Home » Page 312
Posted in

СӨЗІ ПЫШЫРАДЫ

Сөзінің қиюы кетіп, мәні жоғалды. * Түрік құлақ отағасы тек тиыштықты айтты. Әшірбек суыққа тіпті осал екен. Беті талақша көгеріп, қиюы қашқан аузынан сөзі пышырай шығады. Ғ.Мұст. * Шай құйып отырған бәйбіше аузын кемсеңдетіп, орамалмен көзін сүртті. Тістері әлі қаладай болса да, сөздер пышырап шықты. Ғ.Мұст. * Жаңағылардың жымсыма жылым тірлігі бұларға жұғып кетті ме, екеуінің сөзі сетінеп, пышырай бастады, араны өңез салқындық кеулегендей. М.Қаб.

Posted in

СӨЗІ ӨТТІ

Біреудің айтқан сөзі намысын қорлады, жанына батты, көздегеніне дәл тиді. ~ "Ыбырай асып кетті! Әлінбілмей, асқақтап кетті! Қазақтың игі жақсысына тілі тиіп, сөзі өтіп кетті. Оразбай сол үшін, көп үшін намыс қылды. Бұның бәрі тегін емес!" – десетін. М.Әу. ~ Ал, Айжантай, біз кеттік. Мынау тәтеңнің сөзі өтіп, шыдатар емес. М.Сүн. Айтқанын істетті, ықпалын жүргізді. ~ … әлем мойындаған, жаһанға атағы жеткен, жер жаһанға сөзі өтіп,айтқанын істетіп отырған бүгінгі заманның лидері; тумысынан кие дарыған қайраткер; табанды күрескер… Ғ.Қаб. ~ Ал халықты «ноқталау» үшін аймақтардағы елге сөзі өтетін, бедел-салмағы бар әр ұлттың «ақсақал» адамдарына дәрежемен билік беру саясатын ойлап тапты. Ж.Ах. ~ Осында батыс солтүстік Қытай ұлттық істер комитетінде Жәкенің Мұқашы істейді. Лауазымы биік, айтқан сөзі өтіп тұр дейді ғой. Ж.Сәм.

Posted in

СӨЗІ ӨТПЕДІ

Айтқанын істете алмады. ~ … әкем де әжемнің уытқыттауымен шешеме бұрынғыдай міне түспей, кейде, көзін ғана алайтатын; ал кейде: «Сендер-ақ сиыспайтын болдыңдар-ау, осы! Бірің өл де бірің қал!» деп шығып кететін; сөзі өтпейтінін аңғарған әжем, бұрынғыдай бейпіл тіліне ерік бермей: «Құрық алып кеттің-ау, қу тоқал!» деп кіжінетін де қоятын. С.Мұқ. ~ Бұның көзі сонда барып ашылды, ашуланды, тулады, "жәмиғы қазақ бір туған" қайда деп көрді, азаматтық ар қайда деп көрді, еш сөзі өтпеді… Ә.Тар. ~ Ғашықтар жүр зар илеп, Дегеніне жете алмай, Көсемдер жүр уайым жеп, Соңына халқын ерте алмай, Шешендер жүр қамығып, Айтқан сөзі өте алмай. Сегіз Сері.

Posted in

СӨЗІ ӨТІМДІ (ӨТЕДІ)

Айтқанына жұрт құлақ асады, сөзін тыңдайды д.м. ~ Ол сорлы да қай бір ел билер, жұртқа сөзі өтімді болған адам; «жарайды, істейін», – деген болып кетті. Б.Май. ~ Малы да аз. Әйтсе де оның халыққа сөзі өтімді, елге беделді. С.Дос. ~ Осы күні малшы, егінші, балықшы дегендердің Құдайы беріп тұрған жоқ па. Жоғарыға солардың сөзі өтімді дейді ғой", – деп сиқырын ойнатып сылқ-сылқ күлетін. Ә.Нұрп. ~ Бізге кім көмектессе де‚ алыстан‚ астанадан келгендер көмектеседі. Олардың сөзі өтімді. Қ.Түм. ~ Содан да ол араға елдің бетке ұстар беделді кісілерін салып, Тұрлыбектің бұрынғысынша өзімен ірге түйістіре, иін сүйесе көрші отыруын қалады. Малы да аз. Әйтсе де оның халыққа сөзі өтімді, елге беделді. С.Дос. ~ «Ақылдарыңды аяма, мен де қарыз боп қалмаспын». «Осында бастықтарға сөзі өтетін екі- үш кісі бар, солардың тілін тап. Қор болмайсың». «Олар кімдер?» «Жан- жағыңа тіктеліп қара, қандай адамдар екендігін өздері- ақ көрсетеді». Қ.Жиен.

