Home » Page 288
Posted in

СҮТ ШЫҚПАЙДЫ

Мән болмайды. * Алшағыр басын шайқады. — Әй, білмеймін, білмеймін… Жетпіс жеті бабаңды тексеретін бала екенсің. Түбің шикі,— Бұл әңгімеден сүт шықпайтынын ұқты ма, кілт өзгерді. М.Қаб.

Posted in

СҮТ ҮСТІНДЕ ҚАЙМАҚ (БОЛДЫ)

Өзін өзгеден артық ссезінді. ~ Міне, көп үстінен жеген көбегендердің, «сүт үстінде қаймақ» атанғандардың ендігі ебі сол. Айланың киіз кітабынан алған сабақтары осы болатын. М.Әу. ~ Төлеш. Қайша кім осы күнде? Ол сүт үстінде қаймақ. Жұрттың бәрі оны төбесіне көтереді. Мен сол тоқалға бұл күнге шейін жаңғырық болғаннан басқа, не істеп едім? М.Әу. ~ Шолпан: Көз салып біздің күйге бойлаймысың? Әлі де тірімін деп ойлаймысың? Ерке қыз, сүт үстінде қаймақ болған Үйдегі желігіңді қоймаймысың? М.Әу. ~ Шолпан. Осы қуарған күйді тірлік деп білесің бе! Әлі де өліп болғам жоқ деп отырмысың? Болмаса сүт үстінде қаймақ болған ерке қыз бұрынғы серуенімнің бірі дейсің бе? М.Әу.

Posted in

СҮТ ПІСІРІМ (УАҚЫТ)

Халықтық өлшем, ширек сағат шамасы, шамамен 15-20 минут. ~ — Ауылға жақындадық қой! — деді. — Жақындадық балақайым, жақындадық! — деп, дуана Ақбілекті тағы бір лықытып жауырынына таман шығарды. Сүт пісірім болған жоқ, тезек исі жұпар иісіндей Ақбілектің мұрнын жарған кезде: — Келдік, дуана-еке! Енді өзім жүрейін,— деді. Ж.Айм. ~ Сүт пісірімдей отырып, орнымнан тұрдым. Жүрдім… жым-жылас. Таң білінбей-ді… Ж.Айм. ~ Еріне басып Жүсекең келді. Есік алдына отырып шешініп, үсті-басын қағынудың өзі сүт пісірім уақыт алды. Б.Майл. ~ Басында ештеңе түсінбегенімізбен, сүт пісірім уақыттан соң оқиғаға қаныға бастадық. С.Им.

Posted in

СҮТ ҚАТҚАН

Сүт қосылған. ~ Мұнарбектің сүт қатқан қою шайынан соң тағы да маужырап ұйқы соғайын… Ә.Асқ. ~ Ертеңгісін қою сүт қатқан тары көже ішіп отырып, салмақпен апама былай дедім: — Сіз менен қам жемеңіз. Сауатым бар. Басым істейді. Ал, мына ұнды қазірден бастап пайдаланатын болыңыз. Т.Берд.

Posted in

СҮТ КӨП, КӨМІР АЗ

1. Жағдай екіұшты, алда не боларын бір құдай біледі д.м. ~ Болыс. Жарайды, шырағым, тос. Кездесеміз әлі сен екеуміз, кездесеміз, тұра тұрайық. Сүт көп, көмір аз! М.Әу. ~ …биыл аманшылық болса бәйге біздікі шығар. — «Сүт көп, көмір аз», асықпайық. С.Мұқ. ~ Қалың көпшілік осындай сөздер айтып жатқанда, — «аптықпаңдар әлі!.. «Сүт көп, көмір аз» деген!.. Әліптің артын бағыңдар!» деп көптің, «айыптылар жазаланады» деген сеніміне күдік түсіруге тырысқандар да болмай қойған жоқ. С.Мұқ. ~ Кетсең кет. Сен келсең болды, от, өрт келеді осы үйге, — деді Нәркес. — Ә, бұған да жеттің бе? «Сүт көп, көмір аз» әлі. Мейлің, — Назым диванның үстінде жатқан сөмкесін алды да шығып кетті. Т.Әбдір. Карта қолы арамға шығады да! — Қой, несібесі бар да, сабаздың! — Дүниенің ақшасын ұтты-ау! — Әлі сүт көп, кемір аз! Т.Әл. 2. Жазғытұрым алғаш күн күркіреп, найзағай ойнағанда құдайдан ошағында оттың көп болуын, отбасына мол ризық тілеп, есік алдына айран төгіп, үйді айналып жүріп,"сүт көп, көмір аз" деп, шөміш қағу ырымы. ~ …найзағай жарқылдаған кезде, есік алдындағы жерге балта, шот сияқты темірлерді жауып, «сүт көп, көмір аз» дейтін бата оқиды, онысы ошағында оттың көп болуын тілеу сияқты. С.Мұқ. ~ Балсары ауыз бөлмеде ыдыс – аяқтарды даңғыр– дұңғыр еткізіп шөмішті ала шықты. Үйді айнала жүріп: «сүт көп, көмір аз, сүт көп, көмір аз» деп ырым қып шөміш қақты. С.Мұр. ~ Кешікпей жаңбыр басталып, күн күркіреп, шешесінің босағада тұрып, бір шөміш айранды далаға шашып жатқанын байқады. — Сүт көп, көмір аз! Сүт көп, көмір аз… Иә, жаратқан, қара қазан сарбаланың тілеуіне мол ризық бере гөр! — деп Рыскүл қолындағы шөмішті үйдің босағасына, маңдайшасына қаққылап жүр. Қ.Жұм. 3. Мал төлдеп, ақ молайған, отын-көмір азайған шақ. ~ Ел Күрті қапшағайына, Тасмұрынға көшіп, көктеп отырған, сүт көп, көмір аз, балауыз шақ болатын. Тоғыз судың торабы Күрті де кенересінен асып, өткел бермейді. Б.Қыд.

