Үндемейтін болды, сөзге араласуды қойды. ~ Айтқанда– а… Ол өзі не ғой… Сен әйтеуір аз үй Шапыраштыдабасшы боп атқа мініп жүрсің… Жасың болса, бізден кіші… Мынау отырған ақсақал, қарасақалы алдына мені салып отыр түге… Біз сөзден қалғалы қашан. Ағайын, ашсаң – аяңда, жұмсаң – жұмырыңда болушы едік… Ж.Айм. ~ Ж а ң ы л. Бірақ тез уақытта қызмет табыла қоймады. Алғашқыда мен оны уайымдаған да жоқ едім. Бірақ күн асқан сайын сөзден қалып тұйықталып бара жатқанын байқадым. Т.Ахт. ~ Қазір сол «қайткен күнде табылуға тиісті кемшілікке» кезікпей, сіркесі су көтермей келеді. Төңірегіне кешірімшіл көзбен қарайтын манағы көңіл–күйі жоқ, сөзден қалған. М.Қаб. Сөйлеуге шамасы жоқ. ~ Көп уақыт үйде тұрмас жазы-қысы. Әкесі сөзден қалған, жасы жеткен, ЕндігіЖәмиләнің есі-дерті: Жақпақшы соны күтіп қызметпен. С.Тор. ~ Мезгілден мезгіл өткен сайын Жәмеңкенің халы ауырлап, тұқыртып әкетіп бара жатты. Сөзден қалғанына бірталай уақыт болды. М.Әу. ~ Біздің дауысымыз жаннатқа сапар шеккен адамның құлағына жетпейді. — Міне, солай, тілден қалмай — ақ, сөзден қалды. Екі апта толады, енді, — деп түсіндірді келіні. — Оқта-текте бір жауап қайтарғаны болмаса… М.Кәр.
СӨЗДЕН ЖЫҚТЫ
Біреумен сөз таластырғанда мерейі үстем болды. ~ Қолына түскен арызды, Шыңғыс билерінің қарамағына берген. Сонда шешен Асаубай, Бексарыны сөзден жығып, билер жер әперудің орнына өзіне ат, шапан айып салған. С.Мұқ. ~ Еңсеп әкесінің біреумен кер-мәр сөйлесіп жатқанын әлі көрген емес, бірақ пәленшекеңді, түгеншекең сөзден жығып кетіпті дегенді талай естіген. Ә.Кек. ~ Біздің Топқайыңға «Алты таздың ауылы» деп ат тағып кеткен жездеміз Садық еді. Апайымыз Нұрбаланы сөзден жыға алмағанда алты тазды санап беріп тоқтатады екен. Қ.Ысқ.
СӨЗДЕН ЖЫҒЫЛДЫ
Сөзден ұтылды, дауда есесін жіберді. ~ Енді бақ-дәулет үш атасына шейін-ақ барар» деген екен, — деді. Ісләмбек Қазыкеме үш атадан соң келеді екен: сөзден жығылыпты. Ж.Айм. ~ Сонда Бергі мысық әулие: «Әй, қолымды бекер ұстадың-ау! Енді бақ-дәулет үш атасына шейін-ақ барар» деген екен, — деді. Ісләмбек Қазыкеме үш атадан соң келеді екен: сөзден жығылыпты. Ж.Айм. ~ Ханның Жиреншеге осындай қисынсыз тапсырмалар немесе сұраулар берудегі себебі — ол Қарашашқа құмар болған. Егер Шешен сөзден жығылса, сылтауратып әйелін тартып алмақ екен дейді жұрт. С.Мұқ. ~ Ақыры таң алдында Үбиан күйеу бала отырған отауға баруға келісіпті. Бұл кезде кеш бойы сөзден жығылып, терлеп–тепшіп қысылған екеуі әбден қалжырап, оның үстіне қалындықтың соншама кешігіп, көңілдері қобалжып отыр екен. Б.Мом.
СӨЗГЕ ШОРҚАҚ
Сөзге жоқ, сөйлеп қатырмайды. ~ Бірақ дәл осындай дос көңілін демеп жіберетін жерде де бұл өзі тілі–жағы байланған кісіше жұмған аузын аша алмайтын, сөзге шорқақ жігіт еді. Ә.Нұрп. ~ Ол бусынып, терлеп сала берді. Әй, өзі де сөзге шорқақ қасқа. Кейде бас жоқ, көз жоқ түйеден түскендей, дүңк еткізіп қойып қалады-ау! Бұ не әдет? Н.Сам. ~ Табыс тапқаны болмаса, Тастыбай сөзге шорқақ. Қ.Жиен.
СӨЗГЕ ҰЙЫДЫ
Біреудің айтқанына ден қойды, сөзін мақұл көрді, ықыласпен тыңдады. ~ Жиылған көп халайық, Сөзіне ұйып тамсанып… Ж. Жаб. ~ Қазыбектің сүйегі — Орта жүз Арғын ішіндегі Қаракесек (Болатқожа). Қазыбектің өз әкесі — Келдібек, ұлы әкесі, яғни атасы Абыз атанған Шаншар. Бабасы — бұлбұл. Шетінен тілге шешен, сөзге ұйыған, уәжге тоқтаған біліктілер болыпты бұлар. С.См. ~ Обер-лейтенант Әлидің мұнша жұмсақтық жасағанын әркім өзінше түсінді. «Мұсылман баласы болған соң аяған ғой» деген сөзге ұйыды көбісі. Б.Тоғ. ~ Біз — ағайынды екеуміз — атадан қалған сөзге ұйып, анадан дарыған өнерді бойға сіңіріп өскен ұрпақпыз. Егер бойымда бір сәуле, са-намда бір саңылау болса, ол — әкемнің құты, анам-ның сүтімен дарыған қасиет. Е.Мұқ.
