Home » Page 298
Posted in

СҮЙЕГІ АСЫЛ

1. Шыққан тегі мықты, текті, асыл тұқымнан. ~ Екі-үш рет алмастырып, орнында қалғанда, мұндай ауыр шаруаға біздің әкей сиякты сүйегі асыл, ат үстінде туып, мұз төсеніп өскен дала перзенттері ғана шыдайтынына көзім жетті. М.Мағ. ~ Сол өзі тоқсанға келіп қалған жоқ па? ─Тоқсанның төртеуінде тұр, – деді Сүйіндік өз қолынан тудырып алғандай, әр сөзін шегелеп. ─Апыр–ай, ә. Сүйегі асыл болғаны – ау? Т.Әбд. ~ Көзі қайтадан тоқалына түсті. «Сүйегі асыл зәді», деп қойды іштей. Болмаса, қырықтан асқан қатын өстіп талшыбықтай бұралып отыра ма, сыры да, сыны да кетпей. Н.Дәу. 2. Жаны сірі, күш-қайраты мол. ~ Бөпке әжем де сүйегі асыл адамның біреуі. Үйдегі әйелге тән жұмыстың бәрін де Зәуре жоқта сол тындырады. Ертеден қара кешке тыным алғанды білмейді. Б.Соқ. ~ Сексеннен асты демесек, задында, қарт ұстаздың сүйегі асыл, денесі тік, жанары отты, жүріс– тұрысы ширақ, жеңіл қозғалады, аяғын қаздаң– қаздаң, жіті басады. З.Қаб.

Posted in

СҮЙЕГІ АРСА-АРСА БОЛДЫ

Құр сүйегі қалып, арыды. * Шымқорада – жер үйде, желпіндірмес көр үйде, арса-арса болып сүйегі, қалақтай болып иегі, жаңқадай жоқ жақ еттен, саусақтары шілбиіп, көлеңкедей кілбиіп, бұ жатқан қай аруақ? Ж.Айм.

Posted in

СҮЙЕГІ АҒАРДЫ

Қатты семірді. ~ Қырда еркін жүріп, ойына алған малдың аппақ қардай семіз, борықтай жұмсақ етін жеп сүйегі ағарған арлан зілдей екен. С.Жүн.

Posted in

СҮЗІП ШЫҚТЫ (ӨТТІ)

Айналасына зер сала қарады, көзімен барлап шықты. ~ Өңі, түсі екенін біле алмай, көзі алабұртып қостың ішін сипай сүзіп шықты да, түндегі оқиға есіне түскенде қайнап шыққан бұлақтың көзіндей, жасы мөлтілдеп, жылап ағып қоя берді. Ж.Айм. ~ Үңгір іші тастай қараңғы екен, дереу қалта фонарын жағып жіберіп, жан-жағымызды түгелдей сүзіп шықтық. Ж.Баб. ~ Кемпір аңтарылып аузын ашып тұрып қалды да, бірдеңе деп міңгірлеп, кірген адамдарды басынан аяғына дейін көзімен бір сүзіп шықты. М.Дәул. ~ Әуелі, қалаша сәнді киінген екі қазақтың басынан аяғына дейін бір сүзіп өтті де, бұлар сөйлесуге тұрады екен дегендей, енді жағы сембей көйіте жөнелді. С.Жүн. ~ Қызым дедің бе, інішек, – деп енді мына жұмбақты білмекке шын құмартқан Ақан жігіттің бас-аяғын сүзіп өтті. С.Жүн. ~ Шынында да қалаға келген соң, Румянцев еңбектерін бір сүзіп өттім. Б.Қыд.

Posted in

СҮЗІЛЕ ҚАРАДЫ

Шұқшия көз салды. ~ Анда-санда соңына бұрыла сүзіле қарап, жымиып қоятын сияқты. Т.Жұрт. ~ Гүлзинаның танадай көздері жарқ ете қалды. Күлімсіреп маған сүзіле бір қарады да, әнді баяу бастап, сызылтып ала жөнелді. Ә.Асқ. ~ Қане, сыра да болса соғыстырып, сыңғырлатып алып жіберелік ә? — стаканын көтеріп Балтаға сүзіле қарады. С.См.

