Home » Page 277
Posted in

СЫЛДЫР ЕТТІ

Сыбдырлаған, сыңғырлаған дыбыс шықты. ~ — Өртенсін кәпір, жойылсын көзі! Түп-тұғиянымен жойылсын! Кетсін бәлекет! Алды-арты осы болсын! Жатқанынан тұрмасын. Тіпә-тіпә!- деп, азан-қазан болып, түкірісті. Қағаздары сылдыр етіп, қалың кітап от ішіне жоқ болды. От лаулады. Жұрт дулады. — Кет, бәлекет, кет! Бізді сен көрдім деме? Сені біз көрдік демелік. Шу қара құйрық! Кеткеніңнен келме! — деп тағы шуласты кеп. Кінегені «құтты жеріне қондырды», көңіл тынды. Ж.Айм. ~ Гармонь мен скрипка нақышындай, Дауысы сыбызғыдай сылдыр етіп, Тыста еркек, үйде ұрғашы өлеңге мәз, Жаратқан құдай сондай бұлбұл етіп. М.Ж.Көп.

Posted in

СЫЛАСЫН ТАПТЫ

Амалын, шешімін, жөнін тапты. * Құрт жеген жапырақтар шұрқ-шұрқ тесік. Шаңы да сүртілмепті. Бұл пәледен бір сыласын тауып тезірек құтылғысы кеп, шоферді іздеп еді. Ә.Нұрп. * … бірақ ауылда оқыған бала Виссарионға неше "с" жазу керек екенін білмепті, қасындағы балалардан сұрауға арланыпты. Киоскаға барып газет сатып алып, өзін қинаған "с" әрпінің сыласын тауыпты. Ә.Нұрп. * Оған енді жез қоңыраудай шүлдірлеген тікбақай келіншектің зәбірі батты. Бір сыласын тапса өзі де бұл үйден кетпекші. Бірақ… қайда барады? Кімнің босағасын сағалайды? Ә.Нұрп. * Бір сыласын тапқанша, кемді күн қамыс арасына тығыла тұрғаның мақұл болар, – деп Еламан шамына тимей ақырын ғана ескертті. Ә.Нұрп.

Posted in

СЫЛАҢ ҰРДЫ

Сәнденіп, кербезденіп, жылмаң қақты. * Сәрсебектің жолдастары ондай емес, бой түзеу жағына келгенде шетінен сақа болып қалған жігіттер. Олар әне, бәрі де киініп, түйініп, бүгінгі жаңа жыл қарсаңында шетінен бәйге атындай сылан ұрады. Б.Соқп.* Қызыл түлкідей сылаң ұрған сұлу келіншек көкірегіне құрт болып түсіп еді. Ү.Жәл. ~ Жыра-жар, тұма бастау, құба қырдан, Сағым боп сарнай көштім сылаң ұрған. Қонақтап Қорқыт-тағдыр тар маңдайға, Жын қуып жылыстадым жұмағымнан. С.Сағ.

Posted in

СЫЛАҢ ҚАҚТЫ

Кербезденді, жайнаңдады, бұлаңдады. ~ Вахш ағып барады буырқанып, Жасыру жоқ бойымда сезімді анық. Сылаң қаққан қараймын бүлкіліне, Тау ішінде жүр едім көзім талып. К.Сал. * Наз, еркелі сұлудай сылаң қақты. Жағада күбірлеген мені байқап, Сылқылдап, келекелеп күліп жатты. М.Мақ. ~ Аңғартар алуан сырдың жайын кейін, Виканы сылаң қаққан қайың дейін. Маужыр түн пүліш түкті етек жайса, Айналып бақ кетуге Айым бейім. А.Әлім. * Қадиша анадайдан сылаң қағып ас үйге қарай өтіп кетті. Ө.Ахм. ~ Нұрлы күн шомылдырып шуақ төккен, Самал жел сыбырлайды құрақты өпкен. Сайларда сылқ-сылқ күліп сылаң қағып, Бұрымы тарқатылған бұлақ көктем. Т.Сәд.

