Home » Page 321
Posted in

СӨЗ ҚОНБАДЫ

Айтылған сөзді ұқпады, миына қондыра білмеді. ~ «Ханым– ау, ол айтқаның болмайтұғын, Әкенің ойына сөз қонбайтұғын. Досы — мал, дұспаны — адам, мейірімсіз, Рахымсыз ит емес пе, оңбайтұғын. Шәк. ~ Жақсыға көз қанбайды, Жаманға сөз қонбайды. И.Сап. ~ — Қой, сені әңгімемен тойдырып қойыппын ғой, — деп Нұргүл орнынан тұрды. — Картошка қуырайын. Қарын аш болса басқа да сөз қонбас. Н.Сер.

Posted in

СӨЗ ҚОЗҒАДЫ (ҚОЗҒАЛДЫ)

Әлдебір тақырыпқа қатысты уәж айтылды, әңгіме болды. ~ Ас үйде отырып, бірталай сөз қозғады: Ағасының жылы біткенін, аға өлсе жеңге мұра екенін, жеңгесінің төркіні келіп кеткенін, әжесінің кәрілігін, жалғыздығын, шаруаның кемдігін, ағасынан жетім балалар қалғанын, жеңгесі кетсе, үй үйліктен қалатынын… сөйледі. Ж.Айм. ~ Тұяқ кеткеннен кейін етік жайынан сөз қозғалса, Шекер Тұяқты аузынан түсірмей: — Шегебай қайда?! Тұяқтың бір шанышқанына да тұрмайды, — деп мақтап жүретін болды. Ж.Айм. ~ Осылайша тым сыпайы сөзімен сені қуып шығып, мұрнының дәл астына тарс жабылып қалатын есіктер болады. Соның ар жағында сен туралы сөз қозғап, мәселе шешеді. Өмірде жаным сүймейтіннің бірі осы. Б.Соқ. ~ Бәйтен Хадишамен арадағы соңғы әңгімеден кейін: «Бәрі де түсінікті, бұдан кейін қайтадан сөз қозғап, бітімге шақырудың ешқандай мәні де, мағынасы да жоқ», – деп шешкен. Т.Әбд.

Posted in

СӨЗ ҚАШЫРМАДЫ (ҚАШЫРТПАДЫ)

Жөнсіз сөз айтпады. ~ Жанқожа мен Бекарыстан анадай жерде аттан түсіп, бері қарай жаяу жүрді. Екі жақ жамырай сәлемдеседі. Жаназа үстінде артық сөз қашырып, сыр беруге болмайды. З.Шүк. ~ Шай үстінде Тәңірберген сөз қашыртпады. Көптен бергі өзінің жабырқау қалпын бұзбай, қонақтардың кесесін алып беріп, «іш-же» деп отырған. Ә.Нұрп.

Posted in

СӨЗ ҚАШТЫ

Өсек тарады. * Айнабай өзі ат арқасына мініп жүрген соң қызын тәуір жігітке бергісі келіп Әбдірахманнан үміттенген: «…Әбдірахманның жайына қараймын ғой. Азын-аулақ мал берсе де үйлесер едік…» деп айтады-мыс деген сөз қашып жүрді. Б.Майл.

Posted in

СӨЗ ҚАТТЫ

Ойын білдірді, тіл қатты. * Адамның осындай дүние шеңберінен шығып, ойы он, санасы сан бөлінетін сәттерінде оған жай ғана тіл қатудың өзі қиын да, қиянат та. Б.Қыд. ~ Әншейінде де ойын сырт көзге шалдырмай, салқын тыңдап, бейтарап отыратын Ғабең бұл жолы да араласы жоқ алыстағы бір әңгімені құлаққа ілгісі келмегендей селсоқ қалып танытты да біраздан соң барып қабырғаға қадалып отырып, айдалаға сөз қатты. Қ.Ысқ.

