Home » Page 297
Posted in

СҮЙЕГІ МЕНІКІ, ЕТІ СЕНІКІ

Көбінесе ертеде баласын молдаға оқуға бергенде айтылатын сөз, "Не істесең де еркің, тек оқытып бер" д.м. ~ Ұстаз рахымсыз. Әке ара түспейді.— «Сүйегі менікі, еті сенікі» деп берген. Бір ғана рахымды әже бар. Жылағанды уатады. Қамыққанды жадыратады. Сарыбала соған келді. Ғ.Мұст. ~ Бұрынғының молдасына шәкірт өткізгендей: «Ал, енді қарағым, сүйегі менікі, еті сенікі болсын, осы баламды адам қыл», — деп тастап кеткен-ді. Б.Тоғ.

Posted in

СҮЙЕГІ ҚУРАП ҚАЛДЫ

Әлдеқашан өліп қалған д.м. ~ Жалғызы кім? Бұдан қырық жыл бұрын Сібірде сүйегі қураған Ыбырай мырза ма? Онда екінші баласы Сіләмбек қайда қалады? Жоқ. Мен едім. Жалғызы мен едім. Мен — Стамбек Сыпатайұлы!.. М.Мағ. ~ Бәрібір оның жан дүниесін ешкім түсінбес еді. Оның бұл әрекетін ең жанашыр дегендердің өзі құптамас. Әлдеқашан сүйегі қурап қалған ұлын да адам іздей ме екен? Ш.Айт. ~ Кеуек қуыс күңірттенеді. Сол арада әлдеқашан сүйегі қурап қалған машайықтың рухы қабырғадан еніп кеп қоңыр үнмен сөйлеп аян береді. Д.Дос. * Қазір әркім өзіне өзі ғана керек заман дейді. Сосын айтқаны, баяғы деген өткен-кеткен, сүйегі қурап қалған нәрсе. Қайта келмейді. Бүгінмен бол. Н.Дәут.

Posted in

СҮЙЕГІ ЖАСЫҚ

Жігерсіз, тексіз. ~ Сүйегі жасық тексіз жан, өзі қайдан жариды. Сый қонақтар келгенде, Жаман әйел шариды. Ақыт Үлімжіұлы. ~ Енді жетектегі жирен тартыншақтай бастаған. Тек сүйегі жасық орыс жылқысы ғана емес. М.Мағ. ~ — Осы сенің бойыңды желік алып барады-ау, ненің буына семіріп жүрсің? — Мына қоғамды сүйегі жасық, буыны бос жемқорлардан, ұры-қарыдан, жалпы былғаныш адамдардан арылтқым келеді. Д. Мам.

Posted in

СҮЙЕГІ ЖАСЫДЫ

Өмірден қажыды, қартайды, мұқалды. ~ Алдымда балғын жас емес, еті қайтқан, сүйегі жасыған кәрі адамжатқаны есіме түсті. Онсыз да әлсіреп, қайраты таусылған дене пышақты көтере алмай сұлқ түссе қайтем? Б.Тоғ. ~ Сағындым сені, Көрмедім деп көп заман. Адам деп мені, Салмадың сен хат маған. Жай таба алмай жүрек, Жасыған соң сүйек. Абай. ~ Қыз Назым мінді өрмекке, Иісін жұпар аңқытып. Ашықтық түсті басына, Сүйегін жаман жасытып. "Қамбарб."

Posted in

СҮЙЕГІ ЖАРЫЛМАҒАН

Әлі бала көтермеген әйелге қатысты айтылады. ~ Аппақ сазандай денені көріп, ол киініп кетіп қалуға түрегелген шығар деп жүрегім дүпілдеп соғып жүріп берді. Менен он жастан аса кіші әйелдің сүйегі әлі жарылмаған болуы керек, дірілдеген кеудесінің баулығы үзілмеген қалпы, тырсылдап тұр. Бұзылмаған денесіне қарап әлі бала тумаған шығарсың деген ой келді. Б.Қыд. ~ Қыз туарсың, қылығын тумассың десең, сол қылықтың бәрі осы тар құрсағы кеңімеген, сүйегі жарылмаған баладан ада әйелдерде болады. Б.Қыд. ~ Сөйтсе, ауру келіншек мұның әуретімен ойнап жатыр екен. Ар жағы… жас неменің бұрқыраған жұпарына басы айналған еркек әлі сүйегі жарылмаған әйелдің еті тығыз денесін астына басып алып, бір сүрісінде үш рет бой суытқан. Н.Дәу.

Posted in

СҮЙЕГІ ЖАРЫЛДЫ

Бала көтерді. ~ Әйел әңгімені судай сапырып отыр. Күйеуінен ерте қалғанын да айтып көз жасын сығып алды. Әйтеуір, артында ұлы қалды. Мұның сүйегі жарылды. Пұшпағы қанады. Қубас емес. Ана деген аты бар. Ана болмаған ұрғашыдан өткен бақытсыздық жоқ ұрғашыға. Н.Дәут.

Posted in

СҮЙЕГІ ЖАМАН

Негізі, шыққан тегі нашар. ~ Рас жаман сол болар, Өзге адамды қор көрер, Сонда білер жаманың, Жан шығара келген соң. Білгендердің айтқаны Көкірегіне кірмейді, Өз пайдасын білмейді, Сүйегі жаман болған соң. Дул. Баб.

Posted in

СҮЙЕГІ ЖАБЫРҚАДЫ

~ «Аздықтың қасіреті осы екен»,- деп, Айрылып ақылынан, қалды сасып. Қалмақтың зорлығына шыдай алмай, Сүйегі жабырқады жаман жасып. Жіберді тарту қылып тоғыз адам, «Қамбарға қайтыңдар,- деп,- амандасып». "Қамбар батыр".

Posted in

СҮЙЕГІ БОС

Жасық, жуас, болбыр. ~ Енді қолында Күлбадан, Райқан деген екі қыз, Ғабдрахыман, Мағауия деген екі ұл. Олардың алды тоғыз жаста, арты бес жаста. Жаратылысында сүйегі бостау Ділдә бала басты болып, тез қартаюға айналған. Бетіне айғызданып ажым түсіп саркідір қатын болған. Әрх.Кәк.

Posted in

СҮЙЕГІ АУЫР

Салмағы ауыр. ~ Арба құлап қалды. Өзі сүйегі ауыр арба, үсті толған жүк, кәдімгі жар омырылып құлағандайболды. Б.Соқ. ~ Осы дауылдың екпінінен бе, әлде қаптай шауып келгендер сүйрей жөнелді ме, табиғаттың талай дауылына мыңқ етпейтін біздің сүйегі ауыр, кигізі жаңа аппақ үлкен үй төңкеріле кеп құлап, әлде не күшпен ілгері сүйретіліп кете барды… С.Мұқ. Салмақты, мінезі ауыр. ~ Қағылез ғана жігіт еді, арқасына салғанда байқады, ауыр екен, өзі нәзік болғанменсүйегі ауыр адам болады. С.Бақ.