суық, ызбарлы кейпін танытты, обырдай тиді. ~ Жалғыз жолбарыстың да әкесі нән еді. Тіпті жолбарысқа тажал болып тиген, оның жалпақ табанынан қалған мөрді жазбай танитын, сөйтіп ізге түсіп соғатын Келдібайға да шалдырмаған екен. Б.Қыд. ~ Жан алғыш, тажал болып жалаңдаған, Жабыңқы елдің күйі жаман болған Кездерде Әннің ғана арқасында, Осындай Бірлікпенен аман қалған. К.Шалқ. ~ Қашсам-дағы зілзала заманақыр Тажал болып төнер-ау маған ақыр. «Ей, жалған дүние» деп мысқыл жүзбен Күліп жатқан өлікке қара да тұр! Г.Дәу.
ТАҒЫСЫН ТАҒЫ (ТАҒЫЛАР)
Сол сияқты. ~ Вокзалдағы қоймаға шабаданымды тапсырып, буфетке бардым. Осы жолы бір тойған шығармын. Жұмыртқа мен ет, апельсин шырыны, кофе, тәтті тоқаш, тағысын тағылар. Дж.Сэл. ~ Тағдырды мейлінше бір қарғап-сілегісі келгені соншалық, бұдан арғы жерде ол "он екі әулие", "дөңге қаққан қазық" "Мүфтидің шешесі" тағысын тағыларды түгел сықпырта боқтады. В.Шук. ~ …Айта берсең, табылар Тағысын тағы, тағылар. Жігіттер, осы Шәмілдің Пәлсапасының жаны бар… М.Мақ.
ТАҒЫНАН ТҮСКЕНДЕЙ (ТАЙҒАНДАЙ) БОЛДЫ
Әлдебір биліктен айрылғандай күй кешті. ~ Семенның алып денесіне қарап, Бородинода ант бергендер де осы сияқты орыс батырлары-ау дейсің ішіңнен. Семен өлеңді оқып болды да, енді тағынан түсіп қалғандай, баяғы жұпыны қалпына көшіп, үнсіз ғана орнына барып отырды. Ғ.Мүс. ~ Трәктірден айырылса тағынан түскендей болады! Бүгіннен соң оның майы мен пензенін де мойнына жазам! Қ.Ысқ. ~ Әшейінде жатақханадан шыға қалсаң да, университеттен келе жатсаң да менмұндалап, сары ала тон киген патшаның суретіне ұқсап, үнемі қожырайып алдыңда тұратын шіркеу де жоқ, тағынан тайғандай, тасаланып қалыпты. Ә.Нұрш.
ТАҒЫНАН ТАЙЫП ҚАЛМАЙДЫ
Ештеңесі кетпейді д.м. ~ Әрине, алыс сапардан қайтқан әкесіне өзі келіп сәлем берсе, тағынан тайып қалмас еді. О.Сәрс.
ТАҒЫНАН ТАЙДЫРДЫ
Биік орнынан, билігінен айырды. ~ Өңкей озбыр айырды ма арыңнан, ақ лағым, не тайдырды тағыңнан?! Аяусыз сол додасынан жыртқыштың сөгілді-ау… сөгілді-ау қабырғаң! Г.Досж. ~ Қарақытайлар көсемі Елюй Даши Баласағұнды басып алып, Қарахандар әулетінің билеушісін тағынан тайдырды. БАҚ. ~ — Кеше сен наразылық танытқың келіп жүрген мемлекет басшысы орнынан түсіп қалған. Ұлтын сатқаны үшін халық көтеріліске шығып, тағынан тайдырды. М.Мәл.
ТАҒЛЫМ АЛДЫ
Өнеге алды, оқып-білді. ~ Не файда бір орыннан қозғалмайтын, Тазармас қарасу да жатқан ақпай. Артықтан тағлым алып, кемге үйретпей, Жүруің лайық па ғақыл таппай. М.Дул. ~ «Т.Әлімқұлов және қазақ прозасы» ат-ты көлемді де күрделі монографиясы мен «Әдебиет пен өнер», «Таным көкжиегі», «Семсер», өзге де өндіріп еңбектер жазған Қансейіт Әбдезұлының осы екі қаламгердің туындыларынан тағлым алып, талғамын түзегені танылып отырады. Г.Пір.
ТАҒЗЫМ ЕТТІ (ЖАСАДЫ)
Иіліп, қошемет-құрмет көрсетті. ~ Олар әуелі бақ ішінде үлкен тұт ағашының түбіндегі парсының масаты кілемі төселген көлеңке бастырманың астында монтиып-монтиып отырған үш кішкене баланың алдарына барып, тізелерін бүгіп тағзым етті. Ә.Кек. ~ Шыңғыс болсаң, өзіңе Шыңғыссың. Хан болсаң қайтейін, нан аттап ханға тағзым қылмайды біздің халық, мен халқымның нанын орып жатырмын,— дейді жігіт. Б.Нұрж. ~ Бір уақыттарда барып күтуші кемпір үсті-үстіне тағзым етіп, есікке қарай шегіншектей берді. Кемпір шығып кеткен соң да, бөлменің іші әлденеге бұлдырап тұрғандай көрінді. Ә.Кек. ~ Ей, малғұн!— дейді ызалы хан.— Мен Шыңғыспын. Ханға неге тағзым қылмайсың? Б.Нұрж.
ТАҒДЫРЫНА РИЗА
Өміріне, қол жеткізген жетістіктеріне көңілі толады д.м. * Сізді түсіне қоятын жандар аз… Сізді көп адам өз тағдырына риза жан деп ойлайды. Т.Әбд. * Қарасай сенімді түрде ұшатын бүркіттей қанатын қомдайды. Іздегенге – сұраған, мынадай тойдың үстінен түсірген тағдырына риза. Қ.Жиен.
ТАҒДЫРЫНА НАРАЗЫ
Өз болмысына, өміріне өкпелі. ~ Талмасы жиілеп әңкі-тәңкісі шыққан Данаш дағарадай үйде сорайып сопа басы ғана қалды. Тағдырына наразы тас қабақтау жігіт жора-жолдастан шола. Туыс деген айтарға. Ө.Кәр.
ТАҒДЫРЫНА МОЙЫНСАЛ БОЛМАДЫ
Мойын ұсынбады; тағдыр сынына қарсы тұра білді. * Қолға түскелі бері тағдырына мойынсал болмаған кербез ұлықты құлатып жыққан жерін айтпаймысың?! Ғ.Біл. * Тағдырына мойынсал болмаған, мөндібастанып үлгірмеген қияңқы таккаббарлық уыт төгіп, көбік шашады. Ғ.Біл.
