Титімдей нәрсе д.м. * Егер колхоздың суыртпақ жібін алған адамды көрсем, оңдырады екен демеңдер! С.Мұр. * Біле білсек, бізге жетім шалдың киімі де, тірнектеп жиған тиыны да керек емес. Жөн көрсеңдер, ағайын, суыртпақ жібін бойымызға жапсырмасақ деймін. Ә.Нұрп. * Айран, сүтінен бастап суыртпақ жібіне дейін қас пен көздің арасында қағып кетеді екен. О.Бөк. * Бұрын біздің ауылда суыртпақ жіп жоғалмаушы еді,- дейді апам,- мына соғыс кезінде әр жақтан көшіп келгендер көбейді де, ұрлық-қарлық шыға бастады,- дейді. С.Мұр. ~ «Суық бауыр баладан суыртпақ жіп сұрама деген атам қазақ.» Қ.Ысқ.
СУЫРДЫҢ АЙҒЫРЫНДАЙ ШАҚЫЛДАДЫ (АҢҚИТТАДЫ)
Жағымсыз, ащы дауыспен мазаны алды. * Үшбас басын ішке алып, міңгірлеп сөйледі. Суырдың айғырындай шақылдайтын шақарлығы қайда қалған? Бірдеңені бүлдірейін деп жүрмесін осы бала. М.Қаб. ~ Суырдың айғырындай шақ-шақ еткен Сарманов бір күні сабақ уақытысында қамшысын бүктеп ұстап, клас-қа кіріп келді. Б.Соқ. * Ол кісінің айтқаны айнымай келді. «Бірдеңені бүлдіріп алма»,– деп еді, бүлдіріп тындым. Кассир: «Суырдың айғырынша шақылдама!», Әйеш: «Көрінген тесікке тұмсығыңды сұға берме!», Үшбас: «Құйысқанға қыстырылма». …Бүлдіру осы емей, немене. Үшеуі де жатым емес, туыс, ауылдас адамдар. М.Қаб. * – Осы күннің баласы аласа туады, үлкендермен таласа туады деген осы. Суырдың айғырындай шақылдап, әбден бетке шапшиды, бара-бара… Нағашы жұртына тартқан ынжық. О.Бөк. * – Баласы жас, өсірсін деген ғой, – деп Төленді қағытып қалып еді. – Суырдың айғырындай аңқиттамай жәйіңе отыршы, – деп Бати алара қарап тыйып тастады. О.Бөк. * Әй, суырдың айғырындай аңқиттаған неме! – деп ақырып жіберді дәу шал. – Мені тергейтін дәрежеге қашан жетіп едің?! О.Бөк
СУЫМЕН КІРІП, КҮЛІМЕН ШЫҚТЫ
Біреудің үйінің барлық тірлігін өз мойнымен көтерді, құлдықта болды. * Бұлар баяғыдан суыңмен кіріп, күліңмен шыққандар. Сенің тұқымыңның есігінде ата-анасымен малайлық, құлдықта күн кешкендер. Күшін алып, түсін алып, бүгінде қартайғанда керексіз деп қағып-қуып тастаған күн қақтыларың! М.Әу.
СУЫҚ ХАБАР
Жайсыз жаңалық; қайғылы оқиға туралы жеткен сөз. * Бір мезгілде: – Бөлеке, осы елдің арасында бір суық хабар бар. Әли сұлтан екеуің Жетісудың бес руын Ресейге қарату жөнінде келісімге келген дейді. Осы рас па, жоқ па? Ә.Шәр. * 1930- жылдың көктемінде Іле-Балқаш жақтан суық хабар жетті. Б.Тоғ. * Дәл осы күндерде: – Қолықтар жүзге тарта жылқымызды қуып кетті, –деген суық хабар келді. Ж.Шәк. ~ Дімкәстік жүр елуде жуығыштап, Бел бүктірмей қалады, суық ұстап. Жер ортаға жеткенде, енді арманды Көңіл құсы қалайша қуып ұшпақ? Б.Әбдір.
