Құрмет көрсетіп, қошеметтеді. ~ Жұрттың өзінше жылы шырай көрсетіп, сый мезірет жасап жатқан түрі бар. Ә.Кек. ~ Әйтпесе батырмын деп тышқақ арыстандай бақырып-шақырған әумесер батыр қайда жоқ. Жұрт ондайларға көзінше сый мезірет жасағанмен, сыртынан қолдарын шошайтады. Ш.Күм. ~ Сондай-ақ, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Аманжол Оңғарбаев ардагерге қаламгер ізбасарларының атынан жүрекжарды лебізін арнап, сый мезірет жасады. БАҚ.
СЫЙ ҚОНАҚ
Құрметті қонақ. ~ «Ассалаумағалайкум»–кіріп келді, «Уағалайкүмассалам»–орын берді. Көрпе салды, «жоғары шығыңыз» – деп, Төрге барып сый қонақ отырды енді. Шәк. * Ауылда бөтен сый қонақтар жоқ болғандықтан, арқар атып әкелген аты белгілі тентек ұры Бақтығұлды көре отырып, әңгімесін естімекке ауылдың қатын-қалашы, малшы-қойшысы да ынталанған сияқты еді. М.Әу. * Шынар болмай пісіртті, әйтпесе сый қонаққа берер тамақ емес. Ғ.Мүс. ~ Онда аң аулағанды қоя тұрып, сөз тыңдайтын болармыз, — деп сый қонақтың бірі зілсіз әзілмен қағытты ақынды. Ө.Кәр. ~ Батсайы көкпаршыларды сый қонаққа лайықтаған ақ үйге түсірді. Ө.Кәр.
СЫЙ АЯҚ
Сыйлы қонаққа ұсынылған үстеме тағам. ~ Сый аяқты бұ жолы кәдімгідей орнынан тұрып барып ұсынбақ болады. Кесірткенің алқымы бүлкілдегенін қоя қояды. Ш.Мұрт.
СЫЗЫП ЖІБЕРДІ
Карта ойынына кірісті. ~ Қазір: «Ау, сызып жібермейміз бе!»- деп қабырғаны тоқылдатса, әлгі боздаған немені тыңдаймыз деп отырып, естімей қалулары ғажап емес қой. Ә.Кек.
СЫЗЫҒЫ БІТТІ
Өмір жасы таусылды. * Айнамкөз меңіреу болып қалғандай көзі төбеге қарап шақшиып отырды да алды. – Қайтсын бейшара… Көргені аз ба?! – Жаны Жаныстың үстінде еді ғой… – Е, сызығы біткен соң не шара… – Осы жолы көтере алмас… Қ.Мүб. ~ «Тумақ – сүннет, өлмек – парыз. Дәм таусылып, сызығың біткенде патша бол мейлі, пақыр бол қашан да бір өлім. Әттең, ақырғы демі бітерде аузына сусын тамызбадым, бір уыс топырақ салмадым-ау» деген арман жол қалсын, «тым болмаса әнеу доңғылдың үстінде томпиып төмпешігі де қалмадыау белгі боп. Ш.Рах.
СЫЗДАНЫП ТҰРДЫ
Паңданып, сылаң қақты. * Аз уақыт сызданып тұрады да, жас мырза атын қамшылап шаба жөнеледі. Ж.Айм. * Наз, еркелі сұлудай сылаң қақты. Жағада күбірлеген мені байқап, Сылқылдап, келекелеп күліп жатты. М.Мақат.
СЫЗАТ ТҮСТІ
Екі арада салқындық, келіспеушілік пайда болды. * Соңғы жылдары Ырысқанмен екі арасына бір салқынсызат түскен- ді. Сол сызат бірте- бірте ұлғайып, өткел бермес, терең жарға айналып барады. Қ.Жұм. ~ Атып түсірілген Су-24 ұшағынан кейін Түркия мен Ресейдің қарым-қатынасына сызат түсті. БАҚ. ~ Заман құбылып, құндылықтар өзгерген сайын ата-ана мен баланың арасындағы сыйластыққа, құрметке де сызат түскендей. Е.Кен. Жарықшақ пайда болды. ~ Алматыда жер сілкінісінен кейін бірқатар білім нысанының қабырғасына сызаттүсті. Бұған қатысты құрылыс басқармасы түсінік берді. БАҚ. ~ Қарағандыда көпқабатты екі үйдің қабырғасына сызат түскен, деп хабарлайды 24KZ. БАҚ.
СЫЗАТ САЛДЫ
Қауәп тудырды. ~ Оның мәнісін Білім және ғы-лым министрлігінің облыстағы өкілі былайша таратты: – Бірыңғай ұлттық тестілеу ба-ры-сында мемлекеттік құпия құ-жат-қ-а қол сұғу әрекеті бай-қалды деген күмән туды. Мемлекеттік құпияның ашылуы мем-лекеттің қауіпсіздігіне сызат са-лады. Оның анығын тиісті орын-дар тексеру үс-тінде. Сондықтан да әзірге осын-дай шешім шы-ғарылды, – деді ол. БАҚ.
СЫЗ ТАРТТЫ
Өңінде ашу, зіл, пайда болды, сұстанды. * Жамбастап жатқан орнынан ырғала көтеріліп, Азнабай сыртқытоңы салмақты, етжеңді денесін обадай қадап алды да, сыз тартқан өңін жандайшабына бұрды. С.См. * Бекет үндеген жоқ. Бұл жауапқа өзінің даяр емес екенін сезіп те, мойындап та келеді. Жылы да болса Сиғаттың сыз тартқан жүзінен жасқанын, бұқпалап құтылғысы келген. Қ.Ысқ. Салқындады, суық түсті. * Әр жерде бір бозамдықтанған шамның жарығы еркін жетпей үңірейген казармаіші сыз тартып азынап тұр Т.Сәу. * … шәугім басын апанның шілде айларында да сыз тартып тұратын салқын топырағына салды … Ә.Нұрп. * … зіл кетпен әбден қажытып жібергендей көрінді де арық ішіне лақтырып тастап, шалғын үстіне отыра кетті. Шөп сыз тарта бастапты. Қ.Ысқ.
СЫЗ ӨТКІЗДІ
Кесір келтірді. ~ Осы екі ел ру басы жуандарының бір-біріне сыз өткізсем деген бақталасы, бақкүндестігінен және солардың екі елді бүлдірген мінезінен барып, ақыры, бір-біріне қатты ушыққан, қатты аңдысып шатасқан ел болатын. М.Әу. ~ … болыспен қабағы келіспей қырындап жүрген ауылдарға сыз өткізіп, жасқандырып, орайы келсе, тырнағын батырып, жаншыңқырап кетуге де ең епті, ең орайлы кісі Бақтығұл болды. М.Әу. ~ Шынында Әбіштің сөздерінде әрі саясаттық шеберлік бар, әрі бір жағынан Семейдің үркек, шорқақ чиновниктерін айламен сыз өткізіп, "баспасөз жүзіне шығарамын" дегендей сескендіру де бар. М.Әу.
