Home » Page 299
Posted in

СҮБЕСІ СӨГІЛМЕГЕН

Бұзылмаған, бастапқы қалпынан айрылмаған, сәні кетпеген. ~ Қаптаған жерім де – өлең, көгім де – өлең, Барлығым да сүбесі сөгілмеген. Асылдарым көрініп, көрінбеген, Жасындарым төгіліп, төгілмеген… Е.Зік.

Posted in

СҮБЕЛІ ҮЛЕС

Елеулі, айтарлықтай маңызды еңбек хақында. ~ Ахмет Байтұрсынұлы, «Қазақ өкпесі» атты мақаласымен білім беру саласына қосқан сүбелі үлесі, сара жолы болды. Сол кезеңдегі қазақ оқығандарының жанашырлық, ұлттық санасын ояту жолындағы шығармашылық, азаматтық еңбегі қазақ тарихында ұлттың кемелденуіне қосқан елеулі үлес ретінде мәңгі сақталары анық. А.Тоқ. ~ Бастауын сонау 1934 жылдан алып, күні бүгінге дейін білім сапасымен еліміздің сан мыңдаған болашақ мемлекет қызметкерлерін даярлауда сүбелі үлес қосып келе жатыр. БАҚ.

Posted in

СҮБЕЛІ СӨЗ

Мән-мағынасы жоғары, дуалы ауыздан шыққан көрнекті пікір, ой. ~ Қаракесектің бір кезде өзіңізбен тізе қосып, сүбелі сөзге араласқан Қали дейтін жүйрігі бар екен. Мағаштан жасы үлкен, өзінің атағы да дардай көрінеді. М.Әу. ~ Кезіндегі сүбелі сөздерін сүйегіне қондырып, әуезді әнімен әлдилене білген жандардың, бүгінгі заманының қырат-қырат белестерінен тұжырым түйістіре алмайтын жастарымыз. Жібі түзу,басынан сөз асырмайтын, сөйлеген сөзі мірдің оғындай, өрісі кең батыр аналарымыздың қу сирақ, сөзі түйеден түскендей, тас жүрек ұрпағымыз. З.Мах.

Posted in

СҮБЕ БИ

Басты, беделі мол, белді би. ~ Ал Төре бидін тобе би дәрежесіне жете алмаған көңілінде бітпес шері бар. Осы көкейкесті тілек, жатса–тұрса өшпес арманға айналған. Сол үшін ол Жәнібек ханның басына жастық, астына төсек болды. Мөңгілі биден кейінгі екінші би дәрежесі – сүбе би дәрежесі аз көрінген. І.Ес. ~ Ұзақ жыл бойы өзін тек сүбе би қатарында ғана ұстап келген Жәнібекке Төре би өлердей кектенген. І.Ес.

Posted in

СУЫТ ХАБАР

Жайсыз, жаманат хабар. ~ Жеткізіп суыт бір хабарды өкпек, күркіреп өтті көп жаңбыр. Тыраулап ұшты тырналар көкте, томсарып қалды тоғжан қыр. Б.Қош.

Posted in

СУЫТ ЖҮРІС

Беймезгіл, асығыс атқа қону; төтенше жортыс. * Дәл бүгінгі жүрістері ерекше бір айта қалғандай жүріс болды. Бұлардың өздері ғана емес, тіпті ат суыт жүріске өмір бойғы кәсіп арқылы біржолата пісіп қатып кеткен Қарабас, Жұмағұлдай атшабарлар да, елеусіз, Бесбесбайлардай Олжай ішінің барымташы, жортуылшылары да некен-саяқ жүретін жол еді. М.Әу. * Жалғыз-ақ Ғалымның жирен биесінен басқаларының бәрі де суыт жүріс емес, бір жерден түстеніп, бір жерде түнеп дегендей жыла қонақтаған сапарға төзер деп бағамдап келеді. К.Сег. * Бірақ үшеуінің тағы бір ақыл қосып байласқаны: "екі жақ өз бетімен шалқайысып, тек бірін-бірі жалалап, шынға ойыспайтын болса, онда Оразбай мен Жиренше Керей мен Сыбанның кей жерлеріне өздері суыт жүріп, барып қайтыспақ болды. М.Әу. — Аттылы деймісің? Жүрісі қалай? — Атын сипай қамшылап келеді. — Е, ендеше тыныштық шығар. Суыт жүрістіден қорқам. Жаманат жүйрік келетін еді да. М.Сүн. ~ «Жасаңда жатқан сауын биелерді кешкі апақ-сапақта қуып кеткелі жүрген суыт жүрісті, суық түсті біреу болмасын» дегенді ойлап, сақсынған қойшы жолаушыға қарай қырындай бет бұрған. К.Сег. ~ Қартың қазір бір бәйтерек мәуелі, Сексен емес, жүзіңнен де дәмелі. Сәлеміңе қайтаратын жауабы: — Тыныштық па? — деп сұрайды әуелі. Суыт жүрген кәріден де, жастан да, — Тыныштық па? — деп сұрайды сасқанда. Күн күркіреп, шатырласа найзағай, — Тыныштық па? — деп қарайды аспанға. М.Мақ.