Posted in

СҮЗЕКТЕН ТҰРҒАН АДАМДАЙ (КІСІДЕЙ)

~ Мәмбет ауылда бір ай тұрды. Ол осы айдың ішінде сыртынан да, ішінен де әбден жүдеді. Екі көзі алайып, құлағы қалқиып, сүзектен тұрған адам сияқтанды да қалды. Бірақ Мәмбет ауырған жоқ. Оның ауруы ішінде еді. І.Жанс. ~ Жұматай өміріне кісімен ашылып сөйлескен адам емес, қабағы жабылып, иығы салбырап, сүзектен тұрған адамша қатып-семіп тұнжырайды да отырады. Б.Майл. ~ Келісімен жылап-сықтап, зиратқа барып мауқын басып, ауылға келді. Жамал бейшара аз күннің ішінде сүзектен тұрған кісідей болып, келген ата-аналарымен жылап көрісуге де хәлі келмеді. М.Дул.

Posted in

СҮЗЕГЕН БҰҚАДАЙ ҚАРАДЫ

Сес көрсетіп, сыздана көз салды. ~ Сөзіңді біреу сөйлеп берсе, аузың қышып бара ма – Қосекеңде ләм жоқ. «Әне, біз солаймыз, біліп қойды» сездіре, сүзеген бұқадай қабақ астынан сүзе қарады да, желкесі күдістеніп, сыздап, ырғатыла басып шығар есікке беттеді. Т.Сәу. ~ Жас та болса, сүйегі ірі, денесі толық. Шүйделі мойны алға қарай еңкек біткен, сүзеген бұқадай қабағының астынан қарайтыны да содан болар, әйтпесе көзқарасы зілді емес. Т.Ахт.

Posted in

СҮЗЕ ҚАРАДЫ

Қабақ астынан, ұнатпаған шыраймен көз салды. ~ Сауранбай бұрылып, Қасенге көзілдірігінің астынан сүзе қарады. І.Ес. ~ Мұндай жерде, қара қазақтың алдында өзін ызбарлап ұстай білетін, жүрек шайлықтырудың әдісіне төселген үйіндісі үлкен кертағыл бұқадай сүзе қарайтын судияның көзіне көзі түскенде байдың жаны шығып кете жаздады. І.Жанс. ~ Сүкесі мені енді ғана көргендей сүзе қарады. — Біз бұны Сарыбелге жібермеп пе едік? Б.Соқп. ~ Қара сұр жалпақ беті желіндеп қабарып алған. “Байқа, міне енді біздің күніміз туды” дегендей, бұқа көзденіп, қабақ астынан сүзе қарайды. Т.Сәу.

Posted in

СҮЗБЕ БУАЗ ҚЫЛДЫ

Болымсыз нәрсеге алдаусыратты, жоқ нәрседен үміттендірді. ~ Қарымсақ осы тұста өзінің кек қайнаған ішкі наразылығын Керімбекке ірікпей білдіріп: — Әй, Кеке — ай! Жарықтығым — ай! Әлдеқашан жоқ қылатын бір кещені сүзбе буаз ғып созбақтатып қойғаныңыз-ай! Сол күні өлсем арманым жоқ болар ем, айызымды бір қандырмай, ит азғыны — өлекшіндей қор еттіңіз — ау! — деп бармағын шайнағандай болып отыр. Ж.Ахм. ~ Күләннің үні дірілдеп, әрең шыққанын сезе өтіндім: — Менен әділдік сұрамақ екеніңді келгеннен бері сезіп жатырмын, Күләш. Шын махаббат иесінің қалыс әділдік айтуы қиын ғой. Сүзбе буаз, күпті етіп қинай бермей, шындығыңды, не болса да бір-ақ айтшы! Өлді ме екен, иә, басқа біреуге тиіп кетті ме екен? Қ.Шабд.

Posted in

СҮДІНІ ТҮСТІ (ТҮСІП КЕТТІ, ҚАШТЫ)

Құты қашты, өңі кетті. * Қарт жұмысшының қашанда жығылыңқы, жапырақ иығының басы бұрынғыдан да жығылып, сүдіні түсіп кеткен екен. Ә.Нұрп. * Әнуар солбырайып сүдіні түсіп кеткен. Ә.Нұрп. * Сыртқа шығып бара жатқан жігіттің әлденеге иығының басы әнтек жығылып, әсіресе жауырын тұсы сыртынан қарағанда құдды киім астына жастық тыққандай күдістеніп, сүдіні қашып кеткен екен. Ә.Нұрп.