Бір сөзбен айтқанда; тоқ етері. ~ Қызарып, ісіп, бір тынып, Едірей мұртын ширатып, Барқылдады қолбасы. Не керек, сөздің қысқасы, Басқаға о да сілтеді. М.Жұм. ~ Ертеңнен бастап іске кірісіңіз, Толғанай жеңгей”,– деп, Үсенбай кесіп айтты. Қойшы, сөздің қысқасы – бригадир болуға көндім. Көнбегенде қайда барамын. Ш.Айт.
СӨЗДІҢ ЖҮЙЕСІНЕ ЖЫҒЫЛДЫ
Сөздің қисынын мойындады. * «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» дейді, біз иттік жасамайық» дедім. Олар да сөздің жүйесіне жығылып, қайтіп ол әңгімені біз кеткенше қозғамады… Айтқанымның астарын түсінген шығарсың, міне осындай. Н.Нүс.
СӨЗДІ СОЗБАДЫ (СОЗБАҚТАМАДЫ)
Әңгімені ұзаққа созбай, негізгі мәселеге тікесінен көшті. ~ Ерте, ерте, ерте екен, Ешкі жүні бөрте екен. Сөз бастайын ертеден. Сөйтіп кеңес қозғайын, Бірақ сөзді созбайын, Қайырайын келтеден. М.Жұм. ~ …үйез билеушісі тегінде қытай емес, Шапшал үйезінің бүкіл Ілеге аты әйгілі, қазағуар, атақты сібесі Лың жы — осы болатын. Ол — сөзді созбай, таза қазақшалап: Өзің, дегенмен, мүйіз жүрек екенсің!.. — деді. Ж.Ахм. ~ Генерал да сөзді созбақтамай бір мезгіл үнсіз отырып қалды. Б.Тоғ.
СӨЗДІ ПІСІРДІ
Айтар сөзді, қозғалатын әңгімені пысықтап алды. ~ Қасымқан әлі де құлай қоймай: Жоқ, жөнін айт. Әуелі сөзді пісіріп алайық! — деді. М.Әу. ~ Салпаңқұлақты неге мінбегенсің? – Тасырқап қалыпты жануар. – Келгенің жақсы болды, сөзді пісірдік. Д.Дос.
СӨЗДІ ИЕСІЗ ҚАЛДЫРМАДЫ
Жауапсыз қалдырмады, жөнін айтты, тиісті жауабын берді. * Бірақ Байшуақ тамақ ішеді екенмін деп, жауабына отағасының өзі ынта қойып отырған соң, бұл сөзді иесіз қалдыра алмаған. К.Сег.
СӨЗДІ ЖҮНДЕЙ САБАДЫ
Құйқылжыта, көпірте сөйледі. ~ Тіпті, басқаны былай қойып, елдің жезтаңдай сөз зергерлері Сара мен Біржанның айтысын бір мәрте шолып шық. Екі шешен сөзді жүндей сабап, дүрілдете келіп, өздерін жүйрік атқа теңейді. Құдай-ау, не деуші еді. Ие, Біржан айтады-ау: «Қаз мойын, қамыс құлақ, қара көкпін, тұнықтан жүзіп ішпей қанбайтын»… десе, бірде ол «кең қолтық арғымақпын алқымы іспес»… деп… Енді бірде «жел қабыз, жез тағалы еңіреумін, қаратер шыққан сайын кетем ағып». Сонда Сара да бұдан қалыспай «Сан жүйрік жете алмаған самғағанда» демеп пе еді… С.Бақ.
СӨЗДЕРІ ЖАРАСПАДЫ
Ортақ тіл табыспады. ~ Ішке қайтып барғысы келмеді. Бұнымен қатар жатқан екінші көршісі Көткеншек Көшен еді; қырсық шалмен жатарда сөздері жараспай қырбайласып қалған-ды. Ә.Нұрп. ~ Едіге күткендей, Ұзынтұра Еділбай мен қарауылдар бастығының сөздері жараспай, бірден үмітсіз дүниеге айналды. Ш.Айт.
СӨЗДЕРІ (СӨЗІ) ЖАРАСТЫ
Ортақ тіл табысты, ойлары бір жерден шықты, тіл табысты, бір-бірін ұнатты. ~ Әуелі жеңіл қалжыңдасып жүрді. Сонсын сөздері жарасты. Ақыры тіл табысты. М.Сүн. ~ Сөздері жарасып тұрса, бір ауыздан шыққандай Еркеш еріп-ақ кетер еді ғой, ол бірақ көңіліне ұяламады. К.Өтж. ~ Қайтсе де Бекзат Қалдыбаймен жолығуды шешті. Мейлі, сөздері жарасар, жараспас. Кездесу қажет. Алдынан өтуге тиіс. Н.Дәу. ~ Менің журналист екенімді естігеннен жақындап, сұхбаттасқысы келетін ниет білдірді. Сөзіміз бірден жараса кетті. С.Досж. ~ Қазақты көріп дауыс салды. Бәрінен Сейтектің даусы қатты естілді. — Атам- ай! Ата-ау, Қазағың келді, білдің бе! Сөйлесе сөзі жарасқан, ойнаса ойыны ұнасқан, шыны қалжыңға, қалжыңы шынға ұласқан, қанды көйлек, майдандос досың, өзіңнің Қазағың келді. Б.Қыд. ~ Әңгіме-дүкен қыздырып, Елестеп өткен кездері, Жастыққа қиял жүздіріп Жарасты достар сөздері. М.Раш.
СӨЗДЕН СҮРІНДІ
Біреудің ұтымды сөзіне тиісті жауап бере алмай, пұшайман болды. ~ … бір ауыз тілдеспей жатып сөзден сүрінген Қосиманов, әшейінде жөпшендіге жол бере қоймайтын ауыздықсыз асаулығына басып, тосылып қалуды бойына шақ көрмей дөрекілеу жауап берді. С.Жүн. ~ Әсаға, бұл Құлыстайда, Құлыстай ғана емес, исі Найманда дәл қазір сіздің алдыңызға түсетін, сізді сөзден сүріндіретін ақын бар деп ойламаймын. Қ.Жұм. ~ Сөйтіп жүріп ауылдастарын қойдай бөріктіретінін қайтерсің! Аузымен орақ орады, сөзден сүрінбейді, дәлелмен соғады. Ә.Асқ.
СӨЗДЕН СӨЗ ШЫҚТЫ (ТУДЫ)
Әңгіме ұзаққа созылды, бәір әңгімеден кейін екіншісі туындады. ~ Айжан оқуын бітіргеннен кейін … жақында ғана Алматыдан оралғанын, өткен күні Нұрланның бөлесі Нұрқат, сөзден-сөз шығып, тәптіштеп жеткізген-ді… З.Шаш. ~ Үйде шай ішіп отырған кезде сөзден сөз шығып, қонақтардың біреуі жаңағы бесатар асынған жуан сарының құралайды көзден тигізер мықты екенін айтып, қоймағаны. К.Сег. ~ Мұнда бір азғантай үй іші мәселелеріне байланысты. Сол күні кешке таман Балта Төлендин, Петр біздің үйде отырдық. Сөзден сөз туды да бүгін бақшаны аралап, біраз серуен құрып келсек қайтеді дестік әйелдер отырып. М.Дәул.