Posted in

СУЫТ ЖҮРДІ

Асығыс, төтенше жағдаймен жүру туралы. * — О, не дегеніңіз? Бір қонбай Раушанжанды қалай жіберем? Сөзге енді Раушан араласты. — Апа, біз суыт жүрміз. Уақыт жоқ, — деп шешесін азғырып көріп еді, ол безілдеп аяғына отырғызбады. З.Шаш. ~ Қаракерей Қабанбай мінген «Қубасты», Көргендер талай таңырқап қарап шуласты. Ай жарым суыт жүргенде жетер бабына, «Қубастай» тұлпар қазақта қайтып тумасты. К.Сал. ~ Ей, жолаушы, жолың болсын әлдеқайда асыққан, Сыңайың бар суыт жүріп, келе жатқан қашықтан. Н.Айт.

Posted in

СУЫТ ЖОЛ

Жайсыз, төтенше жағдаймен жолға шығу. ~ Жарасқан суыт жолға аттұрманың, Арнамыс екі етпедің тапсырғанын. Дәрігер, ғалым, ұстаз һәм қаламгер, Айқаста артық сарбаз таптырмадың. К.Сал. ~ Сезімім жанымды толқытса беймаза, Серпілем ойыма жеңдіріп. Қиялым – көлігім, көңілім – кең дала, Келемін суыт жол жүріп. Н.Айт. ~ Ой-хо-о-ой, дүние шіркін! Сонымен қасында үзеңгілес қырық сарбазы бар Тоқтамыс әлде оқыс бір дүмпуден от басқандай шошынып қашып келе ме… әлде жер түбіндегі ордасына суыт жол алды ма… ол арасы бізге беймәлім… әлгі шырайы ашық бұрқырап қайнап жатқан бұлақ басына түнепті. Д.Дос.

Posted in

СУЫРЫП САЛМА

Шұғылдан, табан астында өлең шығаратын ақын. ~ Ескі ақын бізден әлі артық, Ол кезде туған бала артық, Жасымыздан шал артық, Тақпақ пен мақал тағы артық, Суырып салма жағы артық. Шәк. ~ Мысалы: ескі француз әдебиетіндегі тенсондар, бұлардың түрі қазақ айтысына ұқсайды. Онда да екі ақын көп жиынның алдында сөз жарыс жасайды. Айтыстың өзге өлеңнен айырмасы: суырып салма өлеңдермен айтысатын болса, тенсондар да сондай, жанынан шұғылдан шығарылған ауызша өлеңдер. М.Әу. ~ Қазір бойда бар өнерін, білім қуаттарының бәрін дерлік олар көш жөнекей, күрес үстінде тапты. Ол кезде халқымыздың қаптал көпшілігі сауатсыз, көргендері өз ортасы, естігендері ертегі, аңыз болатын. Суырып салма ақындар айтысын, хисса, эпостарды құныға тыңдайтын. Ғ.Мұст. ~ Қожаберген Жырау (Қожаберген Толыбайұлы) — Орта жүз Ашамайлы Керейдің Бәйбіше Көшебе руының Таузар тайпасынан шыққан атақты батыр, әйгілі суырып салма ақын. БАҚ.

Posted in

СУЫРТПАҚ ЖОЛ (СОҚПАҚ)

Ирелеңдеп, қалың ағаштың, не тау-тастың, сайдың, қалың шөптің арасымен өтетін тар жол; жалғыз аяқ сүрлеу жол. * Енді жұрт машинасыз бір адым аттамайды. Бұл күнде екі арадағы жалғыз аяқ суыртпақ жол да жоғалған. Ш.Мұрт. * Тоғай арасындағы суыртпақ жол ауылдың шетіне алып шықты. Бұл кезде күн екіндіге таяп, бағанағы ыстықтың беті қайта бастаған. О.Бөк. * Астындағы қара жорғаны бауырлата тартып жіберіп, егін арасындағы суыртпақ жолмен зәйімкесіне қарай ағыза жөнелген. Қ.Жұм. * Енді қайтып ешкімді шығарып салмайтындай, енді қайтып ешкімді қарсы алмайтындай екі арадағы суыртпақ жол уәһәм дүниеден күдерін үзіп бос жатыр. Қ.Ысқ. * Әлгі екі жағында шаншыла бітіп, үстіңе құлап кетердей еңкейе орналасқан жақпар тасты құзардың ортасын тіле жетелеген суыртпақ соқпақ әсіресе, қыс мезгілінде тамұқтың қыл көпіріндей сұмдық қатерлі де, қаттырақ дем алуға дәтің жетпейтін аса қорқынышты. О.Бөк.