Home » Page 291
Posted in

СҮЛІКШЕ ЖАБЫСТЫ (ҚАДАЛДЫ)

Жармасып, жібермей қойды. ~ Тек күндіз әйелі, қайсы бірде профессор келгенде сүлікше жабысқан ойлардан бір сәт айрылғандай болады. Т.Әбд. ~ Қақалып-шашалып жатқанына қарар емес, мұрны шуылдап, қара терге түссін, емшекке сүліктей жабысып қатты да қалды. Әбден жағы талғанда бір-ақ тоқтаған. Т.Сәу~ Бағанадан бері сүлікше қадалған бір ойын айтып қалғысы келіп: ― Ғазиза көшсек қайтеді? – деді. Б.Тоғ.

Posted in

СҮЛІКТЕЙ СОРДЫ

Парақорлықпен, алдаумен, зорлық-зомбылықпен аңқау елді қанады, обырдай тиіп, қанын сорды. * Олардың көбі саудегерлер, ұсақ кәсіп иелері, шеберлер, егіншілер екен. Олардан басқа бір топ қытай әкімдері, саудагерлер, жергілікті алпауыт бектер, ишан-қазилер тұрады. Олардың барлығы жергілікті бұқарасын сүліктей сорып қатты қанайды. Ә.Марғ. * Орыс оқуын оқып ел көсегесін көгерте ме деген ұлымның ел керегесін сөгетін зұлым екеніне көзім жетті. С.Жүн. * Осыдан дәніккен қаланың онан қашты, мұнан қашты ел кезбе қулары бықытын тауып сарт ете қалады да екі есе, үш есе қымбатқа жалданып мұндағы аңқау жұртты сүліктей сорады. Қ.Ысқ. * Бірақ не істерсің. «Халықты қанадың, солардың өмір бойғы еңбегін сүліктей сордың» деген сөздерін естігенде аузына сөз түспей қаралай қиналған. О.Көш. ~ Бүгін біз атам заманнан еңбекші халықтың қанын сүлікше сорып келген боржойлардың тамырына балта шабамыз. С.Ел. ~ Табақтай беті бір қазанға қақпақ боларлықтай. Тоқтықтан тырсылдап тұрған түріне қарағанда, қазақты сүлікше сорып үйренген саудагер секілді. Б.Нұрж.

Posted in

СҮЛІКТЕЙ ҚАРА

Жылтыраған қап-қара. * Сен тіпті бағана орталықтағы еңселі сары үйдің алдына сүліктей қара машина тұла бойындағы жалтырақ темірлерін күн сәулесіне жарқ-жұрқ шағылыстырып тоқтағанда да тап қазір ісі бюрода қаралатын әлдебіреу емес, қайта бұның өзі істі болған әлдебіреулердің тағдырын шешетін үлкен бастықтың дәл өзіндей нығыз-тұғын. Ә.Нұрп. * Бөкен директордың атын жетелетіп жіберген соң, зоотехниктің атының да желігін басуды жөн көріп, сенің мінетінің осы-ау деп, сүліктей қара жорғаға шалмасын иіре лақтырды. Д.Әш.

Posted in

СҮЛДЕСІ ҚҰРЫДЫ

Әбден шаршап-шалдықты, азып-тозды, өлермен күйге түсті. * — Сені сұрады… Сосын ұйқытап кетті. Сүлдесі құрып, сүрнігіп жүрген бір сорлы да. Жатысын қарашы, — деді. О.Сәрс. * Ұйқылы-ояу есеңгіреп сұлық жатыр. Жатқан күйінде қаралай сүлдесі құрып, шаршаңқы тыныстады. Жан-жағын бажайлай көз қиығымен шолып өтті. А.Жаңб.

Posted in

СҮЛДЕР ҚҰРДЫ

~ Бүгінгі түн жарық, айлы. Қалғып қана тыныс алған майда түн еді. Қөңілге әлдеқайда: тоғайлы, ұйқылы, маужыраған сайда күбірлеп сөйлеп, сүлдер құрып, үзіліп тұрған көздерді еске түсіргендей еді. Түн сондайлық өзгеше демалыстың, жанды сағаттың түні еді — ау! М.Әу.

Posted in

СҮЙТКЕНШЕ БОЛМАДЫ

Сол сәтте, ілезде, артынша. * Сүйткенше болмады, артынан бір орыс жүгіріп келіп, құшақтай көтеріп қосқа ала жөнелді. Ж.Айм. ~ Сүйткенше болмай, сары ала төбеттің дауысына жалғаса сарнаған ащы дауыс шыңылдап аспанға шықты. Жұрт селт етіп, құлағын тіге қалды. Б.Майл.

Posted in

СҮЙРЕТПЕГЕ САЛДЫ

Әлдебір істің шешімін құр сөз, бос уәдемен соза берді. ~ Тап осы жолы Жайынбекті ұстаса, шаруаларының не болатынын, не болмайтынын біржола шешіп, тіке сөйлеуге Ғазиз екеуі келіскен. Енді босағада тұрып, ақылдасса, тағы да бір оңай сылтаулар айтып, сүйретпеге салуға беті бүлк етпейтініне күмән жоқ. С.Жүн. ~ Әйтсе де, айтқан уағдаңыз бар еді, күні бүгінге дейін сүйретпеге салып келесіз. С.Жүн.

Posted in

СҮЙРЕТПЕ СӨЗ

Жел сөз, өсек. * Осы сыпсың кәрі софының құлағына шалынғалы алдақашан. Көптен бері ел арасында шұбатылып жүрген сүйретпе сөзді естісе де, ескермеген боп ішінен тынып жүрген-ді. Ә.Нұрп.

Posted in

СҮЙКІМІН ҚАШЫРДЫ

Ұнамсыз, жек көрінішті қылды. ~ Ит қуғандай апалақтап кіріп келгенімді жақтырмай қалды ма әлде сүмеңдеп жиі келіп кеткенім сүйкімімді қашырған болар, әйтеуір қабағы сыз. Т.Сәу. ~ Кей әйелдің ажар-көркінің өз уақыты, өз кезеңі болатыны белгілі, әлденендей бір кездей-соқтықтан олар не жүнжіп кетеді, не жайнай түседі, сондықтан жан дүниесінде болған бұлғақтың салдары олардың сүйкімін асыратыны немесе сүйкімін қашыратыны, көбіне-көп кеспірсіздендіріп жіберетіні де әбден табиғи нәрсе. М.Серв.

Posted in

СҮЙКІМІ КЕТТІ

Жағымсыз күйге енді. ~ Оқымыстылар оны мәжілістен қуып та шығады. Сөйтіп, шет елде сүйкімі кеткен Подоноктің бағы елге келген соң, керісінше, өрлей түседі. Т.Жұрт. ~ Сүйріктей сұлу болсаңда Сүйкімің кетсе — жақпайсың, Жүйріктің бірі болсаңда Киіктен биік баспайсың… Б.Әл. ~ … "құрсын, жындымен айтысқан мен жындымын" деп, айналасындағы ақсиған ауыздар мен сықсиған көздерге жалтақ-жалтақ қарап жылыстай жөнеледі. Бара-бара сүйкімім кетіп, сөйлесетін кісі де қалмады. Т.Сәу. ~ Күні кеше көптің аузынан түспейтін, ел қамқоры, жұрт жақсысы атанған Демежан кім? Содыр, сойқан аты қалмай, сүйкімі кетіп жүрген Ысқақ кім болды қазір? Қ.Жұм.