Home » Page 296
Posted in

СҮЙЕГІН СЫНДЫРДЫ

Қорлады, намысына тиді. ~ Апырым-ау бұл кіммен жүр? Кім менің маңдайымды басатын? Қара қазақ қатынымның қойнына бармақ түгіл, жаман ниетпен қорамның шетінен жүрді ме? Менің сүйегімді сындырып, басымды қорлайтын осы қаңғырған ноғай болып па екен? Мен осы шақша бас ноғайға оп-оңай болыппын ба? І.Жанс. ~ Қарайтып хан басымды итіме исем, Аузыма тас толмай ма мұны сүйсем. Сұлтандай сүйегімді сындырмаспын! Өзіме өз ауруым, жансам-күйсем… І.Жан. ~ Өзі солқылдап тұрған ағашты сүйкеніп құлаттың. «Жігітің анау ма, өз басын жөндеп алып жүре алмайтын дәлдүш. Өйтіп сүйекті сындырма!» деді. Т.Сәу.

Posted in

СҮЙЕГІН СҰРАДЫ

Шыққан тегін сұрады. ~ Жарылқасын өзіне бейтаныс, жылы жүзді келіншектен жөн сұрап, арғы беттен келгенін ұққан соң, жақын тартып, талай әңгімені үлкен ынтамен тыңдады. Сүйегін сұрап, арғы- бергі тегін ұқты. Т.Рыс.

Posted in

СҮЙЕГІН ҚОРЛАДЫ

Ата-тегін қорлайтын іс істеді, намысын аяққа басты. ~ Бұл, елін сатып, құлқын қуып кетіп бара жатқан жүрісімен, барлық істелген ірі істі былғағандай. Сол ниет жолында өлген ел азаматтарының сүйегін қорлағандай еді. М.Әу. ~ Зираттың күнгей қабырғасында осы төңіректегі орман тағысы сүйгенінің сүйегін қорлап тұрғанын ол әлі сезетін емес. Қайдан сезсін – бұл аң емес, адам ғой… Адам. А.Алт. ~ Мұндағы ойлары – қабірге салынған асыл мүлікке қызығып бекзаданың моласын қазып, өлік сүйегін қорлаудан сақтау ғана емес, монғолдардың басқа да себептері бар. І.Ес. ~ Бұған дейін Сыбан – Рабтан басқа жұртқа көз қылып, "ағамның сүйегін қорлатпаймын. Қытайға бере алмаймын" дегенмен келіп еді. С.См.

Posted in

СҮЙЕГІН КЕМІРДІ

Ішін удай ашытты, жүрегін ауыртты. ~ Әсіресе,«қол қусырып үйренген құлсың ғой, кепкен көніңді жібіт» дегені сүйегін кеміріп барады. Ж.Шәк. ~ Мең-зең денесі жеңілейіп барады. Көз алдында көлкештеп тұрып алған соқыр тұман ашылайын дегендей. Тартулы жақтай сіресіп тұрған кәрі жүйкесі жұмсарып барады. Еңірей төгілген зарлы саз сай сүйегін сал-сал кеміріп ала жөнелгені. Ә.Кек.

Posted in

СҮЙЕГІН АРШЫДЫ

Абыройын сақтап қалды. ~ Жігіт екесің, шырағым… Бұл барлық қазақтың елдігіне тиетін, намысына шабатын жұмысы. Не сүйегін аршитын, не сүйегіне тағы бір қара таңба басатын жұмыс… Ғ.Мүс.

Posted in

СҮЙЕГІ СЫРҚЫРАДЫ

Жаны ауырды, тұла бойы тітіренді. ~ Байбөрі осылай деп жүрді жылап, Құдайдан күні-түні бала сұрап. Сүйегі сырқырайды Байбөріге, Бұл сөзді есіткен жан салып құлақ. "Алпамыс батыр". ~ Бұның үй ішімен ботадай боздап, бейіт басында да қатты күңіреніп жылағанын көргенде, тірі жанның бәрінің сай-сүйегі сырқыраған. М.Әу.

Posted in

СҮЙЕГІ СЫПАЙЫ

Тәрбие көрген, текті, әддепті. ~ Сүйегі сыпайы, мінезге берік кісі зайыбының сөз төркінін жаратпады, кондукторға «шай әкел» деп жарлық жасады. Д.Досж.

Posted in

СҮЙЕГІ СЫНДЫ

Намысы қозды. ~ Бұларды көріп тұрған бұрын чиновник болып, тозған шал «киргизбен» ыржаңдасып тұрған орыс қызына кектенеді, сүйегі сынады, жерге түкіреді. Оның қасындағы кемпірі қолындағы сапты көзілдірігін көзіне қойып Мәмбеттерге қарайды. І.Жанс.

Posted in

СҮЙЕГІ САУДЫРАДЫ

Әбден қартайған адам туралы, сүлдері ғана қалды, жасы келіп солып, қуарды. ~ Түсінбеймін. Өкпеңде сыз бар деп мені жаратпай тастады. Құдай біледі, мен тап анау Сүйелбайдан гөрі мықтымын. Сүйегі саудыраған шіркіннің қасында мен дегенің балуан емеспін бе, – деп күйіп-піскен Мұхит мұңын шаққан. С.См. ~ Ал ауылда шоқша сақал шалдар мен кимешек киген кемпірлер көше сайын еріп жүреді-міс. Өздері тістері қаусап, сүйектері саудырап мәлкілдеп жүргеніне қарамастан кіл қылжақбастар. Енді ше! Қолдары бос, төбеге түкіріп жатып пәленше сом пенсия алады. М.Қаб. ~ Марқұм әкесі сонау жылдары сойып тастамап па еді? Саудыраған сүйегін ауыл иттері тасып кетпеп пе еді? Сары серке… соның дәл өзі… тіріліп кеткен бе, зәнталақ! Н.Сам. ~ Мұның бәрін санасақ, Сегіз болды, ей ханым. Қаусаған жақ, иек бар, Саудыраған сүйек бар. Ауыл алыс жол болды. С.Ақт.

Posted in

СҮЙЕГІ САУДЫРАҒАН (ШАЛ)

Әбден қартайып, құр сүлдесі қалған қария. ~ Жалғыз қызын, өнерпаз перзентін сүймеген кісісіне, сүйегі саудыраған шалдардың біріне өз қолынан ұзатып жібереді. Қ.М.-Әли. ~ Кеше түс ауа мұның үйіне сүйегі саудыраған қақпыш шалды — орталарына алып, бір еркек пен бір әйел жетіп келді. Ә.Қай. ~ Жап жаңа құдалары да жайнаң қағып, сүйегі саудыраған шал да, мұртты құда мен қызыл келіншек те тос сайын тартынбай ішіп, кемпірдің сандығында көптен бері қамалып жатқан тәуір арақты да таусып тастады. Ә.Қай.