Жақтырмады, ұнатпаған кейіппен қястана қарады. ~ Хәрами, макруһи былай тұрсын, құдай тағаланың қуатыменен, ижтиһад ақылыңменен тауып, рахатын көрмегіне бола жаратқан, берген ниғметтеріне, онан көрмек хұзурға суық көзбен қарап, ескерусіз тастап кетпек ақылға, әдепке, ынсапқа дұрыс па? Абай. ~ Даңқы жер жарған Құлагерге мінген баланы басқалары да ұнатпай, қасына жуытпай, суық көзбен қарап, шет қақпай еткен сыңайлары білінеді. С.Жүн. ~ Даңқы жер жарған Құлагерге мінген баланы басқалары да ұнатпай, қасына жуытпай, суық көзбен қарап, шет қақпай еткен сыңайлары білінеді. М.Әу. ~ Апам суық көзімен ата қарады. Ағаттау айтып қалғанымды сезіп жерге кіріп кете жаздадым. Б.Тоғ.
СУЫҚ ІЗ
Күдікті жақ ж.м. ~ Осыдан екі жыл бұрынғы бұл сайланатын жалпы жиналыста арғы беттің Тоғамыс бастаған тобы арқилы сылтау айтып, мынауың басқарма бола алса нетті деп өңештеп–ақ еді. Суық із сол жақтан тартпаса игі… М.Қан.
СУЫҚ ЖҮРІСТІ АДАМ
Күмәнді іспен айналысатын, қылмысқа бейім адам. * «Ел құлағы — елу» ғой, суық жүрісті адам білінбей не тұрсын? Сұрастырып, қағып, келгенде, осының бәрін қылып жүрген Мұқаш екені кешікпей-ақ ашылды. Ж.Айм. * – Басқасы «үгітшілердің қосымша міндеті» деп аталады. Куәлік – жолхатсыз қонақтарды, көбірек қыдыратын «суық жүрісті» адамдарды байқай жүріп, пайзысоларға ұстасып беру керек. – Тыңшылық деші! Қ.Шабд. ~ Кім де болса пиғылы арам, ниеті бұзық біреу. Әйтпесе, жесір келіншектін үйінен не алады басқа адам. Әлгі суық жүрісті кісі бұған қарсы жүрді. Екеуі бетпе-бет келді. Күренді неге мінесің деп салғаннан соқтығатын шығар деп ойлаған. Беті қалыңдау еді, сонысына баққан ол суық сазарды. Ө.Кәр. * Қызыл келіншектің үйіне Тіндәй өңдес, бірақ, одан үлкендеу бір жігіт лыпылдап келіп кірді, қақпадан кірерде жанжағына қарағыштап қоюынан, оның да суық жүрісті екенін сезгендей болып, үйдің төбесінен түсе жүгірдім… Қ.Шабд.
СУЫҚ ЖҮРІС, СУМАҢ ҚЫЛЫҚ
Жеңіл жүріске, нәпсіқұмарлыққа бейім мінез хақында. * «Қызға қырық үйден тыйым» деп қазақ салт-дәстүрінде тәрбиелік ұғым, ұстаным бойыншаш суық жүріс, сумаң қылыққа тиым салынады. БАҚ.
СУЫҚ ЖҮРІС
Ашыналық қарым-қатынас. * Кедейлігін, осында келіп байлыққа күп ете түсіп құтырғанын, күні-түні суықжүріс жасап сайқалсуын айтып, асты-үстін түгел қазған Тастанның балағат сөздерін де түгел ести алмады. Құлағы шыңылдап, есі ауа берді. С.Жүн. * Жайшылықта байсалды да сабырлы Нұрбике күйеуінің суық жүрісін сезіп қалғанда өзгеше ойнақы мінезге басатын. Ө.Кәр.~ Егер ол жамандап барса оның аға-бауыры Ханжігітті қойға кірген қотыр ешкідей жалғыздап мүйіздеуі, өйтпегенде… бәлки, әлдеқалай келіннің бір суық жүрісі болып… қой! Құдай басқа жазбасын! Мұндай сұмдықты ойлаудың өзі де күнә ғой. Ғ.Біл. Төтенше жағдаймен атқа қону; суыт жүріс. * — Қап… Сенің бұқ дегеніңе еріп менікі не,- деді Ықсан өзіне-өзіызаланып — Кімдер? Неғылған суық жүрісті жандар. М.Сүн.