СУЫҚ ҰСТАДЫ
Суық өтіп кетті. ~ Ашылып қабырға-омырау қарға қарсы, Тақымы шалбарынан жалтылдап тұр. Денесін қалыбымен суық ұстап, Ызың жел селкілдетіп, аңқылдап тұр. І.Жанс. ~ — Иә, сау-сәлеметсіз… Аман-есен жеттіңіз…— деп, әйел тағы жөтелді.— Жас күнімде колхоз жұмысының қияметінде жүріп, қолқамды суық ұстаған еді… Бұрын елемейді екем, биылдан бері еңсеріп барады… Б.Тоғ.
СУЫҚ ҰРДЫ
Күн оқыс суытты. ~ Әншейінде күн шыға гу-гу тіршілігін бастайтын аралар қалашығы да тып-тыныш,оқыс ұрған алғашқы суықтан қорғанып ұясында жатыр-ау. О.Бөк. ~ Қазан айында нөсерден соң суық ұрды да суат қатып қалған, көршінің торпағы қиядан тайып жығылып жылымға түсіп кетсе керек, соны құтқарамын деп Серый суға қойып кеткен екен… И.Бун. Салқыны тиді, зардабы өтті. ~ Етек-жеңім далақ қақты; бұ-дағы жел өтінде қалғандықтың бір түрі-ау.Көптен маған тиіп жүр-ау бір тұмау, буындарым, сенің ісің — сырқырау. Шілдеде де суық ұрды жанымды — көңіл байғұс, сенің де іргең жыртықау. Ж.Нәж. Оқыстан соққан суықтан үсіп кетті. ~ Шаруашылық жылқыны жайлауға ерте көктемде ай-даған болатын.Сарыадырда көк— тем салқын болды, суық же-лі азынаған құралайдың сал-қыны да біраз күнге созылды. Мамыр айының басында қыл-тиып шыққан қызғалдақты түнгі суық ұрып кетті. "ЕҚ".
СУЫҚ ҰРҒАН ЖАПЫРАҚТАЙ СОЛДЫ
Берекесі кетіп, тозып бітті. ~ Сол-сол екен, Түрік жұрты Тұяқ кешіп тастаған Топырақтай болды. Суық ұрған жапырақтай солды. Т.Мед.
СУЫҚ ТҰМСЫҚ
Күтусіз, жападан жалғыз д.м. ~ Ділдә Уәсиланы бір жасында емшектен шығарып, өз баурына салып Дәмегейге аздап мал беріп үй ғып шығарып, суық тұмсық етпекші болғанда Дәмегей тағы бір ұл табады. Ә.Кәк.
СУЫҚ ТОРҒАЙ
Қыстап қалатын құстардың бірі. ~ Сүт пісірімнен соң аттылар аңқып кеп Көкжалдың ирек сорына түсті. Суық торғай боп бүріскен жалқы қараша үй. Керегенің төменгі жартысына, ірге-аяқ орынына күзгі қияқтан тоқылған ши ұсталған. Ж.Нәж. * Суық торғай, жалғанда орын қалмай, Тереземе телмірді жанын қорғай. Жаз қызығын тауса алмай жүргеніңде, Қыс та келіп қалды ма жолың болмай? Р.Оңғ. ~ Қысқа түндер ұзарып, Кидік тон мен ішікті. Суық торғай – сұр торғай Кетпей қалды басқадай. Суықта да жүр торғай, Туған жерін тастамай. Е.Елу.
СУЫҚ ТІЗЕСІН ЖЫЛЫТТЫ
Шалға тиген жас әйел туралы. ~ Кетем! Әлгі Үндемесіңе айт. Мені іздеп әуре болмасын. Құдай құрамайын десе, қосақтап қатын алса да, көбеймейді. Қара інгенді әкетем! Қараулыққа самасын. Суық тізесін жылтқан қараңғы түндерімнің еңбегіне татыр. С.См.
