Home » Page 295
Posted in

СҮЙЕК АЛЫСТЫ

~ Сонда Ахмет: – Сен де хан тұқымысың, мен де хан тұқымымын. Аталарымыз алыстан қосылады. Екеуміз жақындап сүйек алысайық, – депті. – Алыссақ алысайық, – депті Шыңғыс. С.Мұқ.

Posted in

СҮЙЕЙ САЛДЫ (СӨЗ)

Немкетті, шын көңілден шықпаған, дәм болсын айтыла салған сөз. ~ «Тергеп алып, білгеніңді қыл» дегенді, аяқтап келгенде әрқайсысы да бір-бір қайырған-ды. Бірақ бұл сөздері — сүйей салды. Бағанадан бергі сөзде Құнанбаймен аралары арбасып боп, айтыспай-ақ іштей жер танысып қалған. М.Әу. ~ — Көре қалдық күшін!.. — деп біреулердің зығыры қайнайды. — Қойсайшы, бала, байланысып қайтесің, — деп біреулер күрсініп, сүйей салдылау қылып ақылын айтқан болады. Б.Майл. ~ Трестен «орнынан алу керек еді, жоспарды жосылтып орындағаны ескеріліп…» деген сүйей салды бұйрық келді. Сонымен айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылып шыға берді. Б.Қыд. ~ Әлдекім қарап отырғанша ермек болсын деп әңгіменің шетін қылтитса, оны хоштап іліп әкететін ешкім жоқ: “е, солай ма еді” дегендей нәумез, сүйей салдыдан арыға бармайды. Т.Сәу. ~ — Бұл өзі я әрі, я бері емес, көңілге тимейтін, сырт көзге еленбейтін сүйей салды сырғытпа сөз. Баяғыда су жұқпас сері жігіттің аузынан естіген едім. Ай, өзі де жүрген жұпар кіндік болатын. Д.Дос.

Posted in

СҮЙЕГІНЕН ӨТТІ

Қатты қорлады; намысына тиді. * Ақынның кекесіні сүйегінен өтті: — Түбі сені жеңемін дейсің ғой… Жеңіп тұрып та жеңілуге болатынын білмейсің-ау, сен. Аяр жеңімпаздың даңқы — алыс, сүрлеуі — қарғыс! С.Әбік. ~ Әрі-бері уақыттан соң санасы сауыққандай болып, Ваня-кочегардың сөзі сүйегінен өтіп, сұмдық бір сұрапыл сезім билеп алған еді. А.Алт.

Posted in

СҮЙЕГІНЕ ТАҢБА САЛДЫ (БОЛДЫ, ҚЫЛДЫ)

Арына өшпес дақ түсті; намысы тапталды. ~ "Тек солардың табасына қаламыз ба, бірде болмаса бірде бетіңе салық қып, сүйегіңе таңба бола ма деп, артын ойлағанымыз болмаса…"— деген сөзге әкеп тіреді. Ж.Айм. ~ — Жігіт екесің, шырағым… Бұл барлық қазақтың елдігіне тиетін, намысына шабатын жұмысы. Не сүйегін аршитын, не сүйегіне тағы бір қара таңба басатын жұмыс… Ғ.Мүс. ~ " — Ол кім-әй! Руымыздың сүйегіне оңбастай ғып таңба салған? .. әкеліңдер алдыма сүйреп! — деп пәрмен береді. Д.Досж. ~ ~ Балақтан тартқан итті төске шығармай, осы жолы Тұрсынның сүйегіне таңба салса, ел бетіне қалай қарар екен деп, көңілі толқып, шамырқанып қояды. Б.Тоғ.

Posted in

СҮЙЕГІНЕ СӨЗ ДАРЫМАДЫ

Айтылған сөз санасына қонбады. ~ Оны нормаға түсіру үшін әрқайсысын төске салып, бір– бірлеп түзету керек. Ал сүйегіне сөз дарымаған кісіден жазушы шығады деп үміт арту қиын– ақ. Қ.Жұм

Posted in

СҮЙЕГІНЕ СІҢДІ (СІҢІРДІ)

Әдетіне айналды, мінез-құлқының бір қыры болып қалыптасты. ~ Сүйегіне сіңген қорықшылықтан қол үзсе – тамыры қырқылып, қурап қалған қара ағаштай боларын анық сезді. Сезсе де, тіс жарып пәлен демеді. Д.Досж. ~ Әкесінің осы әрі ожар, әрі майда әккі мінезі Көптілеудің де сүйегіне сіңген. Б.Алд. ~ "Әкесі достың баласы дос" деген қазақ дәстүріндегі қасиетті қағида Тауман сүйегіне де ана сүтімен бірге сіңген. С.Досан. ~ Күнара алған сүтіне мәз бе, әлде әкесі байғұс қол қайырымын ете біл деп сүйегіне сіңіріп кетті ме, әйтеуір жақсылықты көршісінен көрді. Қанарға салған шөбін бесігіне тиеп, мотоцикл соңынан арбаша тіркеп, ыржыңдап жүріп қол орақпен орғанын үш-төрт күнде жеткізіп береді. К.Жүн.

Posted in

СҮЙЕГІНЕ ҚАРЫСТЫ

Ерегісті, бекінді. * Енді қуғыншыларға жол ауырлайын деді‚ бойын балқытар спирт ішсе де, лейтенанттың көп ұзамай-ақ діңкесі құритыны белгілі болды. Ал аялдау — қашқыннан айырылу. Жас офицер сүйегіне қарысып, сырғанай беруге бел байлады. А.Асқ.

Posted in

СҮЙЕГІНЕ ІЛІНГЕН

Әбден арып, азып-тозып, құр сүйегі қалған адам туралы. ~ Әжімді беттегі жүндей ұйысқан қасқа сақал мен қыраулы мұртты ажыратып, аржағынан сумаңдаған тілді сүйірлетіп апарып кеберсіген ерінді жалап-жалап алды. Содан кейін тұншыға жөткірініп, көрпе астындағы сүйегіне ілінген денесін бүлк-бүлк қимылдатты. С.См. ~ Ақанжан, мен бір сұрапыл түс көрдім, — қолын денесінен айырмай, тұла бойында өші бардай тыр-тыр қасынғанын жақтырмаған Ақан қабағын шытынып. — Өзі сүйегіне ілініп әрең тұрған терің жыртылды ғой, байғұс-ау, қойсаңшы бір мезгіл, — деп еді… С.Жүн. ~ Сүйегіне ілініп тұрған баланың көзі аларып кеткен, бірдеме сұрауға да мұршасы жоқтай. Жалбырап, жалдырап бізге телмірді де тұрды. Б.Қыд.

Posted in

СҮЙЕГІНДЕ ДӘНІ БАР

Мықты, мығым. * Жұрт шулап «жігіт екен, пәлі!» деді, «Бар екен сүйегіңде дәні», деді. «Мынау ат қанаты жоқ құспенен тең, Мұндай ат дүниенің малы!» деді. С.Мұқ.

Posted in

СҮЙЕГІН ШЫМЫРЛАТТЫ

Ерекше әсер етіп, жанын ауыртты, егілтті, тұла бойын шымырлатты. * Сөйлесе — түбін түсіреді, он қолынан өнері төгіледі, күлсе — аузынан дүр шашылады. Ән шырқаса — сүйегіңді шымырлатады. Ж.Айм. ~ Айтқан сөздері бүкіл денесін, сай-сүйегін шымырлатты, жанын жаралады, ыстық жүрегін өткір қанжармен тіліп-тіліп, осып-осып жібергендей болды. О.Мақс.