Home » Page 311
Posted in

СӨЗІН ЖЫҚПАДЫ

Айтқанын мақұл көрді, дегеніне көнді, тілегін орындады, көңілін қайтармады. ~ Жаңа боданның сөзін жықпаған боп әлдеқашан бір жақты қылып тастайтын шаруаны Петербург үйреншікті сөзбұйдасына салып алып қайқайды. Ә.Кек. ~ Жиын–тойлар тарағаннан кейін келіншегімнен «атың кім?» деп сұрадым. Ол маған күліп жауап берді: Әке–шешем қойған аты тым қиын, тілің келмес, Бикеш деп атай сал». Сөзін жықпай, Бикеш атап кеттім. М.Әбд.

Posted in

СӨЗІН ЖҰПТАДЫ

Айтар сөзін дайындап, пысықтап қойды. * «Жирен шал кетсе кетеді де татар қатынын алып, мен үйін басып қалам, бірдеңе десе артыңда ұлың бар, соған қалады деймін, мені баладан бөлмес», – деп іштей сөзін жұптап қояды. Хадиша айтар сөзін жұптап жүрген күні түнде Арслан отын қораның түпкірінде кезінде әкесі қаздырған екеуі-ақ білетін шұңқырға барып … С.Досж.

Posted in

СӨЗІН ЖЕРГЕ ТАСТАМАДЫ

Біреудің айтқанын, тілегін, жауапсыз қалдырмады, айтқанына көнді, сөзін мақұл көрді, дегенін істеді, бұйымтайын орындады. * Ашушаң, алып соқпалау көрінгенмен, көбіне турашылдықтан аспайтын, сол себепті оқушы балалар оның сөзін жерге тастамайды… О.Сәрс. * Ол кеше ауданға бара жатқан мұны оңаша шығарып ап, Көптілеудің қылуасын мөңіретіп жазған бір буат қағазды тиісті жерге тапсыр депөтінген еді. Ержігіт оның сөзін жерге тастай алмаған. Б.Алд. ~ Тірлігінде Әкбардың жарты ауыз сөзін жерге тастамай, жанын үзіп тұратын Сейіт мінезін сөз еткен жақын-жуықтар, кейде таңырқаса да, кейде бұл екеуінің жанқияр татулықтарын қызғанғандай… Ж.Ахм. ~ Жәніке қанша тентек болғанмен, Ақын өкшелес інісі, шын мойнын салып барса, оның сөзін жерге тастамайтын еді. З.Шүк. ~ Осы қара тас жарылып қақ бөлінгенше сөйлеуші болма! — Жасынан шеше тыңдап, айтқанын екі қылмай өскен қыз келіншек болып барған жерінде де шеше сөзін жерге тастамапты. Б.Қыд.

Posted in

СӨЗІН АУЗЫНАН ЖҰЛЫП АЛДЫ

Оқыс килігіп, таласа сөйледі. * – Ал, енді, төретай, — деді Жайнақ, не дерге білмей кідіріп қалған, аздан кейін ғана бірдеме айтуға ыңғайлана бастаған Шоқанның сөзін аузынан жұлып ап, — бауырым, досым, бір тілегім бар сенен! С.Мұқ.

Posted in

СӨЗІМ ШЫҒЫН

Айтқан сөзім босқа кетеді, сөзімді құр рәсуа қылмайын д.м. * Бәрің ит, бәрің доңыз, бәрің зәлім, Сендерге сөйлеп тұрған сөзім шығын. С.Мұқ. ~ — Е, сендей фанатикке сөзім шығын. Адал… Ағыңнан жарыла бер. Шырағым, қолыңнан келін тұрып, ішіп- жеп алмасаң жігіт екенмін деме. Ақшаң болса дос табылады. М.Сүн. ~ Ал, әлдекім әйелінің шұлығын жөндесін; сенің соны көре қалғандай, соған таңдана қалғандай нең бар! Жарық дүниеде одан гөрі мағыналылау нәрсе болмағаны ма? — Қойшы, саған сөзім шығын. Сен бірдеңе түсінеді деп отырған менде де ес жоқ. Ш.Айт.

