Лыпыл қағып, құрдай жорғалап, жаныға қимылдады. * Отыз құл ақылдасты басты қосып, Өлеміз деп ойлады жаннан шошып. … Су төккісіз жорға боп шал жылмандап. Отыз құл мынау тек жан емес қой деп, Әлінше қызметінде жүр тырбандап. Абай. * Ендеше, ендігі сенделісі не? Әлде су төгілмес жорғадай лыпып тұрған алғашқы әсер сейіліп, боямасыз жұп өмір басталды ма? М.Қаб.
СУ ТӨГІЛГІСІЗ ҚЫЛДЫ
Қиыннан қиыстырып, сенімді, еш күмән тумайтындай қылды. * Оның білмейтін әкімі де, сөйлеспеген адамы да, білмейтін заңы да жоқ. Соның бәрін көзімен көріп, қолымен ұстағандай, су төгілгісіз қыла, нандыра, жанын бере, орысшаны араарасына қыстыра сөйлейді. Ж.Айм.
СУ ТИГЕН ТОРҒАЙДАЙ БҮРІСТІ
Бір уыс болып, құнысып, жиырылып қалды.* Жылқышыны былайырақ шығарып салып, қыздарының отау үйіне кіріп еді, бәйбішесі де осында екен. Су тиген торғайдай әр бұрышта бүрісіп, кетеуі кете сүртиіп отыр. О.Бөк.
СУ ТЕГІН
Ақысыз, көк тиынсыз келген, тым арзан. ~ — Ел қалай? Күйлі ме? — Шаруа күйлі. Жұт болған жоқ.. Жалғыз-ақ, налог кезінде қысылды. Мал су тегін болды ғой… Ж.Айм. * Төгілдіріп дестелеп сөйлеп-сөйлеп келіп: «Әй, маубастар, сендерге су тегін ақыл айтамын, құлақтарыңа құйып алыңдар», — дейді төндіре түсіп. Балалар жамырап қоя береді. Д.Дос. ~ Негр аралы! Газеттер Негр аралы жайында өте көп жазды, бұрын оған әлде киножұлдыз ба, әлде Америка миллионері ме, әйтеуір біреу иелік еткен десіп жатты. Әрине, көп ретте бұл аралдар су тегінге сатылады — арал сатып алуға құштар адам көп емес. А.Крис.
СУ ТАМЫЗБАДЫ
~ Жынжыма енді, берік бол. Бедіре, шәйнек, шынаяқтарыңды анау дарақы енең мүлде иемденіп алған ба? Дәндетпе, әрі! Жинап ал бәрін. Заман тарылды. Нәрсе қолға түспейді. Айрылма қолыңдағыдан, айрылма! Айырылсаң ез обалың өзіңе, су тамызбаймын… Ғ.Мұст.
СУ СЕПКЕНДЕЙ БАСЫЛДЫ
Тыныштала қалды, сабасына түсті. ~ Сол сол-ақ екен, әлгінде ғана бойды кернеп, денені шарпыған аблықпа сезім су сепкендей басылды да қалды. А. Мек. ~ Боранқұл кеуде керіп шыққан соң аптығып тұрғандар су сепкендей басылды ғой. Ғ.Біл. ~ Бұрын сабылып жататын жүргіншілердің де, ауыл арасы адамдардың да жүрісі су сепкендей тоқтады. Ә.Шәр. ~ Балалар, еһ, балалар! Гуіл су сепкендей басылды. М.Қаб.
СУ ПЕРІСІ
Суда жүретін мифологиялық тылсым бейне. ~ Бүгін тым ойлы боп, көп үнсіз отырсың. Мана қызыңды ала кел дегенде тіл алмадың. Су перісін суда құшқан жақсы екен. С.Сағ. ~ Тас үстінде су перісінің қызына орнатылған ескерткіштен аумай Жамал отыр. Бізге бұрылып қараған жоқ. М.Қаб. ~ Әміршісі бір орманның гүж-гүж еткен гүрілмен, сарыуыздай сыбызғылы су перісін ойнатып Қалың орман жынысында Сол періге ойы бары білінген. К.Мырз.
СУ МҮЙІЗ (БОЛҒАН) БҰҚАДАЙ (ТАНАДАЙ)
Айналшық болған мал сықылды. ~ Кетудің жолын тапқан ақылменен, Табылсын ба, талығып күдер үзген. Елік белі, есерге ар бола ма, Су мүйіз бұқадай-ақ тамды сүзген. БС. "Асан-қайғы." ~ Қилы-қилы заманды, Заманға сай адамды Салғастырып қарасам, Су мүйіз болған танадай Шыр көбелек айналам, Кешегі бір заманда, Қайран қазақ, қайтейін, Мынау азған заманда. Дулат Баб.
СУ МИ
Ақылсыз, мисыз. * Сот орнындағыларды су ми еткені өз алдына. Ғ.Қаб. * Жылда шөптің тең жарымын рәсуә ғып жүрген бір су ми. С.Жүн. * Түнде ғана сен су миға айтпадым ба. Халел екеуін бүгін ғана қосып отырғанда, арасын суытайын деп пе ең. С.Жүн. ~ Құдай-ай, осы арамды қайтейін деп жүр, ә! Соқыр тиын құрлы пайдасы болсайшы бір. Анау әкең де нағыз миқата. Әйтпесе сонау ит арқасы қияннан осыны әкелер ме? Қазақ ат, айғыр, мал тасушы еді, сендердікіндей сорақыны көргенім осы. Ә, су ми болған сорлы! О.Елс.
СУ ІШКІЛІГІ ТАУСЫЛДЫ
Көрер күні таусылды, ажалы жетті. ~ Кезінде үріп ішіп, шайқап төккен пенде су ішкілігі таусылып, көз жұмғанда, марқұмның жалаңаш тәніне жапсыратын ыңғайлы киім таппай жүгіргіштейсің. Ө.Кәр. ~ Енді ол өлім сапарына бел буып, бекем кіріспейді, жанын қиюға пенделікпен әрекет жасамайды да. Су ішкілігің таусылмаса таспен ұрса да шыбын жаныңды үркіте алмасын бағамдаған. О.Бөк. * Мына Мырқы іштегі толқынын баса алмай "о, тоба" — деді. Мұндай күнді көретін суішкілігім, дәм-тұзым таусылмапты. Д.Дос.