СӨЗГЕ ҮЙІР
Әңгіме тыңдауға, сұқбаттасуға бейім. ~ Сосын Елтайларға жып береді. Басқа бөлімдерге қарағанда «әдебиет және өнерде» жұмыс аз. Сөзге үйір келімді-кетімді кісі де көп, ылғи дуылдап жатады. М.Қаб. ~ Бір-бірінің сөзге үйір ауыздарына мәз бола қарасып, Тайлақбайдың сыртынан сөйлегенде «Әкеу, бұған жомарт құдай не ғып таупих берді?» дескен. Ж.Ахм.
СӨЗГЕ ТОҚТАДЫ
Айтылған сөзді дұрыс көрді, келісті. ~ Мәмбеттер қытайларға ұсыныс жасады. — Сендер бұл жүкті алмаңдар; бәріміз бір болайық, бұлар жұмыскерлерді жейтұғын буржуйлар… Қытайлар бұл сөзге тоқтай қалысты. Олар тасып жатқан жүктерін тастай беріп, Мәмбеттердің айналасына жиылды. І.Жанс. ~ Бүгін сен — алдырған кісі мені "қара" деп отырсың. Екеуміз де ұғысатын бет жоқ. Құр қажағанмен, ажалға мен жығыла алмаймын, сөзге тоқтар болсаң, беретін байлауым — осы", — деді. М.Әу. ~ Сол сөзге тоқталдым да, үн-түнсіз шығып кеттім. Балжан көрген көп жәбірдің есесін түгел қайтарғандай, былай шыға көңілденейін дедім. Б.Тоғ.~ Өйткені олар ертеден үлгі болып келе жатқан ел ішінің бітім жолдарын көлденең тартып шешен сөзбен айтысады. Сөйтіп келіп келелі орынды сөзге тоқтайды. Дау шешімін табады. С.Бег.~ Бірақ сөзге тоқтайтын Жаңабек жоқ, «ата-бабамның аруағын сыйламадың, әкемнің көзіндей болған Талдыбұлақтың түбіне жеттіңдер!»… — дей берген соң, шал тарс кетті. Б.Тоғ.
СӨЗГЕ ТАРТТЫ
Сөйлескісі келіп, әңгімеге тартты, біреудің лебізін, сөзін тыңдағысы келді. ~ Әсел тәтем де қызық. Қоймай қойды ғой тіпті. «Сөйлесіп көрші, жаны нәзік жігіт» дей ме-ау, «өзі үндемеуі мүмкін, сөзге тарт» дей ме-ау… Мен қайтіп сөзге тартады екем? Е.Жең. ~ Елпілдеп Әсетті де ән салуға зорлаған жоқ. Өздерінің еркіне жіберді. Қабағы ашық, жүзі жайдары. Мұндай кезде Жабықбай естіген-білгенін сұрағандарға ақтарып салатын. Сол мінезіне қанық Шадай қария әдейі сөзге тартты. Қ.Тол. ~ Міне, сол, каншама сәтті олжа әкелген мешін жылының күзінде Шақанды әлдебір жас жігіт іздеп келді. Іздеп тапты. Батыр аға, асыл аға деп ізетпен сәлем берген, құрметпен сөзге тартқан. М.Мағ.
СӨЗГЕ СУ ЖОРҒА
Шешен тілді, ділмар. ~ Бозбала жиынында өлеңнен бәйгені шаппай алатын да Нұрым, жақсылардың тобында жырдан өрмек өретін су жорға да сол. Х. Ес. * Көргенін ұмытпай, естігенін көкірегіне мықтап сақтайтын, сөзге су жорға, аңғарлы ақ көңіл қартқа кезігіп, кеңесте болу өзім үшін ғана емес, халқымыздың қатпары мол тарихынан, тауқыметты тірлігінен дерек беретін жанды айғақтың табылуы, ел мен жердің мақтанышы ғой. Б.Жұм.
СӨЗГЕ САРАҢ
Ойын жайып салып, ақтарыла бермейтін, сөйлей қалса да ойланып барып сөйлейтін адам туралы. ~ Көп айтпай, қысқасынан сездіретін — Балаңның мінезі бар сөзге сараң:Кетер деп «суға құлап, отқа түсіп», Қайғы жеп, менің үшін болма алаң! А.Байт. ~ Сен менің шешемді көрген жоқсың. Ол кісі сөзге сараң болатын-ды. Біреуді жек көріп тұрса да, жақсы көріп тұрса да, «мен солаймын» деп ақтарыла қоймайтын. С.Мұқ. ~ Ел ішіне аты кеткен балуан Сәкенмен де бірге жүрген болар. Иманаққа да Сәкенмен бірге талай-талай шыққан болар. Бірақ, амал қанша, мен онда Сәкен туралы сұрай алмадым. Сөзге сараң Битабар өз бетінше айтқан жоқ… С.Шайм. ~ Аз сөйлеп, көп айту деген, міне, осындай болса керек. Мұндай бақыт сөзге сараң, ойға жомарт шайырлардың ғана басына бітеді. Қ.М- Әлі. ~ Бұрыннан да сөзге сараң, тілі майда, жұмсақ мінез шешесі соңғы күндері, тек, көлеңкедей қозғалып жүргені болмаса, үндеуден, сөйлеуден мүлдем қалғандай еді. С.Ел.
