Орнынан бір табан қозғалмай сіресіп, қасарысты. * Сол кезде барлық аттылы-жаяу тұрған жиын байталдардың мойнында сүйретіліп жүрген арқандарға үштен, төрттен жабысып, табандап жатып алысты. Сүйтіп, соңғы қашағандар да тегіс ұсталды. М.Әу. * Айдың да кеткісі жоқ көк бетінен, Табандап жатып апты етпетінен. М.Мақ. * Кіріспесін қыздырмалатып-ақ алып кеткенмен, кірісер жердің өзіне келгенде қыр асуға мұршасы болмай, ентігіп қала береді. Қаламдары табандап жатып алады. Ғ.Қаб.
ТАБАНДАП (ТӨРТ ТАБАНДАП) ТҰРЫП АЛДЫ
Сіресті, орнынан қоөғалмады. * Қатерді мүлде үмытқан, тек қана алысуға, қарысуға, табандап тұрып салысуға тісін нық басып апты. М.Әу. * Әбден болдырған сияқты. Жетекке ілеспей, тартыншақтай береді, Аздан соң мойны сол жағына қарысып, табандап тұрды да қалды. М.Мағ. * … талай рет бұны жоғарылатып, қалаға көшіріп алмақ болғанда, талапсыз ынжық неме көпір аузында аяғын баспай табандап тұрып алатын тартыншақ түйедей, жеме-жемге келгенде жетекке ермей сорлатты. Ә.Нұрп. * Енді жетектегі ат ермей қиғылық салсын. Басын кекжите шайқап, төрт табандап тұрып алады. Т.Сәу.
ТАБАНДАҒЫ ТҰЯҚ
Сүйеніші, үміт артары д.м. ~ «Өлгенде аға көре алмай, Қолымнан сусын бере алмай, Арыздаспай, қоштаспай, Ажалың жеттіау алыста-ай» — деп алдыңнан шығады -ау, Жалғыз інім Сансызбай. Қанатымда қияғым, Табанымда тұяғым. Жазылмас жерден ауырдым, Емшіні қайдан табамын. "Қыз Жібек" ~ Алысқа қиялар қаршыға көз төңірегін ғана ториды. Аңдығаны — өз іргесі. Бірі табандағы тұяқтай ата- баба даңқын түптесе, бірі тегеуріні төрт елі барлығы мен батырлығын діттейді. С.См
ТАБАНҒА ТҮСТІ
Құлдыққа түсті. * Аузымыздан жазып, арамызға алалық кірер болса, тағы да табанға түсіп, бөтеннің боданында қаламыз» — дескен-ді. Сол қақсау әлі қақсау! Ә.Кек.
ТАБАНҒА ТАПТАДЫ
Қорлады, езіп-жаншыды, озбырлық жасады. ~ Есенгелді (бұлқынып). Кездесерсің әлі де! Бір большевиктің орнына жүзіңді, ана ақсақалдарың мен мына сайқалдарыңды жалпақ табанға таптармыз әлі!.. Б.Майл. * — Бұл не деген сұмдық! Уәли тұрмақ, Құдай болсаң да, бетіңе айтайын. Ата салтыңды, дініңді табанға таптайтын кім едің сен?! Қазақтың шалдарын қырып тастап па едің?! — деген-ді. Т.Рыск. ~ Сұңқардың сорын қорғаңдар, Сұңқар екенін білгесін. Тарыға тойған торғайлар, Табанға таптап жүрмесін. Бауыр.Үс.
ТАБАНҒА САЛДЫ
Тұқыртты, өктемдік қылды, тізесін батырды, құлдыққа салды. ~ Бұзық болу былай тұрсын, елдегі жетім-жесір, кем-кетіктің жайын айтып тақылдаған сол емес пе? "Малай-батырақ — күш сендерде, сендер біріксеңдер, әрі қоссаңдар, байларды табанға салу оңай!" демеп пе еді?! Б.Майл. ~ Табанға салды. Талауға түсірді. Тазы қуған түлкі етті. Күлкі етті. Қаратауға Сүйеніп жылап ем — Қайғымнан! — Қаратау шөгіп кетті. Алтай тауға Сүйеніп жылап ем — Қасіретімнен! — Алтай таудың мұңзары Кеудесін керіп кетті. Т.Мед.
