Home » Page 267
Posted in

СЫРҚЫНДЫ СҰМ (ҚУ)

Тісқаққан, тәжірибелі ұры. ~ Ожарға Қабансаймен кеп кіргеніне қарағанда, әдейі қиын шыңдарға батып, жоғалайын деп келген ғой. Әй кәпір, жер білетін, сырқынды сұмдар-ау. Немесе сондай жершілі-басшысы бар топ-ау. Осы өңірден шыққан біреу не қылса да бар-ау", — деп түрлі қисынды жайды топшылап тұр еді. М.Әу. ~ Бәрі де ойдағы егінші, еңбекші момын ел Уақты қыста, жазда талай торып, бар қонысынан мал қуып әкетіп жүрген сырқынды қулар. М.Әу.

Posted in

СЫРДЫҢ СУЫ СИРАҒЫНАН КЕЛМЕЙДІ

Мән бермеу; елемеу; қиындыққа санамау; менсінбеу туралы. * Батырға Сырдың суы сирағынан келмейді, Қорқаққа батпақ та кедергі, шалшық та бөгет. Б.Мом. * Жылқы атасы керқұлан, жылқы аяқты мал, арқасына бір қонсаң, аруақ жебейді, құстай ұшып, желдей есесің. Сырдың суы сол сәт сирағыңнан келмейді, ұлым. А.Кем. * Жаңбырдан қашқандар: — Той басталмай жатып мас болған мынау кім? — Сырдың суы сирағынан келмейді-ау өзінің? — деп күлісті. Ш.Мұрт. * Содан ба, тез масайып, «Сырдың суы сирағынан келмейтін» дәрежеде жүрді. Ақтотыдан басқа жан көзіне ілмеді. Қыз да кет әрі емес сияқты. Осындай үміт пен сенім үстінде ғашығына хат жазып, қардай ақ қағазға қандай қызыл сиямен жүрек сырын бүкпесіз ақтарды. З.Қыст.

Posted in

СЫРДЫҢ СУЫ ЖҰЛЫҒЫНАН КЕЛМЕЙДІ

Уайым-қайғысыз, алаңсыз, қамсыз жүру туралы. ~ Шекер "Сырдың суын жұлығынан келтірмей" жүрсе де, енді ойланбасқа болмады. Ж.Айм. ~ Жұртқа жағар ер жігіт қылығынан, Сілтегенім кеткен жоқ құрығымнан; Анталаған сан дұшпан қамаса да, Сырдың суы келмейді жұлығымнан. Балуан Шолақ. ~ Етіктің бөлшектері: бас, қоныш, бас пен қоныш арасы белтір, табанын — ұлтан, ұлтан мен бастың ұштасқан жерін жұлық деп атаған. «Жұлық жалаған жарымайды» деген мақалға қарағанда, оны тігу ақысы мардымсыз болғанға ұқсайды. Балуан Шолақтың: Қамалап қанша дұшпан тұрса-дағы, Келмейді Сырдың суы жұлығымнан, — дегендегі жұлық та осы. Аяқ киімнің ішіне төсейтінді «ұлтарақ» дейді. Артқы жер басатын жағы — өкше, Ұлтан мен ұлтарақ арасына қайыңның қабығынан астар жасайды. Өкшеге де солай етеді. С.Мұқ.

Posted in

СЫРДАН СЫҢАР АЯҚ ӨТТІ

Талайды көрген әккі қу деген мағынада. * Сырдан сыңар аяқ өткен, құла ауыз билері, нөкерлері тілдің майын ағызып, қанын тамызып, әңгіменің иін әбден қандырып, пісіріп, түсіріп әкеліп, «тоқ етерін» байға естіртеді. Бай не мақұлдайды, не өз картасына келтіреді. Ж.Айм. ~ Бірден есін жиды. «Дүние жаман-ау, қаһарын төккен патшаның да иін жұмсартып жібереді. Сырдан сығанақ (сыңар аяқ? Б.К.) өткен қулардың ортасында сыр бермейтін басым, тәттіге көзін сатқан жетім баладай телміріп, арбалып қалыппын ғой…» Ә.Ыб. .

