Жазғанның мойынға артқаны. ~ «Өмірін берген Құдайым, ажалын да беріпті. Тірлік арты өлмек-ті, сабырлық қылсақ керек- ті», — деп тағдырдың ісіне амалсыз мойынсұнып, қайғысын ақылына жеңдіріп, жанына уақыттық жұбаныш тапқан. Д.Рам. ~ Жаттықтырушысы Бағдат Кәменұлы бұл қайғылы оқиғаның тағдырдың ісі екенін, оның өзі үшін өмірін қиған Мейіржан үшін де өмір сүруі керектігін шәкіртіне тү-сін-діріп бақты. Н.Жаз. ~ Тағы да қазақтың ежелгі көнбістігіне салып: «Тағдырдың ісі шығар?!.» — деп, жылы жауып, жыл сайын жазда Қытайға емделуге келеміз… Қ.Ғабд.
ТАҒДЫРДЫҢ ЖАЗҒАНЫН (ЖАЗУЫН) КӨРДІ
Болған іске мойын ұсыну; пешенесінен көру; маңдайға жазылған тағдырға бас ию мағынасында. * Жәнібек Керей сұлтанмен іштей жер танысып, ақылдасып алғаннан кейін, ханмен бірге аңға шықпақ болды. «Тағдырдың жазғанын көріп алармын, — деді ол, — егер ажалың келсе, алтын сандық ішінде тығылып жатсаң да табады. І.Ес. * – Ақтай алдына салып айдағанынан- ақ безгенмін бұл жаннан, – деп тынды ақырында. – Артымда шулап қалар балам жоқ. Шешем мен кішкене інім тағдырдың жазғанын көрер! Т.Сәук. * Ал менің айтарым, өмірде жолым болып келеді. Тағдырдың жазуы шығар, қайда жүрсем де ылғи бір жақсы адамдарға кездесіп отырдым. Қ.Қайс. ~ Тағдырдың жазуы солай, жасарын жасап, асарын асап, бұл дүниені шайқап өткен Әбілпейіздің өліміне өкініш жоқ. Ш.Рах.
ТАҒДЫРДЫҢ ДЕГЕНІНЕ КӨНДІ
Тағдырға мойын ұсынды. * Үшінші сағатта: – Жеміс жұлғаным, менің Тағдырдың заңына көнгенім, – деген сөз шығарды. Төртінші сағатта: – Тағдырдың дегеніне көнбегенімнің өзі көнген болып шықты, – деді. А.Байт. * Естідіңдер ме, ағайын? — деді дауыстап Құлбаба көкілташ. — Енді сенетін кімдерің қалды? Одан да тағдырдың дегеніне көніп, өз еріктеріңмен беріліңдер! І.Ес. * Әйтпесе мұның жары Ақтан емес, осы Есімхан болатын-ақ реті бар еді. Олай болмады, өмір өз дегеніне көндіргені. Ө.Ахм.
ТАҒДЫРДЫҢ БАСҚА САЛҒАНЫ
Пешенесіне бұйырған тағдыр. ~ Жұкең аға ақтық аманатында: «Өкімет ұлттық аймақ орнатып беріп жатыр екен, сондағы қандастарыңның ортасына жетіп, өсесің бе, өшесің бе не көрсеңдер де тағдырдың басқа салғанын бірге көріңдер» деп өсиет айтқан соң біз де кешікпей көштің бетін бермен бұрдық. Ш.Рах.
ТАҒДЫРДЫҢ (ҚҰДАЙДЫҢ) ЗАУАЛЫ
Жасаған күнәсіне орай басына түскен ауыртпалық; құдайдың (тағдырдың) кәрі. * Аңдып жүріп қапысын тапқан тағдырдың зауалындай сезіп, мүлдем естен айрылып иманы ұшқан Аманбаевқа желке жүні күдірейіп, езуі ырсия жайылған ақ мысық сәт сайын зорайып, қанына қатқан қаһарлы жолбарысқа айналып бара жатқандай болды. Т.Сәу. * Бұл – Құдайдың бізге жіберген зауалы. Арамызда Алланың әмірін тәрк қылған біреу отыр. Содан құтылмай, бұл апаттан аман қалмаймыз, – деді. "Жүніс пайғ. қиссасы"
ТАҒДЫРҒА ТӘБДІЛ БОЛА МА?!
