Ығы-жығы болып, бір-біріне сеңдей соғылысты; құжынап кетті. * … қалталарын қайыра-қайыра қағып, бір құты шараптың пұлына жеткізе алмай пұшайман болған маскүнемдер судай сапырылысады. А.См. * Енді қараса, екеуі тау басында түр. Табан асты терең құз, шың басында қалың бұлт, қара қошқыл бұлт. Қайнап жатқан қазандағы судай сапырылысады. Ә.Тар.
СУДАЙ САПЫРДЫ
Оңды-солды, ретті-ретсіз сөйледі; сөзге ағып тұр, өтірік-шынын араластыра соғып отыр д.м. * Орысшатұрмақ, орысты көргені осы еді, жездесінің судай сапырғанына таң қалды да өзі білмесе де секпіл бет сарының алдында беделі әжептәуір өсіп қалды. Қ.Ысқ. * Әйел әңгімені судай сапырып отыр. Күйеуінен ерте қалғанын да айтып көз жасын сығып алды. Н.Дәут. * Торы шолағы зірк-зірк желіп, ызғытқан топқа әрең ілесіп Шеге келеді. Әңгіме-қалжынды судай сапырып даурыға желген топтан көңіл күйі де бөлек. Қабағы жабық. Үні шықпайды. С.Елу. * Бір ерекшелігі, үйдегі жан біткеннің бәрі қазақша мен орысшаны судай сапырып сөйлей береді екен. Қ.Ысқ. * Одан кейін табаны күректей он сұрақ берді. Ешқайсысына мүдіргем жоқ, судай сапырып жауап қайтардым. К.Қаз. Әлдебір істі дөңгелетті, қыздырды. * Бойков бір жағынан сауданы судай сапырып, осы маңайдағы орыс,қазақтың тиын-тебенін қидай сыпырып алады. С.Ом.
СУДАЙ ӨТІРІК
Қып-қызыл жалған, бір рас сөз жоқ. * "Осы айтқандарыңның бәрі судай өтірік! Иттің баласы, жасыңнан өтірікке үйреніп қалған немесің, бет-аузың шіірікпейді,"- деп, қарқ-қарқ күлді. М.б.Т. ~ Біреу тұрып: — «Қырукин оңбаған кісі, күшікті папируспен тұмсыққа түртіп ырылдатты, күшік ыза болып қолын қауып алды» — деді. — Өтірік айтып, былшылдама, соқыр! Айтқаны судай өтірік. А.Байт.
СУДАЙ АҚТЫ
Ағыл-тегіл төгілді. ~ Жөн сілтер, Жол көрсетер жан болмады, Жауыз жау қойсын ба енді мені атпай?! Қорғасын жас жүрекке оғы батты, Күнәсіз таза қаным судай ақты. М. Жұм. ~ Асан Қайғыға ақ үй тігіліп, үш жырауға арнап қазысы кере қарыс қысыр бие сойылды. Сапырылған уыздай сары қымыз судай ақты. І.Ес. ~ Жендеттер жаралғалы кімді аяпты,Көгендеп кәрі-жасты бірдей атты. Кәмпеске, ашаршылық, отыз жеті- Кінәсіз халық қаны судай ақты. Н.Айт. Әлде бірдеңенің қиюы қашты. * Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та қоймай, тыңдауға қолы да тимей,пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден естіп ұқпай тынбайтұғыны қалай? Абай. Мүдірмей, шешен сөйледі, жанын салып әрекеттенді. * Задатқа деп аузына аз май жағып, Алған сайын тымшешен судай ағып, «Екі жұма бұл істі күтіңіз», — деп, Амандасып жөнелді құйтың қағып. Шәк. * Жалғыз балалары Тілепалдының еш хабары шықпай қойды. Әркім әр саққа жүгіртеді. Күлте сақал Күдеріге айтқызсам: «Алшынбекжан екеуі оқуға келгенде судай ағады. Ә.Кек. * Пейілдері теңіздей шалқар. Әңгіме, сөзге судай ағып тұр. Ү.Жәл.
СУДАЙ АҒЫП ТҰР (СӨЙЛЕЙДІ)
Еркін, көсіле сөйлейді. ~ “Ол қолдан келеді”. “Жарты ай мерзімде”. “Әңгіме жоқ”. “Онда жүрелік. Барған соң, ақысын келісе жатармыз”, деді қасқабас, қалың бас. Өнештің таң қалғаны, анау қазақша судай ағып тұр. Н.Дәу. ~ Алланың қазақша сөзді судай ағып сөйлейтіні де дала қазақтарын қайран қалдырмай қойған жоқ. Б.Тоғ. ~ Әркез шырышты қолдары еңбек адамдарына тән қайрақтай қатты болғанмен жомарт. Пейілдері теңіздей шалқар. Әңгіме, сөзге судай ағып тұр. Ү.Жәл.
