Home » Page 261
Posted in

ТАБАН ЖАЗБАДЫ

Қалпын сақтады, қозғалмады. ~ Руымнан оза шыққан кісіні тауып, қолына су құйып, неге ғана ықтамаймын? Осы қазақ 21 ғасырдың алғашқы жартысында баяғы ру–ру, жік–жікке бөлініп, ата қуып текетіресуден еш табан жазбай келеді. Д.Дос.

Posted in

ТАБАН ЕТ, МАҢДАЙ ТЕРІМЕН

Адал еңбегі, тартқан бейнетінің жемісі ретінде. ~ «Алтыбай қатынын тойдырып, семіртіп жүріп, өзі арықтап титықтап өледі. Жас қатыны Алтыбайдың табан ет, маңдай терімен семіріп, Алтыбайды өлтіріп, күліп-ойнап екінші байға тиіп кетті» деп жазыпты. Бұл бір. С.Сей. ~ Қанша пысық болса да ақ көңіл,аңғалақ. Арамдықты білмейді. Қулыққа жоқ. Табен ет, маңдай терімен тапқан-таянғанын беріп алған қатыны өлген. С.Сей. ~ Биліктің адамды қызықтырып, құнықтырып отыратын қасиеті осында, өз қарауына берілген елді ұшпаққа шығару емес, солардың байлығымен, табан ет, маңдай терімен өз басы ұшпаққа жетіп алу үшін ұмтылады. Ғ.Біл.

Posted in

ТАБАН ЕТ, МАҢДАЙ ТЕРДІҢ ҚҰНЫ

Адал еңбегінің, жатпай-тұрмай көрген бейнетінің өтемі. * Туған ауыл, ел-жұртын емешегі үзіліп сағынғандықтан емес (қайбір екі туып, бір қалғаны бар), жыл бойғы табан ет, маңдай тердің құнын шығарып, ұшы-қиыры таусылмас шаруасының шалғайын қайыру үшін етектегі елге – Үлкен Жерге асығатын. О.Бөк. ~ Мен оларға: «Мен де Моңғол елінің азаматымын. Табан ет, маңдай теріммен тірнектеп жиған азғана малымды осы елден шығарып алып кеткелі жүрген жоқпын. Өзім бағыпқағамын. Ш.Рах.

Posted in

ТАБАН ЕЛІ

Қазақтың дәстүрлі қалыңдық өлшемі, табанның қалыңдығындай д.м.~ Етігіміз де сықыр-сықыр етеді. Ұлтандары табан елі, Берлинге дейін аяңдасаң да шыдайтындай көрінеді. Осы етікпен Берлинге жетерміз деген ой кейде шын-ақ келіп қалады. Ғ.Мүс. ~ Үстіне таза кисе, «сәндендің» деп, Демалса, «бой күйез боп пәлдендің» деп, Жасынан «салды балақ, салақ қатын» Атанып күнелтеді «әлдекім» боп. Бір сәрі сонда күйеу болса теңі, Не кәрі, не өмірдің ол бір кемі Боп шықса, мойнына масыл дағы, Сорының болғаны да табан елі. С.Мұқ. ~ Өзгелер сатыр-күтір жүкті алып-салып жүргенде мен жүгі ауған жаман түйедей жолда жатамын… Мәмбетпен екеуміз бір пәтерде тұрамыз. Табан елі қазы түсетін биелер базарда он үш, он үш жарым сом. І.Жанс. ~ Ал былай қарағанда әп-әдемі, құдды сурет сияқты. Қазысы да табан елі, жаяның сыртындағы қыртыс тайдың қазысындай. Қартадағы майдың қалыңдығы сондай, тіпті бармағың батпайды. Өткенде сондай бір ет бұйырды. Сұлбасына сүйсінгенімізбен, дәмсіз болған соң қарбытып қаужаңдай алмадық. Б.Байәд.

Posted in

ТАБАН БЕКІТТІ

Тоқтады, тұрақтады. * – Енді болары болған,– деді кейбір ара төрешілер,– Амантай мойнына алып қойса, танғанмен оны тандырмайды. Олай болса тәуекел деп осы сөзге табан бекітіңдер. С.Мұқ.

Posted in

ТАБАН АЯҚ

Азғана, мардымсыз, жетер-жетпес. ~ Бас көтерер ер азаматтың бәрі майданға кетіп, мына жадағай қалған табан аяқ ауылда дәл осындай бригадир болып кім істей алады? С.Шайм. ~ − Екеуіңнің жолдарыңның қандай болатынын қазір көреміз, енді, — дейді бізге бұрылып қойып. — Егер тұзаққа кекілік түссе, ауыздарыңның салымы бар болғаны, түспесе, екеуіңнің де табан аяқ қу болғаның. Онда екеуіңді де қамшының астына алам, — деп күлді. С.Мұр.

Posted in

ТАБАН АУЗЫНДА

Заматта, сол сәтте. ~ Жұмбақ айтысында да мазмұн жағынан жаттандылық аздап кездескенімен, түр жағына келгенде өткен оқиғаларды қайталау көп қолданылмайды. Себебі жұмбақпен берген сұрау ойда жоқ жерде кенеттен қойылады да, оған іркілмей, табан аузында жауап беру қажет болады. С.Мұқ. * Құдық белуардан шүпілдеген су. Басы төмен түскен өгіз табан аузында тұншығады. Жалғыз өгіз! Ол өлсе қайтпек? С.Мұқ

Posted in

ТАБАН АУДАРМАДЫ

Бір орнынан қозғалмады, тапжылмады, бағытынан таймады. ~ Жиырма-отыз қаптан бір өлшеген таразының басынан Сырбай табан аударған жоқ. Шығым мөлшері қырық центнерден асқан соң-ақ, Сырбайдың жүрегі қуаныштан тулай бастады… С.Мұқ. * Бәріміз іштен тынып, ұйып тыңдадық. З.Қаб. ~ Сол күні пошташының түйесіне мінгесіп, бір табан жақын ғой деген оймен, ойдағы Жарбөгетке жетіп қалды. М.Мағ. * Қашан боссыңдар дегенше Суықсайдан табан аудармаңдар. Жолдарың болсын! М.Қаб. * Игілік аулының жұтқа ұшырап, толысы шайқалғаны бір биыл емес. Сонда да ата қоныстан табан аударып, Сырдың бойын сағалаған кезі жоқ-ты. З.Шүк. * Жексенбі күні үйде табан аудармай отырып, жазғанымды жақсылап көшіріп шықтым. Ә.Нұрш.

Posted in

ТАБАН АУДАРДЫ (АУДЫ)

Басқа жерге көшті, тұрған жерін ауыстырды. ~ Ендеше ойда жоқта ата қоныстан табан аударып, орман шаруашылығы мекемесінің қызметін қайыра тапсырып, азынаған тас жол бойына көшуі де тағдыр бұйрығы секілді. Д.Дос. ~ Несіне жетісесің, сақ-сақ күліп, Сайтанның сапалағы – сағыр-балам?! Тағыңнан дұрыс болар – табан ауып, Қағыңнан жеріп, босқа қағынбаған». Б.Қос.

Posted in

ТАБАН АСТЫНДАҒЫ

Осы тұрған жеріндегі, жақын маңдағы. ~ Ақырында машина ыңырсып жон басына шыққан кабинада селкілдеп келе жатқан Жетібас кемсеңдеп көзіне ыстық жас үйірді. Онысын жанындағы Ақбатаға білдіргісі келмей қиыс отырып табан астындағы еңіске тігілген. Д.Дос.