Home » Page 262
Posted in

ТАБАН АСТЫНДА (АСТЫНАН, АРАСЫНДА)

Оқыстан; күтпеген жерден; аяқ астынан; кенет. * – Ой, ойнауын сен ойнадың-ау, ұялауын мен ұялдым ғой, – депті жұлып алғандай, табан астынан тауып сөйлейтін шешен режиссер. Ә.Сығ. * «Тоқта! Қайт кейін!» Табан астында былайғы ойдың бәрін белден омырып, көңіліне ұялай қалған осы бір оқыс бұйрық көмейіне кептеліп тұрып қалғандай. Ә.Кек. * Көзіңізден ештеңені оқытпадыңыз. Оқи алмағам. Ерініп отырғандайсыз. Табан астынан жыным қозып, қырсығым қабындады. М.Байғ. * Шартықбайдың күрік болған шұбар тауығы қанша жұмыртқа басып жатыр? Мүдірмей, табан арасында оны да айтып береді. С.Сағ.

Posted in

ТАБАН АҢДЫСТЫ

Бір-бірінің басқан ізін аңдып, жауласты. ~ Ерегіскен дұшпанның, Екі талай болғанда, Азыққа етін жеп едім! Хан баласы ақсүйек Ежелден табан аңдысқан Ата дұшпан сен едің. Ата жауың мен едім. Махамб.

Posted in

ТАБАН АҚЫ, МАҢДАЙ ТЕРІМЕН КЕЛДІ (ЖАСАЛДЫ, КҮНЕЛТТІ, ТАПТЫ, ҚҰРАЛДЫ)

Адал еңбекпен келген табысы, ауыр бейнеттің зейнеті. ~ — Адам баласы…. табан еті, маңдай терімен күнелткен таза жолдан шыға жайылды. Еңбексіз мал тапқысы келеді. Бұрынғылар өз табан ет, маңдай теріне жалынған… А.Байт. ~ Мәдениеттің, ғылымның, тәжірибенің қай саласын алсаңыз да сансыз адамның «табан ақы, маңдай терімен жасалғалы» мәлім. С.Мұқ. ~ Біреудің малын біреу тартып алып жатқан жоқ, біреудің жеке меншігіне қол сұғушылар да көрінбейді, бар байлық табан ақы, маңдай термен келді емес пе? Б.Тоғ. ~ Біздің үйдің іші қартайған Имаш бабамнан бастап, есін енді- енді біліп келе жатқан баласына дейін жеген нанын табан ақы, маңдай терімен тапқан. Б.Мом. ~ Дәм татып, отымыздың басын көріп, дидарыңды көрсеткеніңе рахмет. Табан ақы, маңдай терімен Төре ауылының сарқытынан құралып өсіп-өнген малымыз мына далада жайылып жатқан. С.Бег. ~ Кім өзінің табан ақы, маңдай терімен тапқан малын, астығын құр-бекер бере салады?! Б.Тоғ.

Posted in

ТАБАЛДЫРЫҒЫН ТОЗДЫРДЫ

Біреуге не бір мекемеге қайта-қайта бас сұғып, мезі қылды. * Қазіргі жылы кездің әр күнін пайдаланып, іс тындырудың орнына өзімнің мазам кетіп, өзгелерді қоса мазалап, кеңсе — кеңсенің табалдырығын тоздырып, уақытымды текке өлтіріп, сандалумен жүргенмін. Б.Соқп. * — Ғалия мен Гүлбаршын бой жетті. Кәзір қолыңда болғанмен жат жұрттық екенін білесің. Қыз айттырушылардың алды табалдырығыңды тоздыра бастады. О.Көш. * — Ә, онда баспаға қолыңды бір сілте де, кел, машинаға мін. Баспа ешқайда қашпайды. Ғұмыр бойы осының табалдырығын тоздырып өтесің, ертең де үлгересің. М.Қаб.