СУДАЙ АҒЫЛДЫ
Толассыз, үсті-үстіне келіп жатты. ~ Бұл кездері баяғы теңмін деп құмартып, құлқынын құртып жүретін замандастарынан жоғары секілді телміріп жазған өлеңдер, хаттар судай ағылып келсе де, кейбіреулерін жауапсыз жыртып, кейбіреулерін өзінің шешендігімен жебедей жерге енгізіп, енді қайтып бас көтеруге жаратпай тастай беруші еді. С.Тор. ~ Тұтанып өршуге бет алып тұрған араздық ал енді дауламасы бар ма? Дүрілдеген өсектер, гүрілдеген өсектер судай ағылды. Әй, не сұрайсың?.. С.Тор.
СУДАЙ (СУ) ЖАҢА
Жап-жаңа киім, бұйым; жаңалық, сөз т.т. * Алдабергенов судай жаңа костюм шалбарын, тағы басқа жаңа құсқысын киіп, үлкен жолға, Көксуға қарай кететін қара жолға шықты. С.Бақб. * Аса сезімталдықпен туындаған су жаңа сөзі қоғамдық байланыстағы жаңалыққа, жаңа хабарға, жаңа сөзге, жаңа бұйымға жаңа мәртебесін беруге, оның жаңа екенін анықтай түсуге, сендіре түсуге, су ағысы табиғатының үздіксіз лыпыл қағып жаңарып тұратын табиғи қасиетінен «су жаңа» сөзін жасаған. Ж.Баб. * Бір кезде шымылдықтың ар жағынан: — Өзің өңкей бір… Сойған түлкідей ыржалақтап күле бергеннен не шығады. Одан да ана су жаңа жігітке кезек берсеңдерші, — деген дауыс шықты. Қ.Найм.
СУДА ЖҮЗГЕН БАЛЫҚТАЙ
Әлдебір істі емін-еркін, қысылып-қымтырылмай, еш қиындықсыз, армансыз өқмарта істеу туралы. * Тіпті аудиторияда тұрғанын, қарсы алдында отырғандардың көбі шауып шыққанда шала шәкірт қана екенін ұмытып, өзінің үзеңгі достарымен оңаша әңгімелескендей шешіле сөйлеп кетеді. Еркін, емін-еркін, суда жүзген балықтай… З.Қаб.
СУ ТҮБІНЕ КЕТТІ
Біржола құрыды, із-түзсіз жоғалды. * Су түбіне кетіп бара ма, әлде адам көрмеген бір бақытқа кездесе ме, бұл — Злихаға қараңғы еді… Ендеше, үйін, байын, ішінен шыққан баласын тастап, елеске еріп несі бар еді?.. М.Мақ. * — Бектемірдің әкесін білетін, сыйлайтын азаматтар көп. Соларға арқа сүйесе, Мақан, сен су түбіне кеттім дей бер. Онда менің де шамам келмейді. С.См. * Осы уақытқа дейін бір сәт тыным таппағаны, әрекеттен қол үзсе-ақ, су түбіне кетердей ма¬засы қашып, дегбірі тозғаны да содан екенін сезеді… Оған қылар қайраны тағы жоқ… Т.Шап. ~ Жүрегін қобалжытқан қауіп-қатерден арыла алмай жүні жығылып жүдей қалған Күреңбай: − Қолға түсіп қалсам, су түбіне кетем ғой, — деді. С.Ом.
СУ ТҮБІНЕ ЖІБЕРДІ
Түп-тамырымен құртты, түбіне жетті. * Малдыбай айыбын мойындағандай, төмен қарап үндемей қалды. Оның мына түрін көріп, Бәйтен сәл–пәл есін жиғандай болды. ─ Осынша су түбіне жіберетіндей, сізге не жазығы болып еді? – деді даусы тарғылданып. – Адамдық қасиеттен осынша жұрдай болып, не құдай ұрды сізді?! Т.Әбд. * Алдағы топтың қайда түнеп, қалай қарай жүретінін күні бұрын біліп отырады. Өздері де Кенесарыға сондай өшіккен екен. Кешегі жолдастарын бүгін су түбіне жіберуге бар… І.Ес. * Мұрттай ұшырады. Жабыла талайды, жабыла қуады. Жаппай іске алғысыз қылады. Жоғарыдан теке көз едірейсе, қитар көз шадыраяды. Пәлен көз су түбіне жібереді. Төлен көзі "онымен бізді салыстырма деп" шыға келеді. С.Смат. * Құдайдай табындырды түгел елді, Ұнатты құлдық ұрып сүмеңдеуді. Кемшілігін айтқанды кешірместен, Келместей су түбіне жібереді. "Кенжекейдің кешірмелері".