Posted in

СЫРҒЫТПА ЖАУАП

Құлықсыз айтылған, дәм болсын, екіұшты жауап. * Оның бұл сөзі ескі хиссаларда кездесетін жалғыз-жарым батыр сөзіндей қатты әсер етті маған. Мен оны аяп кеттім. Бірақ колхоз белсенділері тіс жарып ештеңе демеді, сырғытпа жауаппен рең бермей қалды. С.Шайм. ~ Оның бұл жүрекжарды лебізіне елпілдей қоймаған Әділет: — Уақыт көрсетер, — деп сырғытпа жауап берді. Е.Әл.

Posted in

СЫРҒАСЫ ТАЙДЫ

Ат оқыс жығылғаннан артқы аяғындағы сырға буыны орнынан қозғалып кетуі. ~ Атасы Қыдырханның үйінде жалғыз ат бар еді. Ол да жырғаған көлік емес. Жазда аяғын қорыққа тығып алып, сырғасы тайған коммунаның қой торысы. Әкесі ақыры осы торыға ер салып, Жарболды алдына алып тауға беттеді. Ж.Шәк.

Posted in

СЫРҒАҚ СӨЙЛЕДІ

Турасын айтпай, жалтара сөйлеп, бойын аулақ ұстауға тырысты. ~ Соңынан қуған құрық сауырсына тиген қашағандай сырғақ сөйлеп, сырттап құтылып кететін бригадирдің мойны бұрыла алмады. І.Жанс. ~ Ребаконның да, өзінің де менімен сырғақ сөйлесуіне ңғайсызданғандай болды. С. Мұқ.

Posted in

СЫРҒАҚ ЖҮРІС

Өзін жұрттан бөлек ұстап, көптен шет жүруге тырысты. ~ Мен білмен ұйымыңды, құйыныңды, Әлгі айтқан сырғақ жүріс сұйығыңды. Қорлықтан қолымызға ақау түскен, Сондықтан қазағымның күй мұңлы. БС. "Қожеке". ~ Сырғақтау жүрісіңді дейді сұйық, Пәлелік пікірің бар, ойың тұйық. Ел бұзып домбыраңмен жүрсің білем,Тыңдайтын себебі оны жұрттың ұйып. БС. "Қожеке". ~ Ақ жүрек әріптес аз бір қалыпты. Әркімде ақ жем қақтырар шырға мықты. Тік тұрар төбе шашың, жүрек айнып, Көргенде сырғақ жүріс зырлауықты. Е.Нүс.

Posted in

СЫРҒАҚ ЖАУЫН

Қыс бойы басып жатқан қалың қар тесіліп, жер беті алақаншықтаған, қарақатқақ, шыңылтыр көктемде жерге жаңбыр да емес, қар да емес, ұсақ түйірлі мұздақ жауатын күндері болады. Аспанды бұлт қаптаған соң аздаған желемік тұрады да, мұз түйірлер жерге сырғи түсіп, кедір-бұдырға барып тоқтайды. Қазақ халқы түскен жерінде қалмай сырғып барып тоқтайтын осы мұз түйіршіктерін «сырғақ, сырғақ жауын» деп атаған. Ж.Баб.

Posted in

СЫРҒА БЕРІК

Ішке ойын, құпиясын сақтай білетін адамның сипаты. * Кофенің кермек дәмі тілімді үйірді. Орнына қайыра қойып жаттым. Жым-жырт аспан қай уақыт сырға берік, сырт көзден үнемі жасырынады. Д.Аман. * — Одан қорқамын, қызметтен қуып жібереді ғой! — Сенің айтқаныңды мен оларға титтей де сездірмеймін! Сырға берік екенім өзіңе белгілі ғой! Қ.Шабд. * Қазанын қамдастырып қойып, Қазиза да келді. Жайшылықта мінезге, сырға берік Қарымсақ, жас қонағына әр сөзімен анық тартымды шырайын танытып, әйеліне «ақ Қазиза» деп сөйлеп үй ішіне әзіл көңілділік шақырады. Ж.Ахм. * — Балақай, байқаймын, сен зерделі жастардың бірі сияқтысың. Сырға да берік боларсың. Осы ауылда Бақтыбайдың Ақтоқты деген қызы бар дейді. С.Жүн.