Белгілі бір жерге, нүктеге жетті. * Далиып жатқан жалпақ жапанның танабын тарылтып, жолды кейін қарай шақырымдап лақтырып, стансаның бергі жағындағы қоңыр бұйратқа табаны тез ілікті. Б.Алд.
ТАБАНЫ ЖЕРДЕН АЖЫРАМАДЫ
Байланысын үзген жоқ. ~ Адам жерден жаратылған. Және Адам Адам болғалы оның табаны жерден ажырамаған. Мегаполистер Адамды жерден ажыратты. Жерден ажырау Адамды бақытынан ажыратты. С.Ел.
ТАБАНЫ ЖЕРДЕ, ТӨБЕСІ КӨКТЕ
Көңілі шалқыды, масаттанды. ~ Әзиз-Сұлтанның көңілі шалқып, көзіне жас үйірілді: Табаны жерде, төбесі көкте. «Біз де еңсе көтерер ел екенбіз ғой!» деп тұр елжіреп. Т.Сәу.
ТАБАНЫ ЖЕРГЕ ТИМЕДІ
1. Зулады, жосыды, құстай ұшты. ~ «Айт, жануар, шүу!» — деді, Құбылып бурыл гуледі. Табаны жерге тимеді, Құлақтың түбі терледі, Тер шыққан сайын өрледі. А.Байт. "ҚҚҚ". ~ Жорғадан басқа мінбеді, Торқадан басқа кимеді. Табаны жерге тимеді, Маңдайы күнге күймеді. "Қамбар б." ~ Сатай айғайлаған сайын торы дөнен құлағын жымырып ап, оқтай зымырап келеді. Жолдың ой-шұңқыры білінер емес. Кішкене шананың табаны жерге тиер емес. С.Мұр. ~ Нөмірі он үшінші алып сары, шынында да, Бәкен үшін, Тайбурылдан бір де кем емес, жарықтық табаны жерге тимейтіні рас… Ә.Тар. 2. Көңілі көкке жетті.~ Үйлену тойы өткесін бұны оқу бітіріп келген жас маман деп желкілдетті де әкетті. Қошемет те, қолпаш та көбейіп, табаны жерге тимей бара жатты. Ә.Нұрп.
ТАБАНЫ ЖЕР ИІСКЕМЕДІ
Жаяу жүріп көрмеген, ерке бұлан д.м. ~ Табаны жерге тимеген, Маңдайы күнге күймеген, Тұлпардан өзгемінбеген, Құрмаласқан құдада, Құдаласқан досыма, Артығым кетті демеген. Мұрат Мөңкеұлы. ~ Табаны жерге тимеген, Мандайы күнге күймеген, Тұлпардан өзге мінбеген, Салқындыққа алқара күс тон киген, Салтанатқа салпы ерінді нар артып, Салқамдыққа жорғадан өзге мінбеген… Мұрат Мөңкеұлы. Зымырады, құстай ұшты, аяғы аяғына тимеді. ~ Аз жүрді ме, көп жүрді ме, білмейді. Аяғын сүйрете басып,ілбіп келе ме? Жоқ, бәлкім, табаны жер иіскемей үкідей ұшып келе жатқан шығар? – ол жағын бағамдайтын халде емес. Т.Сәу.
ТАБАНЫ ЖЕР ИІСКЕДІ
Жаяулатты, жер басып жүрді. ~ Абырой болғанда, Байшұбардың табаны жер иіскемей сып етіп қорғаң ішіне бір-ақ түсті ғой. А.Сей. ~ Бей жәннат жайлаудың тынысы – Дараның уысы, Өркешін бұлт шалып, табаны жер иіскеп, түйелер күйсейді сағымды. Бұлғынның көгінде айналып, жүрегім жүр ұшып, Таңбалы тастардан іздейді баяғы жоғалтқан балалық шағымды. С.Рах.
ТАБАНЫ БҮРСІЗ (ДӘТІ ӘЛСІЗ)
Шыдамы жоқ, қайратсыз. ~ Олардың да табаны бүрсіз, самал қайдан соқса, солай қарай мұрнын тосып тыныстайды, күн қайдан шықса, солай қарай аузын ашып шуақтайды, яғни пайдалы жаққа бетін бұрады, енді ісі түспейтін жаққа бөксесін бұрады. Т.Қож. * Бәлікім, адамзат тарихындағы бұлғақ кезеңдерде өзіне- өзі қол жұмсап, жұмбақ жағдайда өлетін ұлылардың осылай бар сенімінен жұрдай боп айырылып, жүрегі бос қара қуысқа ғана айналған байғұстар шығар. Қарапайым пенде табаны бүрсіз, дәті әлсіз менен не күттің?! Ж.Шағ.
ТАБАНСЫЗДЫҚ ТАНЫТТЫ
Әлдебір қиындыққа шыдамады, жалтарып кетті. ~ Оның үстіне, редакциялық өнеріміздің жетерлік болмауынан илеуі қанбай, олпы-солпы болып қалған жәйіттер жоқ деп тіпті де айта алмаймыз», — деп дүдәмал оймен табансыздық танытып, күдік күмәнға жол беруінің өзі біраз мәселені аңғартса керек. Ж.Шәк.~ Рас шығар, әйтпесе бекерден-бекер айтпайды ғой. — Бауырының көңілін демдеп қойды. Алайда өзінің арғы жағы сонда да табансыздық танытып, — жарақат қалай түскен? — деді. Ә.Ыб.
ТАБАННЫҢ БҰДЫРЫ (БҮРІ) КЕТТІ (ТАЙДЫ)
Күш-қайраты кеміді. * Ішік киіп, тон жамылып дегендей, былайғы күпигені болмаса, баяғы қайраты қайтыңқырап, табанның бұдыры кетіңкіреп қалғанын, әсіресе, биыл қыста айқын аңғарды. Ә.Асқ. * – Қайтейін енді… Кәрілік келіп, табанның бүрі кете бастаған соң, ата жұрттың топырағы бұйырса деп тілеп едім… Ә.Асқ. ~ Халықтың «асыраушысы» һәм «жөн сілтеушісі» партияның табанының бүрі тайған соң, осы аппараттағылардың көбіндей бұл да сан соқтырған сарсаңға тап болды. А.Жұм.
ТАБАНДАТҚАН (пәленше) ЖЫЛ БОЛДЫ (ӨТТІ)
Аттай пәленше жыл өтті д.м. ~ Ұмытпасам, бұдан табандатқан 14-15 жылдар бұрын болса керек: Қаржасбайдың аңыраған қонақ үйіңде жиырмаға тарта баланы алқа қотан отырғызып, Мәжит қожаның азан-қазан қып оқытып жататыны. Ж.Айм. * Ойлап қараса, бұл жерге келмегеніне табандатқан қырық жыл өткен екен. С.Ом. * Жас алып алпауыттың қолында табандатқан бір жыл тұрады. Межелі мезгіл жеткенде, келеді де: — Ал, бай, ақымды төле — үш рет тепкіз,— дейді. ҚЕ. * Табандатқан жетпіс жыл бойы орысшасы орығып тұрған Көкшетау қаласын соңғы бірер жылдың бедерінде ағылшын тіліндегі атаулар жайлап кетті. БАҚ.