СУЫҚ ЖҮЗ
Ашулы, ызалы, айбар төккен сыңай. ~ Бүлк етуді білмейтін безірейген суық жүзінен оның әлде домбыра тыңдап, әлде өз ойына беріліп отырғанын аңғару қиын… Ә.Әл. ~ Қара жер қақ айырылса, күмп беруге пейіл боп Жақан отыр. Екеуінде де үн жоқ. — Хал қалай?— деді Шайхат әлдебір уақытта. Суық жүзі сөйлегенде күрт жылып қоя берді. Ә.Кек. ~ Жабай осы соңғы сөзге қайыса жаздап: "Өй тоқташы, бұл қай айтқаның?" дей беріп еді. Күнту суық жүзін жібітпей, отты қара көздерін салмақпен, салқын қадап отырып: – Айтқаным сол! – деген-ді. М.Әу.
СУЫҚ ЖОЛ
1. Ойнастық, жеңіл жүріс, нәпсіқұмарлық. ~ Басты байлап, естен айырылып, күнәға айдаған кесел жойылды. Енді Шолпанның Әзімбаймен арасын үзбеуі қалай? Шынымен-ақ оның суық жолға түсіп кеткені ме? Шолпанға да ойнастың әдетке айналғаны ма? Жоқ, ойнасты өнеге көретін, суық жолды әдет қылатын әйел Шолпан ба-ай? Ендеше! Бұл ендешеге жауап жоқ. М.Жұм. ~ Тірлігінде Құдай жолына адал болмаған, ақ некелі әйелі тұрып, оның көзіне шөп салған. Зина істеп, суық жолға жүргендер, маскүнгемдікке салынып, арақ- шараптың соңына түскендердің күнасы тым ауыр. Т.Рыск. 2. Ұрлық-қарлық жасау. ~ Өткен қыс бойында "суық жол, арам жол" деп өзі жамандап, жиреніп жүрген ұрлық жолы бұл күнде қайтадан жылы жол болып, күлімсіреген жылы шыраймен қайтадан құшағына алды. М.Әу. ~ Жақсыбайдың сонау бір суық жолмен әкеліп Тобықтыға өткізген екі жылқы жөніндегі қиянатын айтып шықты. С.Бег.
СУЫҚ БАУЫР
Мейірімсіз, жылусыз, өгей. ~ Жасырар- жабары жоқ, мына менің қасымда отырған Әлқыдыр мұғалімнен басқасы түгелдей шетелден оралғандар. Суық бауыр сұм тағдыр бір атаның ұрпағын бірінен- бірін жылатып бөлген. Т.Рыск. ~ … бүгінгі қазақ әдебиетінің бағдарсыздығы, «балапан басына, тұрымтай тұсына тартқан заман», жастардың үлкендерді менсінбеуі, үлкендердің жастарға үрке қарауы, Кеңестік дәуірде жетіп жататын шетел әдебиетінің сирек көзге түсуі, Қазақстан қаламгерлері мен шеттегі қазақ қаламгерлерінің «суық бауырлығы» – бәр-бәрі қатты толғантты. Ж.Шәк.
СУЫҒЫНА ТОҢЫП, ЫСТЫҒЫНА КҮЙДІ
Мойынына түскен ауыртпалықты қыңқ етпей көтерді. ~ Алты-жеті жүз қойды қысы-жазы өзі бағып, өзі қағып, суығына тоңып, ыстығына күйіп жүрсе де, өзінде бір қой болмау деген не деген сұмдық? Ж.Айм. ~ Қазақ әдебиетінің әлемдік әдебиеттегі орнын күреп, отын жағу, керегесін қалап, уығын шаншу, оның суығына тоңып, ыстығына күю осы буынның мойнында тұрған ауыр жүк. Ж.Шәк. ~ Суығына тоңып, ыстығына күйгенге, оттан да ыстық өмірді сүйгенге не жетсін, шіркін! Ә.Ысқ.
СУЫ ҚАЙТТЫ
Күші тайды. ~ Фәни дүниенің алтын тағында отырған шақтарында ызғары бет қаратпайтын арыстан айбары сынып, түлкі мұрттанып алған, көзденде жалақтайтын «қыл қимас» алмас қылыштардың суы қайтқан, әлемді алақанында ойнатып, адамдарды асықша ататын салауаттарының сағы сынып, жасығы жібіп, мүсәпір мүскіндерге айналған олар құйбатпақтың үстімен айдалып келе жатқанын Боранқұл кейінірек байқап, үнсіз жымиды. Ғ.Біл.