Posted in

СЫЛАҢ ЖҮРІС

Қылмыңдап, кербездене жүру. * Тоқ балтыры да, қыпша белі де сылаң жүрісінен білініп, мен мұндалап тұр. «Бәтір-ау, мынау тура біздің Жәзира сияқты ғой». М.Сүн.

Posted in

СЫЛАҢ ЕТТІ

Бұлаңдап, әсемсіп, сиқырланып, оқыстан бой көрсетті. ~ Боз үйге ай сәулесі нұрын төгед, Шәпи қыз сәлем айтып, келсін деп ед. Шомылған айдын көлге аққудай боп, Бұраң бел сылаң етіп шыға келед. Балуан Шолақ. * Содан соң ертеректе, бала кезінде уақиға сылаң етіп есіне оралды. О.Бөк. * Бұлт астынан сылаң етіп ай шықты. Қ.Ысқ. * … үстінде қос етекті көйлегі бар, көйлектің сыртынан барқыт қамзол киген сұңғақ бойлы ақсұр қыз сылаң етіп кіріп келді. Ә.Әб. ~ Басыңнан бағың кетсе құда кетер, Айрылып ауыз тамыр жүдә кетер. Басыңа бақ айналып қайта қонса, Бәрі көп ор түлкідей сылаң етер! С.Бақ.

Posted in

СЫҚЫЛЫҚ АТТЫ

Мәз болды, сылқ-сылқ күлді. * Кәмшат бөркінің үкісі ағарандап, шалбарлы, шоңқайма етікті сыйда бой, бұраң бел Хансұлу ақ тісі жарқырап күліп, төңірегін қоршап сықылык атқан жастарға әлсін-әлсін ұмтылып жүр. С.Елу. * — Өйдөйт деген-ай, тағы не айтасың? — Балапан ерсі көрді ме, сықылық атты. Н.Сер.

Posted in

СЫЙЛЫ ҚОНАҚ

Қадір-құрметі мол, күнде келе бермейтін мейман. * Жылқыда он еті омыртқа болады. Бұларды қашанда іркіп, сыйлы қонаққа бір-бірден салып отырады. С.Жүн. * Сыбдырсыз ашылатын сыртқы есіктен кіргізіп, шишалы кересін шам жаққан ала көлеңкелеу үйдің төріне шығарды сыйлы қонақтарды. Ғ.Біл. * Өз елінде сыйлы қонаққа әуелі шай беріледі. З.Шүк.

Posted in

СЫЙ ТАБАҚ

Сыйлы қонақтарға тартылатын арнайы табақ. ~ Қыр астында қырық кепе, Қыз ұзату – той-мереке. Оқшау үйде күйеу бақыр, Бір сый табақ келе жатыр. Ө.Тұрм. ~ Мерекең құтты болсын арқалы елім, Өзіңе сағынышымды сарқа келдім. Оралып Түркістанға тайқазаным, Алдыңа сый табақты тарта келдім. "Әбдікерім -Әселхан айтысынан". ~ Бұл күйді жаным Аллаһым ерте сыйлап ап, Төз дейді маған, Өзіңе берген сый табақ. Өмірдің күйбің тірлігі мені шаршатты, Кетсем бе екен, Өлеңдерімді жинап ап. А.Пош. ~ Табақ жасау да бір өнер. Оны жасаушы да табақ тартудың қыр-сырын меңгерген ерекше тұлға болуы тиіс. Әр табақ атына, маңызына қарай жасалады. Табақты кейде бас табақ, орта табақ, сый табақ, аяқ табақ деп төртке бөліп те жатады. Малдың әр мүшесі осы табақ берілетін адамдардың дәрежелеріне қарап үлестіріледі. "Жарар-kz". ~ Құдағи табақ – қазақтың құдағи күту жолында, дастархан жаю салтында да үлкен жол бар, тәртіпті мән мағына бар. Ері қайтыс болған, құда жоқ, құдағи ғана келгенде, «құданың жолы», «өлі-тірінің сыбағасы» деп бас, жамбас, омыртқа, арқа, белдеме, қазы-қарта, жал-жая, қарын, қимай, ортан жілік, жауырын, құйрық-бауыр салынған үлкен сый табақ тартады. Мұны қазақ кәдесінде «құдағи табақ» деп атайды. "Жарар-kz".