Жазғанның басқа салған тауқыметіне шыдамасқа амал жоқ д.м. ~ Кісіге сідет жүктетпей, Еңбекпен тапқан қоректі. Біреудің қылған қарызын Айтқызбай артық төлепті. Боямасыз ақ көңіл, Кірлетпей кетті жүректі. Ойламаған өлімнен Жасқанамын демек-ті. Тағдырға тәбділ бола ма. Абай. ~ Мұндай бақ қаламгер атаулының бәріне бірдей бұйыра бермейтіні белгілі. Біз осыны көрдік. Кеше ардақты ағамыз өмірден өтіпті. Абай айтқандай, тағдырға тәбділ бола ма?.. Б.Омар. ~ Иә, Өмірге құштар тұлғаның жазары да, айтары да көп еді. Молдабеков туралы кітап жазамын, Мен Дон Укпен кездесемін, Театр тарихы пәнін мектеп бағдарламасына енгіземін деп жүріп мезгілсіз дүниеден озды. Амал қанша? Тағдырға тәбділ бар ма?! М.Әбіл.
ТАҒДЫРҒА НАЛЫДЫ
Зар жылап, тағдырына өкпе айтты. ~ «Көз жасым таусылған шығар»,— деп ойлаған, жоқ, таусылмапты, тіпті көл-көсір көп екен, шын тиегі енді ағытылған сияқты: өзін жаратқан тағдырға налыды… С.Мұр. ~ Айша Құдайбергеннің ашуынан қорыққан жоқ, ауыр сөзіне ызаланған да жоқ, тек өз өміріне, өз тағдырына налыды. Т.Ах.
ТАҒДЫРҒА МОЙЫН ҰСЫНДЫ
* ХХ ғасырдың алғашқы жартысын еске түсіріңіз. Ақгвардияшыл қозғалыс сәтсіз¬дікке ұшырады, күйреді. Шетелдегі орыс эмиграциясы өз тағдырына мойынұсұнды. Т.Әсемқ. ~ Тағдырға мойьш ұсынбай, қайта оған қарсы күресу керек. Адам тағдырды жеңуге тиісті. Ә.Сәрс.
ТАҒДЫР ТҮЙІСТІРДІ
Кездесті, бас қосты, өмірлерін бір арнаға салды. ~ Елеусіз Лизаның жай-жапсарын ұзақ әңгімелеп отырды. Қараш екеуінің тағдыр түйістіретін кезеңі жетсе де, екі жарты, бір бүтін бола алмай жүргеніне түсінбейтінін айтқан. Т.Әл. ~ Біздерді тағдыр түйістірді. Бір шаңырақтың астында бірге түтін түтетіп жатқаннан кейін бізге қазақ пен қазақтың да, қазақ пен басқа отан- дасымыз арасындағы достық та өте қажет. Н.Дом. ~ Кейін Зәкеңмен тағдыр тағы да бір түйістірді. Әкемізді Жаңаарқаның Ленин колхозына басқармалыққа тағайындап, ауылда орыс мектебі болмағандықтан, мені 5 класта Зәкеңдікіне жатқызып оқытты. Б.Исм.
ТАҒДЫР ТҮЙІНІ
Жазмыштың басқа салғаны. ~ "Қилы-қилы заман болып, қарағай басын шортан шалғанда", "ұлы, қызы орысқа бодан болғанда, қайран ел есіл жүріп не болады", "не болады" деген ауыр сұрақ, ащы жұмбақ сол заманның барлық жақсысына тағдыр түйініндей кеселді түйін болған. Қалың қазақтың ішінен: "Не болады?" деген сұрақты ең алдымен өзіне қойған Асан. М.Әу.