Posted in

СӨЗ ҚАТПАДЫ

Жағын ашпады, ештеңе демеді. ~ Байдың баласы Мұқаш жүктің бұрышында қисайып жатыр екен. Қартқожа соның қасына келіп отырды, Мұқаш ауыр күрсінеді. Сөз қатпайды. Олай-бұлай жалтақтады Қартқожа. Ж.Айм. ~ Сіңлісін де байқамастан, Қолда кітап, төсегінде, Үсті-үстіне бетін ашқан, Бір ауыз сөз қатпай мүлде. І.Жанс. ~ Ауылдың күн батысындағы ақ суды оралып, Имаш пен Жұмакүл қара жолға келіп тірелді. Жолға келгенше біріне-бірі ләм-мим деп сөз қатпады. Екеуінің келешегі сөзсіз-ақ шешіліп, бітіп тұрған сияқты еді. Б.Майл. ~ Мұқаш қандай елден шыққан құдайдан безген, содырлы болса да молданы сыйлайтын. Молда жолығып қалса, сәлем беретін, бірақ байыздап тұра алмайтын. Мұқанның онысын сезіп молда да сөз қатпай тоң айбатпен жүретін. Ж.Айм.

Posted in

СӨЗ ҚАЙЫРҒАН ЖОҚ

Айтылған уәжге қарсы ештеңе демеді, үнсіз қабыл алды. ~ Жаңа шегені қаға бастағанда, ат шапшып, айнала берді. Бай бар ынтасын салып, еңкейіп, сығалап: — Шынтағын соқтырма!.. Турасына кетпесін: шалқайта қақ!- деп, жігіттеріне қадағалады. Байға кім сөз қайырсын, бірі аттың қолтығын, бірі мойнын сипап: «Құр, жануарым, құр!» деп, атқа еңсесін салысты. Ж.Айм. ~ Иманның «оба» деген сөзіне жанындағылардың екеуі де тіксіне қалып, екеуі де жарыса жалт қарасты. Бірақ оның өзін сыйлағандықтан иба сақтап сөзіне сөз қайырған жоқ. Ә.Әб. ~ Құсайын Тәуке сөзінің жауабына сөз қайырған жоқ. «Қош, батыр!» деп те айтпады. Арбаны айдап жолға түсті. І.Жанс. ~ Ілбітіп аулына жеткізіп алсын, — деді күйеуіне батылдау сөйлеп. Жездеміз аз сөйлейтін зілді кісі еді, сөз қайырған жоқ. С.Бег.

Posted in

СӨЗ ҚАДІРІН КЕТІРДІ

Арзан өлең, бәтуасыз бос сөзбен сөз өнерінің құдыретін төмендетті. ~ Қобыз бен домбыра алып топта сарнап, Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап. Әр елден өлеңменен қайыр тілеп, Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап. Абай.

Posted in

СӨЗ ҚАДІРІН БІЛЕДІ

Жөн сөзге құлақ асып, бағалай білу, оның терең мән-мағынасына бойлай алу хақында. ~ Айыпқа бұйырмаң. Әке– ешелеріңе сәлем айтың. Байқап отырмын, сөз қадірін білетін бала сияқтысыңдар. О.Көш. ~ Алайда өлеңге дендеп енгенде мұның да сөз қадірін білетін жырынды жігіттің тамаша айласы, шебер жасалған иллюзия екенін көресіз. Ә.Тал. ~ «Өнердің ең алды – сөз өнері деп саналады. «Өнер алды – қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз қадірін білгендіктен айтқан», – дейді тағы да сол дана. Ж.Шәк. ~ Қазақ халқының шешендігі ме, білмеймін, әйтеуір бізден бұрынғылар алқақотан отыра қалған қауым болсын, немесе екі ақсақал әңгіме-дүкен бастаса ауыздарынан қазіргі біздердей емес, ауыздарынан аталы сөз әңгімелер ақтарыла тасып төгіліп жататын, шіркін, сөз қадірін білген қайран бабаларым-ай. Р.Кар. ~ Бірақ мына керенаукердең заманда сөз қадірін білетін жандардың көрер көзге түгесіліп бара жатқанынан қорқасың. Б.Әдет.

Posted in

СӨЗ ҚАҒЫСТЫ

Салғыласты, сөз жарыстырды. ~ Біз Сақышпен амандасып, бір-екі ауыз сөз қағыстық. Қыздың аузынан «шүкір» дегеннен басқа лебіз шықпады. С.Ом. ~ Ұрсысып, сөз қағыстырып әдет қылмаған басым, Бақтыгерейдің удай ащы сөзін естігенде қайнап кеттім… Б.Тоғ. ~ Менің қадірлі екенімді, сыйлы орынға жатқанымды көргенде жігіттер біріне-бірі жымындай қарасып, сөз қағысып отырды. М.Әбдіх.