Posted in

СӨЗІМ СӨЗ (УӘДЕМ УӘДЕ)

Айтқанымнан қайтпаймын д.м. ~ Қалада әділ ұлық бар деп, сіздің панаңызды іздеп келгемін. Солай өзім іздеп келіп, кеше берген арызымнан бүгін қалай айнимын. Екі айтарым жоқ! Сол арыздағы сөзім сөз! М.Әу. ~ Әрине, – деді Таңатар, – сөзім сөз, менен енді қастық күтпе. Қолымнан келерім болмағанмен, мен сенің өмірлік досыңмын, шырағым. С.Мұқ. ~ Аға лейтенант есіктей кеудесін селкілдетіп, кеңкілдей күлді. — Әй, қулар-ай! Таптыңдар! Ержекеңді тауып әкеліңдер. Асық түгел қайтады. Әне, бұрышта шашылып жатыр, әзірге шіри қоятын түрі жоқ. Сөзім сөз, уәдем уәде. М.Қаб.

Posted in

СӨЗІ ТҮЙЕДЕН ТҮСКЕНДЕЙ

Орынсыз, ожар айтылған сөз туралы. ~ Сөзі түйеден түскендей, Боқаңа бұйрық есебінде айтылып жатқан бір сөз… Бұдан он жыл бұрын Боқаң Құсайынның жылқысын бағып жүрген кезде мұндай сөзді естісе орынды еді. Б.Май. ~ Сапарлас көрші сөзі әзіл болса да түйеден түскендей тым ірі секілді. Айталық, таныспай жатып «құлағым керең болсын» деп қарғанудың не керегі бар? Содан ба, Бағдан іркіліп қалды. С.Шәй. ~ Аты затына – сай, Жүйрік десе – жүйрік, шашасына шаң жұқпас нағыздың өзі ме, сызып жүрісі білінбейді. Сөзі түйеден түскендей тегі. Д.Дос.

Posted in

СӨЗІ ТЕҢДЕС

Сөзінің салмағы, құны, деңгейі өзіне сай; өнері, таланты қатарлас. * Бұл үйде Сара бар ма, шықсын бері, Іздеген келіп тұрмын Біржан сері, Жолықпай сөзі өктемді жүрген шығар, Аулында Тұрысбектің өлер жері. Барабар сөзі теңдес адам болса, Көңілімнің тарқаушы еді сонда шері. "Біржан-Сара". ~ Аулында Тұрысбектің өлер жері. Барабар сөзі теңдес адам болса, Көңілімнің тарқаушы еді сонда шері, Сайраған Орта жүздің бұлбұлымын Арғынның Алтай-Қарпық ақтан кері. Біржан сал.

Posted in

СӨЗІ СҰЙЫЛЫП БАРАДЫ

Әңгімесінің мәні кетті. ~ Қалтасында бір тиыны жоқ әдетіне дейін аңғал-саңғал жатақханалық жігіт. Күн асқан сайын сөзі сұйылып барады. Үйленемін, бас құраймын дейді, сөз байласып жүрген шөпжелкесі жоқ. М.Қаб.

Posted in

СӨЗІ СҮЙЕКТЕН ӨТЕДІ

Тілі өткір, ауыр, айтқан сөздері жүреккке тиеді. ~ Өй, жалмауыз, әкеңді бір, шешеңді екі жұттың. Енді келіп бізді құрттың! — деп долданып шыға келеді. Тілі ащы-ақ. Сөзі сүйектен өтіп, айқайы төбе шашты тік тұрғызады. Ү.Жәл. ~ Уай, жұртым– ау! Көрнеу көзге зарлатып қоясыңдар ма осылай. Қорлықты Сүйменқұлдан көрдім ғой! Қолы етіме, сөзі сүйегімнен өтті ғой! Халқым– ау, қайдасың? С.См. ~ Тауман сөзі сүйегінен өтсе де қолбасы шыдап бақты. Шыдамасқа лаж жоқ. С.Дос.