Айтқаны келетін, көріпкел адам туралы. ~ Ертеңіне барып сөзі дуалы игі–жақсылары жиылып алдына келді. Көбімен көз таныс болып қалыпты. Жүздерін шырамытады. Тек Жүніс пен тағы да бұл біліңкірейтін бір–екі би көзге түспеді. Ә.Кек. ~ Қазақ даласындағы еңсегей елдіктің елеулі де қалаулы бір көрінісі — Билер төбесі мен кеңесі еді. Оған үш жүздің атақты үш биі және ел-ел, жер-жердегі басқа да ауызы уәлі, сөзі дуалы, келбеті кенен, ақылы терең игі жақсылар куә. И.Сап. ~ Сөзі дуалы дүл-дүл ақынның дүние құбылыстарына өз көзқарасы, өз топшылауы, өз тұжырымы бар. Қ.Құр.
СӨЗІ ДАЛАҒА КЕТТІ
Айтқан сөзінен пайда болмады, босқа кетті. ~ Не дерге білмей қалды Рахмет. Манадан айтқан сөзінің бәрі далаға кеткен сияқты болды оған. Іштей қатты кейіген Рахмет, өзін ұстай білетін қалпына бақты да: — Жақсы, кейін кеңесерміз тағы, — деп қала берді. С.Мұқ.
СӨЗІ БІР ЖЕРДЕН ШЫҚТЫ
Айтқандары бірізді болып шықты. * Бір-бірінің орнын ерекше ұқты. Әлиханды серке деп мойындады. Сұлтанмахмұт, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтар сөзі бір жерден шықты. Р.Нұрғ.
СӨЗІ АЛТЫ БАТПАН АУЫР
Айтқан сөзінде зіл бар. ~ Әйтеуір жазғаным қазақша екен-ау деген көңілде медет бар, әйтпесе халім мүшкіл еді. Ғабекең босқа шашылмайтын, не айтса да сөзі алты батпан ауыр, тыңдаушының құлағына емес, көкейіне дық ете қалатын. Қ.Ысқ.
СӨЗІ (ЖАНҒА) БАТТЫ
Біреудің айтқаны шымбайына батты, жанына тиді. ~ Қыз сөзі батқан сайын жаным кірер, Қарамай қатты сөйле өлгеніме. Көзімнің Көкшетаудан қыры түсті, Қаптағай Аталықта жүргенімде. Біржан сал. * — Сол сөз сізден гөрі маған батты. Оқысаң да өз еліңді білмейсің, басқаны қалай білесің? — деген сияқты. Ғ.Мұст. ~ Шүу дегенде бұл сөзі жанға батты, Бұрын ондай көргем жоқ жаманатты. Қайырусыз, қағусыз өскен басым, Бұлқындым шу асаудай мойны қатты. Шәк. ~ Ақын Сара ардақты көзі дейін, Ұлбике, Ырыстының сөзі дейін. Мен артық айтпаған ем сұлу сөзді, Шымбайыма шын батты сұлу сөзі. Ш.Айт.
СӨЗДІҢ ШЫНЫ (КЕРЕК)
Турасын айтсақ д.м. * Сөздің шыны, әйтеуір амалдап болса да ағайынға бір еркелік етіп, соны қолға түсірсек, Мұрыншақ көңілінің жыртығы болса жамала жатар деген аптықпен ес таппай, аяқты ағат басып қалдым. Ж.Ахм. ~ Сөздің шыны керек, қашанда КПСС жиынына ұқсап кететін «Нұр Отанның» бұл бас қосуы қызықтырды. БАҚ. ~ Болған шығар. Сөздің шыны керек, көбісі достықтың туын ұстаған достар емес, саусаққа қысқан стақан достар болды-ау, шамасы. … деп күйінбес еді … Х.Есенқ. ~ Сөздің шыны керек, қазақ тілін үйренгісі келіп жүргендер өте аз. Өзге ұлт өкілдері «өз ана тілін білмейтін қазақтар бар ғой» дегенді айтып, жайбарақат күн кешуде. А.Ерк.
