Home » Page 260
Posted in

ТАБАН ТАЙДЫРДЫ

Орнын ауыстырды, қашты. ~ Ұлықтар сайлау жасай алмайтыны айдан айқын еді. Енді бөгелместен табан тайдырып, Семейге қарай жөнелу қажет. Тентек-ояздың соңғы Ояздық ықтияры сол ғана болды. М.Әу.

Posted in

ТАБАН СЕРЕ

Қазақы өлшем. ~ Жылқының қазысын өлшегенде пышақ сырты, қыл елі, жарты елі, шынашақ, бір елі, бармақ елі, екі елі, үш елі, төрт елі, сынық сүйем, табан сере деп талдайды. Қ.Сар. ~ Қазының да өлшемі бар. Әрине, сыртына қарап арық- семізін анықтаған ата-баба бірден қазы өлшемін дөп басып бағамдамаған болса керек. Десек те, шынтақ, елі, бармақ, екі елі, үш елі, сере (табан) деген қазыларды ажырата алған. Бүгінгінің көп жұрты осы бір өлшемдерді білмей, не шатастырып жаңылып жатады. Бұл өлшем адам саусақтарымен өлшенеді. Мысалы ең кішкентай саусақ шынашақ – «шынтақ қазы», сұқ саусағыңыз – «елі», бас бармақ – «бар-мақты», сұқ саусақ пен ортаншы сау-сақ – «екі елі», үш саусақ – «үш елі», төрт саусақ бірдей болса ол – «сере», яғни, «табан» қазы. Ж.Аман. (Ortalyq.kz)

Posted in

ТАБАН ҚАРЫС

Қазақи өлшем бірлігі, көбінесе "әжептәуір үлкен, жуан" д.м. қолданылады. ~ Және оның денесі түгел май. Майының қалыңдығы табан қарыс болады. Сүйегіне жабысқан бір елі ғана еті бар. Сол етінен сүйегін сылып тастағанда отыз-қырық кило май береді. С.Мұқ. ~ Осынша безендіруге бойы қысқарақ болар дегендей, аяғыма өкшесі табан қарыс шоңқайма етік тіктірді. С.Мұқ. ~ Басы да адамзаттың зоры жалпы жобасы үрген қарындай дерлік ол басқа біткен қалқан құлақтар, табан қарыс көздері піл сияқты, сығыр, мұрыны тары түйетін келідей жалпиған аузын төңіректеген еріндері бір-бір кесек ет, түбіттенгелі ұстара тигізбеген қара бұйра қалық сақалы, бетінің мұрнынан басқа жерін түгел жауып, төсіне өскен түгімен тұтасып кеткен. С.Мұқ.

Posted in

ТАБАН ЖОЛЫНАН ТАЙМАДЫ

Алған бетінен қайтпады. ~ Қылмыскер деген екен, демек тек қылмыскер деп дәлелдеу керек, басқаша байлам – болашағыңа қойылған крест. Сондықтан табан жолынан таймайтын өлермен тергеуші өзі алдын ала кесіп-пішіп алған жорамалын дәлелдеу үшін айыпкерін қия бастырмай қақпайлап қуды да отырды. Т.Сәу

Posted in

ТАБАН ЖОЛЫНА МЫҚТЫ

Алған бағытынан таймайтын адам туралы. ~ Бұлар Амантайдікіне түсіп, келген жұмысын айтты. Амантай момын шаруа болғанмен де намыскер, табан жолына мықты кісі еді. С.Көб.

Posted in

ТАБАН ЖОЛЫН ТАПТЫ (ТАППАДЫ)

Барар бағытын тапты, жолынан адаспады (адасты) д.м. ~ Оған мен қарсы болмас ем, егер табан жолымызды таба алатын болсақ!.. Дала көрдей қараңғы!..Түк көрінбейді!.. Жердің миы шыққан саз!.. Аяқты қия басып болмайды… С.Мұқ. ~ Өмір деген осы: біреу табан жолын таппай қырға қарап меңірейді, келесі кісі қашан еңіске түсемін деп ылдиға өңмеңдейді. Д.Дос. ~ Сонда сіздер не ұстайсыздар терезеге? – Кенеп сияқты тозған шүберектен. – Одан да сәуле түсе ме? – Табан жолды табу да, әйтпесе, жарық боп не оңдырады дейсіз. С.Мұқ.

Posted in

ТАБАН ЖОЛҒА ТҮСКЕН ЖОРҒАДАЙ

Үйреншікті, ежелден таныс жолға түскендей болды. ~ Япыр–ай, неге састым? Көкірегімде сайрап тұрған нәрсені жеткізе алмағаным нем? Ал мына Мәсектер табан жолға түскен жорғадай бір мүдірген жоқ, қисынсыздың өзін қиыстырып өте шықты. Н.Сер.

Posted in

ТАБАН ЖОЛ

Сүрлеу, соқпақ, аяқ басатын жер. ~ Атына Қоблан мініпті, Тайбурылды тайдырмай, Табан жолға салады. Артық туған Қобланды Таң атқанша шабады. А.Байт. "ҚҚҚ". ~— «Терезе» дейтін терезе жоқ, — деді Курагин. — Шыны біздің қолға түспейді. Ауылдағы кедей қазақтар шыны орнына қойдың бүршігінен аршылған қарнын кереді. Біздің балықшылар еш уақытта қой соймайды, сондықтан қарын да жоқ. — Сонда сіздер не ұстайсыздар терезеге? — Кенеп сияқты тозған шүберектен. — Одан да сәуле түсе ме? — Табан жолды табу да, әйтпесе, жарық боп не оңдырады дейсіз. С.Мұқ. ~ Жарманы кесіп өтетін табан жол, көпір көзге айқын шалынды. Н.Сер. ~ Қайрақтай сары табан жолдан шығып кеткен аттар екпінмен омыраулап, тізеден келетін май сазды бауырдай тіліп, өзеннің арғы бетіне қарап ұмтыла берді. Х.Ес. ~ Ылжырап жатқан батпақ көшемен елең– алаңда бір адам өтетінін, содан кейін қалған жұрт соның ізімен жүріп, таптай– таптай табан жол жасайтынын Бураш келе– келе түсінер… Ә.Тар.

Posted in

ТАБАН ЖАЛТЫРАТТЫ

Кетіп қалды; тайып тұрды. * — Енді өзіңіз қайтесіз? — Біз де қырға қашқалы отырмыз. — Мен делегаттармен қайтқалы тұрмын,— деп қош айтысып, табан жалтыратты. Ж.Айм. * Қысқасы, аз сөйлеп, көп істеп, тезірек табан жалтыратқан жөн. Мұрындарына су жетпей отырған қыздар қиқақты көтермейді, сөзбен, қабақпен болсын, аямай жасқап жібереді. М.Қабан. * Тезірек кетпесек болмас, Омарғазы бәрі-бір тауып алады бізді, тезірек табан жалтыратпасақ … Ш.Құм.