Posted in

СҮТ КЕНЖЕ

Үйдегі ең кіші бала. * Қоқыш төре сүт кенже жиенім-ді, Жігіт жоқ заманында бұған жеткен! Шығады Мәшһүр сөзі қалайқалай, Көруің қайтып келіп екіталай. М.-Ж. Көп. * Қалампыр көтерген он төрт құрсақтан тірі қалғаны: ұзатқан екі қыз,Төлебай дейтін ұл және осы Нұрмағамбет еді. Нұрмағамбет Қалампырдың сүт кенжесі. С.Мұқ. * Оның үстіне ата-баба дәстүрімен отбасындағы сүт кенже қарт анасынан асып қайда барсын?! Ал анамның ауылдан қозғалмасын анық білемін. Ж.Сман.

Posted in

СҮТ БЕТІНДЕГІ (БЕТІНЕ ШЫҒАР) ҚАЙМАҒЫ

Елдің игі жақсысы. ~ …«Халық жауы» деп, сүт бетіндегі қаймағын жалмап-жұтып әкетіп жатқан зұлматтың мысық табандап бұларға да жақындап қалғанын ол кезде өздері әлі білмепті. Ш.Құм. ~ Туған халқыңды құрбандыққа қиып отырған бүгінгі сөзіңе қарап, сасық қоғадай жапырылған түріңе қарап, сені қазағымның сүт бетіне шығар қаймағы емес, қазан түбіндегі қаспағы ма деп қалдым. К.Сег.

Posted in

СҮТ АНА

Сәби анасының сүтіне тоймаған немесе әйел омырауынан сүт шықпағанда қазақ халқы сәби денсаулығы жақсы болып өсуі үшін өз сүтімен қоректендіретін әйелді іздестірген, оны "сүт ана" деп атаған. ~ Ақыры көптің дуалы аузының батасы қабыл болып, тәңірдің шапағаты тиіп, ханның әйелі жүкті болады да, ұл табады. Баланы сүт анаға бақтырады. Т.Рыс.

Posted in

СҮРЛЕУ ІЗДЕДІ

Өзге жол табуға тырысты. * Осынау қым-қуат сабылған тіршілік көшінен өзгешелеу сүрлеу іздеуге мұршасы жете ме, сірә? Д.Досж. * Бұл тұста шыдай алмай Қарымсақ сөзге кірісіп: — Мына татар жігіттерінің арызы-ақ бәріне дәлел болмай ма? Даңғыл жол жатса сүрлеу іздеп сәуегейлену не керек? Ж.Ахм.

Posted in

СҮРЛЕУ ІЗ

Біреудің жүріп өткен жолы, артында қалдырған ізі. * Қолымда жүген, қой салған сүрлеу ізбенен алаяқ атты алқына басып іздегем. Ж.Жақ. * Әйтеуір, мөлдір жанарлы бейкүнә қыздың басқа бір бағытқа жетелегені анық. Ол бағыт не? Арайлап атар махаббат таңымен жолықтыратын ақ сүрлеу ізі ме, жоқ, әйтпесе, талай бозбаланың бойын алдырып, "қап, әттеген-ай" деп, бармағын тістеткен баянсыз басылуы ма?.. К.Қаз. * Талай жандар шыдамай, Сергелдең боп сенделер. Тұрса тосып жүз қауіп, Өтем сүрлеу із тауып, Кім біздерге тең келер?! Н.Әбіл. * Сүрлеу із қалдырып далаға Пенделік арыммен арбасар, Мен емес, менікі қалаған Нәпсімен нәлетім қарғасар. Ж.Аман.