Ұнатпайды; жек көреді. ~ Әсіресе, бөпелі болғаннан кейін мүлдем шығысып кетті. Шекесі қушық, мінезі шырт етпе күйеуімен де етене болды. Қанша ашуланса да төбелеске бармайтын әдеті іш тартқызды. Тек, қобызы түскірін суқаны сүймейді. Т.Әл. ~ Сонда да баяғы қылығы ойыма оралып, суқаным сүймеуші еді. Ы.Дәб. ~ Ауырғаннан бергі екі жылда ешкімді, еш нәрсені суқаны сүймейтін, тіпті көрші үйдің әтеші шақырып, иті үрсе де мұның шамына тиетін болды. О.Бөк. ~ Оның жалт- жұлт еткен алтын тістерін, мәнсіз ыржаңдасып тұрған анау екі келіншекті де, ащы ішектей шұбатылған кезектегі қарақұрым жұртты да суқаным сүймей тұр. Ж.Шағ. ~ Шал мен ұлының өзгені қойып, өзін суқаны сүймей оңаша отырыстарын сезген бәйбіше қайтып қайрыла қойған жоқ. О.Бөк. ~ Қазіргі жастарға таң қалам. Өткенді ұнатпайды, қазіргі кезді суқаны сүймейді, ал келешекке немқұрайды қарайды. Э.М. Рем.
СУДЫҢ ТҰНЫҒЫН, ШӨПТІҢ ШҮЙГІНІН ҚУДЫ
Жанға жайлы, малға ыңғайлы жер (тірлік) іздеді д.м. * Тау сағалап, өзен жағалап, судың тұнығын, шөптің шүйгінін қуып, мал қамымен бытыранды жүрген халықты уайымдасуға үлгертпей, дулығалы сауыт құрсанып, тұлпарлар мінген айдарлы доспан қапыда қу шөпке тиген өрттей жалмаған. Ғ.Біл. СУЕТА СУЕТ Митың тірлік.
СУДАН ШЫҚҚАН ТЫШҚАНДАЙ (БОЛДЫ)
Салы суға кетті, сүмірейіп, сүмең қақты д.м. ~ Бекболат судан шыққан тышқанша солбырайып, сенекпен ептеп аяңдап, алақтап дәрігерлердің қасынан өтті. Ж.Айм. ~ «Ойбай-ай, осыншама қалың жұрттың таудай көріп арқа сүйеп жүрген басқармасының судан шыққан тышқандай сүмірейіп, әлдебіреудің алдына түсіп емпеңдей жөнелгені-ай». М.Қан. Суды да пересуды — жел сөз, жел буаз сөз, жел өсек.
СУДАН ШЫҚҚАН ТАУЫҚТАЙ (СҮМІРЕЙДІ)
Көңілі пәс болып, құты қашып, сүмеңдеп қалу. ~ Ертеңгі күнін ойламайды-ау шіркіндер. Судан шыққан тауықтай жалғыз өзі сүмірейіп қалмай ма? Ә.Тар.
СУДАЙ ШАШТЫ
Аямай төкті, рәсуа қылды. ~ Адам баласының ғасырлар бойы тырнақтап жасаған қазынасы мен қорын қурайдай өртеп, судай шашып, құтырынып алған. Ғ.Мүс. ~ Баспа ісімен айналысқанымен, соғыста жүйкесі жұқарған, операция жасауға қабілетсіз болып қалған інісі ішкілікке салынып, тапқан-таянғанын судай шашады. Сэлиндж. ~ Анау… – Әбжал ауа жетпей алқым түймесін ағытқан, – айдалып кетті ме? – Айдалады. Иттің баласы, қанын судай шашсам да, жанына ілесіп барған контрларды айтпай қойды. Бәлкім, сен білерсің? Н.Дәу.
СУДАЙ СІҢІП, ТАСТАЙ БАТТЫ
Жым-жылас болды, жоғалып кетті. * Қара тон не совхоз, не фермада судай сіңіп, тастай батты. М.Қаб. *Ардақты айттырып келген ешкім болмады. Салық төбесін қайтып көрсетпей, судай сіңіп, тастай батып алған. Түн жамылып бірер келіп кеткенін де білмейтін сияқты. О.Бөк. ~ Пахраддин есеңгіреп сәл тұрды. «Қасқыр!» деген ой сап етті басына. Сол-ақ екен, тұла бойы мұздап қоя берді. Сөйтсе, байғұс есек мана ақырамын деп басына пәлені шақырған екен ғой. Түу, атаңа нәлет, енді көрмегені осы еді! Балқия болса құрыды құм арасына тастай батып, судай сіңіп. С.Ел. ~ Он жылға кеткен Жаңгүдей Сібірге судай сіңіп, тастай батты да, Көкеміз керексіз болса да «керек» болып әлі жүріп жатыр. Қ.Ысқ. Жаңа түскен келіннің барған жеріне барынша ұнамды болып, өз үйіндей араласып, сіңісіп кетуі туралы. ~Өмірдің заңы солай, теңіз бен теңіз, адам мен адам қосылады. Барған жерінде судай сіңіп, тастай батып жатса, нағыз абырой сол емес пе? БАҚ.
