Суықта қалып, денесі тоңазығаннан тымауратып ауырды. ~ Жан-жағынан үңілді. Қалың көрпе жамылған, Басын қойған жастыққа, Суық тиіп, су жұтқан. Көзі түсті бастыққа. — Сендер үшін балық боп. А.Тоқ. ~ Күзгі суық тиіп қалмасын деп анасы итжейдесінің сыртынан қабаттап күртеше кигізіп, оның сыртынан денесіне шақтап кішкене бешпет тігіп беріпті де, ылдырмақ тағып қойыпты. А.Кең. ~ Күллі мұғалім әйелдер секілді, ол да жиі-жиі тамағына суық тиіп ауыратын. К.Паус.
СУЫҚ ТЕР ШЫПШЫДЫ (ШЫП-ШЫП ШЫҚТЫ, ШЫП ЕТТІ)
Қатты қобалжып, қорыққаннан не қиналғаннан тер бұрқ ете қалды. ~ — Басым айналып, жүрегім өрекпіп барады, — деді Сақып маңдайын сипап, — тер де шығып кетуін қарашы!.. — Неге?! — деп Тілеген Сақыптың маңдайын ұстап еді, суық тер шыпши қалған екен. С.Мұқ. ~ Жаз күні ғой шіркін. Ойда жоқта қымыз есімізге түсіп, аңсап, діңкеміз құрып, шелдеп жүріп бергеніміз бар емес пе. Осындай сусап тұрған кезінде сары қымызды тартып жіберсең, сүйсінетіндігің сонша, маңдайыңнан суық тер шып-шып шыға келмес пе еді? Б.Қыд. ~ — Көп отырып қалыпсың ғой … Мынау күтпеген сұрағым. Маңдайымнан суық тер шып ете қалды. М.Сүн.
СУЫҚ РАЙ
Жылулық байқалмайтын, ренішті, кесірлі бет-әлпет. ~ Би-төрелердің жол бойы байқатқан озбырлығына, местігіне, елге танытқан суық рай зорекерлігіне іштей ызасы түсіп, ұнатпай келе жатқан күйші төрелер бір ауылға түсіп, мәжіліс құрып отырғанда, тыңнан бір күй шертеді. ҚАӘ.~ Оның еңсегей бойлы, жуан тұғыр денесіне сай, бет терісі де қалың, әрі сұсты. Қайратты, қалың қастары едірейіп, қабағынан бір түрлі ызғар шашып, суық рай сыртына теуіп тұратын. Т.Рыс. ~ Баланың жабықса да жауыға қарайтын суық райы жоқ. Кәдімгі өз үйінде отырғандай бәріне бауыр басып барады. Т.Рыс.
СУЫҚ ӨТТІ
Суық тиді. ~ Түстік үстінде Әспет Шәукенге үш түрлі дерт жабысқанын айтты. Біріншіден, ол ұшынған, екінші оның сүйегіне суық өткен, үшінші, және ең ауыры – сыртқа шықпаған шешегі. Т.Әл. ~ Жолда машинамыз бұзылып, айдалада тұрып қалып… суық өтсе керек. Ғ.Сл.
СУЫҚ ӨҢ
Мейірім байқалмайтын, жылусыз, салқын жүз. ~ — Ар жағын айта бер! — деді Айғаным жауап күткендей жымия қарап, аз тоқыраған баласына, суық өңін жылытпай. С.Мұқ.
СУЫҚ ҚҰШАҒЫН АШТЫ (ЖАЙДЫ)
Жылусыз, ызғары қайтпаған ауа райы хақында. ~ Март айының мұздай суық суына қарағың да келмейді. Қаракөк толқындар жұтардай ұмтылып кеп, суық құшағын ашады. Ғ.Мүс. ~ Тұрдым да, былқылдаған қап-қара, суық құшағын арғы жағадан бергі жағаға дейін жайып жатқан тыр жалаңаш айдынның құшағына қойып кеттім. М.Қаб.
СУЫҚ ҚОЛДЫ
Жымқырма, жемпаз, ұрлық-қарлыққа бейім. * Темекең күз әбден жетіп, алмаларын жинай бастаған кезде ғана бақшасына бір суық қолдың кіргенін сезетін. Аң-таң болатын да қоятын. І.Ес. * Қазақстанның экологиясын өз дәрежесінде қорғай алмай отырмыз. Парақор, ұры, қиянатшыл, суық қолдыларға мүлде жол беруге болмайды. Ж.Баб.
СУЫҚ ҚАПТЫ (ҚАРМАДЫ, ҚАРДЫ)
Салқын ауа тұла бойын мұздатты. * Төсектен аяғын салбыратып еді, жалаңаш балтыры мен санын суық қапты. М.Қаб. * Салқын ызғар қамсауы жоқ, көне шекпеннен лезде өте шықты. Терлеп, жіпсіп келе жатыр еді, тұла бойын суық қармап сірестіре бастады. Қ.Жұм. * Еркектер бір-бір аттарын баптап мініп, көкпар тартады. Сөйтіп, көк жайлауда көсілте шапқан жігіттер қыс бойы аяз қарып, суық қармап қалған денелерінің құрыс-тырысын бір жазып алады… Қ.Жұм. * "Екінші Шаңғарақшы" көшесі мен стансаның арасы — алыстың алысы. Жүре бересің, жүре бересің, жете алмайсың. Тәтті тәніңді мынау қара суық қарып барады. Қойны-қонышың толған ұры жел. Ә.Тар.
СУЫҚ ҚАБАҚ ТАНЫТТЫ
Кежірлі, салқын жүзбен қарап, жаратпай тұрғанын білдірді. ~ Жұрт кеу– кеулеп, қысыр әңгімені қыздыра бастағандай еді, Демежан суық қабақ танытып, туыстарын тыйып тастады. Қ.Жұм. ~ Осы ордадан шығысымен жігіттеріңді ал да, атқа қон! – деп Қалдан қарсы уәжге ыңғай бермес суық қабақ танытты. С.См. ~ Зәуресі жаны ашып жылап тұр, ақ келіншек жанында қарқылдай күліп мазақ етеді, ал өз келіншегі болса, суық қабақ танытып, баласын ертіп, жанынан өтіп барады. Н.Абд.
СУЫҚ КӨЗҚАРАС (КӨЗ)
Ұнатпай қарап, салқын сыңай таныту туралы. ~ Кәдірқұл мына жағдайдан оңай құтылғанына іштей қуанса да шығып бар жатқанда Тоқаштың суық көзқарасынан шошып қалды. Б.Тоғ. ~ … кентаврдың көзілдірік астынан зәрені ұшырып, мұздай қарып қарайтын суық көзқарасы, үңгір ішіндегі қиямет-қайым, Жамалдың түймеленбей қалған тартпа бауы дейсің бе, бәр- бәрі көз алдымнан кезекпен шапқылап-өтіп, лықсып келген наза тамағыма тас боп тығылды. М.Қаб. ~ Сусылдаған қызылкүрең шашы желп-желп етіп қабағы түксиіп, шүй-лігіп қарағанда сұп-суық көздері адамның өңменінен өтеді. Б.Соқ.