СӨЗДІҢ ТҮБІН ТҮСІРЕДІ
Сөйлеген сөзінің қисынын келтіріп айтатын сөзуар адам туралы. ~ Әмен сөздің түбін түсіріп, тепсініп сөйледі. Қолындағы билікті қалай пайдалану керегін білетін адамның сөзін естіп, Иса бұдан әрі оның іскерлігін мойындап, үндемеді. А.Жақс. ~ Оның киген қызыл қаңылтыр таққан солдаттың шошақ бөркін ана сирақты Күзеубайдың Оразғалиы да киіп келген. Жүр ғой, не айтып, не қойғанын білмейді десе сол кезде кедей-батырақтан советті арқаланып атқа мінгендерді қорлайтын сөздің түбін түсіре айтысып жатты. С.Бег. ~ Ол өзінен ығып қана үндемейтін әйелінің басқа жерлерде сөздің түбін түсіретінін, қилы-қилы құбылтып, қиялын шынға бергісіздей жеткізіп жүргенінен бейхабар. Б.Тлен.
СӨЗДІҢ ТУРАСЫНА КӨШТІ
Көкейіндегі ойын көлгірсімей, тіке айта бастады. ~ — Солай де. — Быдықты бір айналып шыққан бастапқы бөлтірік қарсыласының қауіп төндіре алмайтынына, бесеумен белдесуге жарамайтынына көзі жеткендей болды. Әрі босбелбеу, ынжықтау екендігі аңғарылды. Ол енді сөздің турасына көшті. — Біз әркім-нің өз жолымен, өз жөнімен жүріп, шамасы келетін іспен айна-лысқанын құп көреміз. Міне, сондықтан шаруамызға араласпай тайып тұр!. О.Байб. ~ Қазақ тілінің жолында тұрған кедергінің бәрі жәй ғана қолдан жасалған кедергілер. Сөздің турасына көшсек, билік қазақ тіліне толыққанды бет бұрғанда, қазақ тілінің «жыры» азаяды. Парламент қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілінде заң шығарса, Үкімет отырыстарын қазақ тілінде өткізіп, қаулы-қарарларын қазақ тілінде жасаса, онда жағдай басқаша болар еді. Д.Қуат.
СӨЗДІҢ ТУРАСЫН АЙТТЫ
Айтар ойын мәймөңкелемей, бетке айтты. ~ Сөздің адалы керек,– деді ол,– мен қанды қанмен жуам. Жесіріне жесірін алам. Мен сөздің турасын айтайын. Бітер жерімді айтайын. С.Мұқ. ~ — Сөздің турасын айтсам, — деді Байжанға, партия мен үкімет жүктеген зор міндеттерді тастап саған майданға кетуге болмайды. Оның аты — қиындықтан қашу болды, орысша аты — дезертирлік. С.Мұқ. ~ Қазақ әдебиетінің кафедрасында бұл мәселе талқыға түсті. Студенттер атынан ол мәжіліске Зейнолла Қабдолов екеуміз қатыстық. — Біз Алматыға білім іздеп келдік. Ал мына оқытушының лекциясы бізді қанағаттандыра алмайды, — деп сөздің турасын айттық. Кафедра меңгерушісі Бейсенбай Кенжебаев бізді қостады. С.Шайм.
СӨЗДІҢ ОРАЙЫ
Айтылған пікірдің мәніне қарай, сөздің мағынасына сәйкес д.м. ~ — Бір көріскен ағадан мұндай ащы, ауыр сөз естимін деген жоқ едім. Әттең ағаны сыйлайтын әдетім жібермей тұр еркіме, әйтпесе сөзіңіздің орайына түріңіз жаңарғанмен, жүрегіңіздің де әлі ескі екенін жасырмастан айтар едім, — деп еді, Темір сыры белгісіз бір суық күлкімен мырс етіп. Ә.Әб.~ Сөз орайына сәйкес ертедегі қазақ биінің білік парасатын, қара қылды қақ жарған әділдігін, жер мен елдің тұтастығын, ауыл-аймақтың амандығын ойлаған сұңғылалығын танытатын тағы бір нақты мысал келтіре кеткеніміз артық болмас. Б.Дул. ~ Ол өзімен өзі сырласқандай осыны айтты да, жүріп кетті. Бөлекбас бұл сөздің орайына бірдеңе дегісі келіп: «Ол былай ғой, Сәулеш, неткендей», — дей беріп еді. Ә.Әб.