СУДАЙ СІҢІП, ЖЕЛІМДЕЙ ЖҰҚТЫ
Жаңа ортада өз үйіндей сезініп, сіңісіп кетті. ~ Ол баста Лизаның әке-шешесіне судай сіңіп, желімдей жұғып, болашақ күйеу бала ретінде қабылданған Қараш қалыңдығы Алматыға ауысқалы бері нілдей бұзылған. Т.Әл.
СУДАЙ СІҢІП, БАЛДАЙ БАТТЫ
1. Барған жеріне жаға білді, бейімделіп, үйреністі. ~ Ұрлап келген малға «судай сіңіп, балдай батсын» деп бата береді. Ж.Баб. ~ Қыз балаға жат босағаны аттағаннан кейін сол түскен жеріне балдай батып, судай сіңу ғана парыз. Ж.Сәм. ~ Бір сәт әке-шешесі, бауырлары есіне түсіп, көңілі бұзылып кетті. Қой мұным не, мен бұл үйге бөтен адаммын ба? Қыз байғұсқа барған жеріне судай сіңіп, балдай батқанға не жетсін. Мынау өз ұясына ұқсас ұя секілді емес пе. К.Қаз. 2. Бойына дарыды. ~ Албастының айырмасы адамнан – Тек таяқ деп біледі екен әліпті. Олардың да жұтатыны оттегі, Іше алатын албасты да көп, тегі. Судай сіңіп, балдай батып ауамен, Олар қайда араласып кеткелі?! Ж.Жақ. ~ Ішкені судай сіңіп, балдай батты. Маңдайға бақ қонбайды жазылмаған, Ұзаққа хан дәурені созылмаған. Тік басып жүрген жанның жер бетінде … Н.Айт.
СУДАЙ СІҢДІ (СІҢІСТІ)
Араласып кетті, ізін жоғалтты. * Гог-Магог поместьесінің құдай қарғаған түкпірі іспеттес елсіз қиынға судай сіңіп, ел бетін көрмей, жалғыз қалатын кезді қынжыла аңсады. А.См. * «Күлшелі бала сүймекке жақсы», оның бер жағында адамдармен тіл табысқыш, кез келген ортаға қас-қағымда судай сіңісіп кете барады. Қ.Жиен. * Жат ел, бөгде жердің босқыны болғандықтан ол жерде де қақты-түрткіні көп көрді. Діні бір болғанымен, тілі, ділі бөлек жат дұрттың ішіне судай сіңіп кете алмады." Т.Рыск. * … кімді қиратар дейсің, кімнің өртегенін кім зерттейді дейсің. Құмға құйған судай сіңді де кетті дей бер. С.Ом.
СУДАЙ СІМІРДІ
Тітіркенбей жұтты, обырдай тиді, қомағайлана ішті (көбінесе, араққа қатысты айтылады). * Ата-бабамызаузына татып алмаған арақ деген пәлеңді суша сіміретін болдық. Б.Алд.* Одан басқа сөз айтар халы жоқ. Судай сімірген спирт өзегін өртеп барады. Тынысы да бітеліп қалған сияқты дем алайын десе, өңеші өртенетіндей. С.Мұқ. ~ Өзге тамаққа да өлердей мешкей ту қойдың етін еңсеріп тастайды, сорпаны керсеңдеп ішеді, жуан бөлке нандар жұмырына жүк болмайды, арақты да судай сіміреді. С.Мұқ. ~ Әуелі қыздар дастарқан басына ұйлықты. Ештемеден қымсынар түрі жоқ. Қамшы салдырар кейіп танытпайды. Ішіп те жатыр, жеп те жатыр. Ал, арақ дегенді судай сімірді. Д.Ахм. Судай көлдетті. ~ «Жаным қалайсың? Жігіттер мейрамханаға шақырып, ауқаттанып алдым жаңа бірәзірде»,- деп өтірікті судай сімірді. А.Хам.