Posted in

ТАБАЛДЫРЫҒЫН АТТАДЫ

Үйге кірді, ішке енді. * — Бұдан былай біз көріспейміз, Беке! Фильм түсіресің бе, жүк тасисың ба, есектіңартын жуып, мал табасың ба, қайтсең өйт, тәтеңнің аз пенсиясына көз сатып, алақан жайғаныңды қойған күні ғана менің табалдырығымды атта! Оған дейін менің есігім сен үшін тас жабық, — деді. М.Қаб. * Еркінен тыс бір тылсым күш жетелеп әкелгендей. Табалдырықтан аттағаны сол еді, алдынан ақша бет, аққу мойын, әдемі бойжеткен сылаңдап шыға келді. Д.Рам. * Анадан туған осы күнгі нәрестедей, мен де алғаш дүние табалдырығын аттағанымда — жылағам. Т.Берд. Әлдебір межеден аттап өтті, жаңа бағытқа бет алды. * Өңшең жалшы бас қосып, жуырда ғана ел болды.Колхоздасып, жаңа өмірдің табалдырығын аттады… Т.Берд. ~ . Өндіріс іргелері бой көтеріп, жұмысшы тобы күлтеленіп, әсіресе жас жалынды қауымның басы қосылуы, жаңалықтың жарқын табалдырығын аттағандай еді. С.Бег.

Posted in

ТАБАҚТАС БОЛДЫ

Бір дастарқаннан дәм татысты. * Бұрын-соңды ондайлармен табақтас болмақ түгілі, ондай дәурен ойына кіріп көрмеген Итжемес ханның қосынан бір-ақ шыққанын білгенде қақалмағанда қайтсін! Ә.Кек. * Мен не қадірімді асырып келіппін мұнда? Пайғамбардың құттыхана мешітіне келіп, өзімен табақтас болу үш ұйықтасам түсіме кіріп пе еді менің? З.Қаб. * Қап-қара еріні дүрдиіп, бүлдек иттен айнымай қалыпты. Табақтас болуға татымайды-ақ. С.Дос. * Шөке қамшының сабындай қысқа өмірін еліне арнаған ерлігін шынымен абырой сезіп, талай дабыралы жиынның төрінде отырып, не бір қасқа мен жайсаңдардың тізесін басып сөйлесіп, табақтас болып өмірін өткізе берді. Б.Жұмаб.

Posted in

ТАБАҚ ТАРТТЫ

Қонақ алдына табақпен ас әкелді. ~ Қонақтарға шай, қымыз беріп, табақ тартысып, жерошақ маңында болып, жүгіріп жүріп қызмет еткен Асан ара-тұра ірге тыңдаушылардың да сөзіне қатынасып қойды. С.Мұқ. ~ Бұрын отырған ауыл адамдары жанына келіп қонған ауылды жабыла қарсы алып, «қоныс жайлы болсын» айтып, олардың жүгін түсірісіп, үйін тігісетін болған. Одан соң жаңа үйге «ерулік» деп ас пісіріп табақ тартады. С.Досж. Үлесін берді. ~ Қазаққа жер кесілгенде ауылға, ұлысқа, руға, өздерінің тілегіне қарай табақ бір тартылсын. Ә.Бөк.

Posted in

ТАБА БОЛДЫ

Ұятқа қалды, жұрттың мазағына айналды. * Табаласа, табаласын… Ақылың жетіп тұрған жерге дәрменің жетпей тұрса, таба болмағанда қайтпексің! Ә.Кек. * Қызбалтай сансыраса да сыр бермеуге тырысты. Әбжалға таба болмауды ойлады. Н.Дәу. * — Обал?! – Ол тыз ете қалды. — Сөзінің сиқын… «Обалдарына мен қалдым» деп ойламайсың ба? Жұртқа таба болған талайына араша түсе алар едің ғой. С.Әбік.

Posted in

СЫТЫЛЫП ШЫҚТЫ

Жылыстап шығып, бойын алыстатты. ~ Қалмай қапталдасып отыратын совхоздың сары егістінен сытылып шыққан соң, тоқтағаны — атақты Батпаққара сазы. Жайқалған қалың қияқ, бидайық белуардан. Б.Ыб. ~ Бәйтен Хадишаны құшақтаған күйі, үстіндегі адамдарды итере — митере, топтың арасынан сытылып шықты.. Т.Әбд. ~ Балбөпенің құшағынан сытылып шығып бір аунап, ес жиды. Дәл сол сәт ыстық ерні бет шарпып жақындаған келіншектің маңдайынан ұстай алды. С.Смат.