Posted in

СӨЗІ МІРДІҢ ОҒЫНДАЙ

Тілі өткір, орып түседі д.м. ~ Жарылғап. Елдің баяғыдан жол қып айтып жүрген сөзін айтшы! Осы қоспа сөздерің мірдің оғындай болып, құлағымызға жат тиіп жүр. Тіпті біз. елемесек те, мына құдағиларыңды жүдететін көрінеді. М.Әу. * Дана адам жүріс-тұрысын да, сөйлеген сөзін де ой елегінен өткізіп, ақылмен айтады. Сөзі мірдің оғындай тыңдаушыларын ұйытып әкетеді. Ә.Шәр. ~ Ол жалғыз емес, соңында ызалы күштің толқынындай, сөзі мірдің оғындай, келешекке тартқан жолы күндей жарқырап… Ә.Әб. ~ — Сөзі мірдің оғындай тегі! — Сол сөзді сіздің хұзырыңыздан, абыройыңыздан аяп жүр ме деген қаупім бар. Д.Дос.

Posted in

СӨЗІ МЕН ІСІ ҚАТАР ЖҮРЕДІ

Айтқан сөзі мен істеген ісіде қарама-қайшылық жоқ. * Жаңа тағайындалған ревком Қашке (Қашқынбайды жұрт осылай атап кетсе керек) – қапсағай денелі, сөзі мен ісі қатар жүретін өткір, жылдам жігіт екен. Б.Тоғ.

Posted in

СӨЗІ МАЙДАЙ ЖАҚТЫ

Айтқаны көңілінен шықты, ұнады. ~ Бір сөзінен бір сөзі майдай жағып барады. Елдостың келіні босанған екен. Алғашқы немересі… Ертең соның шілдеханасына шақырады. Қ.Жұм. ~ Айтқандай-ақ қурап, кеуіп тұрған көкнәр бүкіл суды сорып алады. Түскеніне үш-төрт жыл болса да бала көрмей жүрген келіншекке Әбекеңнің сөзі майдай жағып шәйін де, тамағын да беріп күтіпті. Ә. Ысқ.

Posted in

СӨЗІ МАЙДА

Әдепті, ибалы, жұмсақ сөзді адам туралы. ~ Ерекше естен кетпес қызық қайда? Жолығатын қыз қайда терең сайда? Сұлулығын қояйын, мінезі артық, Ақылды, асыл жүрек, сөзі майда. Абай. ~ Сәлеметсіз бе, мырза,— деді ақырын ғана. Дауысы жұмсақ, сөзі майда, бірақ алқымынан алған қолы көзін шарасынан шығарып жанын сығып барады. Ә.Кек. ~ Жоқ, мінезі жұмсақ сөзі майда Бірлән ондай әйел болмайтын. Бірдемені ұнатса, шын ұнатып, біреуді сүйсе, шын сүйетін. І.Ес. ~ Ойбу, байғұс бала, үсіп кете жаздапсың ғой, неғып жүрсің? – деп Баян бәйек болды. Құс мұрыны болмаса, түсі жылы, сөзі майда кісі еді, жарықтық. Ш.Мұр.

Posted in

СӨЗІ ҚҰЛАҚҚА ЕНЕДІ

Айтқаны шындыққа жанасады. * Көпшілікке тағы да қозғау түсті. «Жаңалыққа ұмтылуымыз керек» десе, екінші біреулер, «Меніңше Нысан сөзі құлаққа енеді»,— деп бұра тартты. Ө.Кәр.

Posted in

СӨЗІ ЖЫЛМАҢ

Сөзінде бәтуа жоқ, жылпос, сумақай адам туралы. ~ Бойы бұлғаң, Сөзі жылмаң Кімді көрсем, мен сонан Бетті бастым, Қатты састым, Тұра қаштым жалма-жан. Абай.