ТАБАН ТОЗДЫРДЫ
Жүре-жүре, (бір жерге бара-бара) шаршады, әбден мезі болды. * «Азаматшалар» жүре-жүре табандарын тоздырды. Б.Майл. * Жан бағу, бала-шаға, отбасын асырау қамымен төрт жыл табан тоздырып, нан іздеп қаңғырғанын ешкім көзге ілген де жоқ. Ж.Баб. * Ең өкініштісі сол – жекелеген жинақтарыңның табан тоздырумен, жүйке жұқартумен ауық- ауық жарық көргені болмаса, көзің тірісінде оқырманыңа қаншама рет мазмұнын түзіп, сарыла күткен бірде- бір қомақты жинағың жарық көрмеді. Е.Әлімқ.
ТАБАН ТІРЕСТІ
Бір-біріне беріспеді, арпалысты. ~ Үй ішінің тіршілігінде табан тіресе ұстасқан әйел, еркектен әлдеқайда күшті екен. Өйтпегенде ше?.. «Қапқа түскен қатындікі» дегендей, үйге кірген игіліктің иесі түгелімен әйелдікі емес пе? С.Мұқ. ~ Екі есе байыған, екі есе күшейген адам теңбе-теңдік қалыпты бұзбай отыра алар ма? Бүгінгі досыңды ертеңгі жауым деп санау керек. Заманыңның, құлқы солай. Сонымен болыс-билер Ұлпанның байлығын біріне бірі қимай табан тіресіп отыра берді. Ғ.Мүс. ~ Бір адым ілгері, бір адым кейін басып, табан тірескенімізге міне бір ай болды. Ғ.Мүс.
ТАБАН ТІРЕРЛІК (ТІРЕР)
Қолдау боларлық, дем беріп, қорғайтын; сенім артар. * Бет-ауызы да, өзі де, сөзі де жып-жылмағай; қолға ілінерлік, табан тірерлік, түк кедергісі жоқ, жылтыр мұздың үстінде тұрған кісідей болды. Ж.Айм. ~ Атын сауырлап, омыраулап одан әрі ойысып кетуге оқталған қарт табан тірерлік тиянақ жоқта қолынан ештеңе келмейтінін түсініп, тістеніп алды. Б.Ыб. * Әйтеуір екеуі тіршіліктен табан тірер тұрлау іздеп тауып үлгермеген үлпілдек шақта құмар-қызық дәурен сүріп, тіпті атааналарын құдалық жолдан дәметлі еткені бар. О.Сәрс. * … күш көрсетсең, губернаторға дейін барып өш алмай қоймас еді. Қазір дәл басып табан тірер тиянағы болмаған соң ғана мыстары құрып отырған жоқ па. С.Жүн.
ТАБАН ТІРЕДІ
Белгілі бір байламға келіп, соны ұстанды; шыдас берді, өз жолынан қайтпады. ~ Өз теңімнің ішінде Айтулыердің бірі едім. Жолбарыс қандай азулы аң, Тар тоғайда жолығып, Оған да табан тіредім. "Қамбар б." * «Өз қолыммен істеп жатқан жоқпын ғой, мейлі. Басқаға тоқтау салу міндетім емес» деді өзін алдарқатып. Тақуа боп, тәубаға келгеннен бергі табан тіреген философиясы. Т.Сәу. * Тек тәуекелге табан тіреген адамдарда ғана болатын тағдырдың салғанын сабырмен күткен шыдам бар. Ә.Нұрп. * Ал үстіндегі иесінің көңілі әлем-жәлем. Едіге өзін-өзі тежей алмай, өзінің өрт шарпыған сезімін үзілдікесілді тыйып тастап, мықтап бір байламға табан тірей алмай, пәрменде хал кешіп келеді. Ш.Айт. Келіп тоқтады, бас сұқты, қоныстанды, жайғасты, орнықты. * Жақсы ит өлігін көрсетпейді, өзімебұйырған ит тіршілікті итшілеп жүріп өткізермін әйтеуір деп жолдағы бөтен совхозға табан тіредім. Д.Досж. * Теміржол керуенсарайына кім келіп, кім кетпеген?! Сіз де, менің ойшыл оқырманым, дәм тартса келесіз бір. Сонда көресіз: ерсілі-қарсылы ағылған жұртты әр заманда, жылдың әр мезгілінде осында бас сұғып, табан тіреген әріптестерім деп ойлаңыз. С.Сағ. Табандылық танытты, қорған болды; қарсы тұра алды. * Ер басына күн туып, істі болғанда, серілікпен күнкешкен ақын табан тіреп барар адам табылмағанына, ұлықтардан бір жанашыры жоқтығына жаңа көзі жетіп, қатты налыды. С.Жүн. * Әйткенмен екі-үш айдан соң немістердің екпіні бәсең тартқандай. Қызыл Армия табан тіреп соғысып, жауға тойтарыс беріп, кейбір тұста шабуылға шыға бастады. Т.Сәу.
