Алдап, қорлап кетті. * «Ім-м!» – деді Сүгір бай ауылдардың басты адамдарын көргенде. – Мені табалап, сорға шоңқайтып кетпек қой!» Т.Әл.
СОРҒА МАЛТЫҚТЫРДЫ
Кесірін тигізді, кесапатқа ұшыратты, сорлатты. ~ Б а з а р б а й. Бірақ сен Шерниязға артық көріп Тимексің мені сорға малтықтырып, Жаныма со бір жерін қатты батат, Қаншама жұбатсаң да айтып тұрып. Ж.Айм.
СОРАЙҒАН СОҚА БАСЫ
Жалғыз өзі; қара басы. * Ал менің сүйеніш болар қалада да, ауылда да ешкімім жоқ. Сорайған соқа басым. Ә.Нұрш. * Жұрттың бәріне сөйте ме екен, әлде тек мені ғана басына ма екен? Басы бос, ешкімі жоқ, сорайған соқа басы деп басынатын шығар. Қ.Түм.
СОР ТҮРТТІ
Әлдебір жамандыққа аяқ басты, өзін-өзі итермеледі. ~ Нұрқан. Жол біліп, жөн сілтері жоқ, бір сор түртіп жүр, не қыласыз. Жүзтайлақ. Ажалды киік адырға деп, қаза түртіп жүрген де. М.Әу. ~ Түйе балуан мен Балуан Шолақ ұстасарда «анау жіңішкені, анау жуан езіп тастайды — ау! — дескен еді Ғалияның қасында тұрған жұрт, — жіңішкені сор түртуін қарай гөр!» Ғалия да осы ойда болды, бірақ оның тілегі, танымаса да жіңішке жігітке ауды. С.Мұқ. ~ Білгенімді бір қара көз бауырыма үйретсем, сол да пайда деп бармай қойды ғой! Өз дегені болмаса көнбейтін қыңыр адам. Бәлкім осы сор түртті ме екен. Т.Сәу. ~ Аудан секратары қарқылдап күліп кетті: — Иә, иә, менің құлағымның орнына сенің құлағың кететін шилі өзек деген ғой. Ха — ха — ха …Өзің де тыныш отырмадың емес пе? Сор түртті ғой. Әйтпесе саған сол күні тұк те жоқ еді. Ж.Сәм.
СОР МАҢДАЙ
Бақытсыз, қайғыдан көз ашпаған байғұс, сорлы жан. ~ Құдайым келтірген соң істі қырын, Кез келді сор маңдайға ақсақ Нұрым. Ашылмас тұман, айнымас бұлт жапты, Ал енді, кімге ұрынсаң, соған ұрын. С.Тор. * Үш әйел, үш баланың өлі-тірісі белгісіз. Оның ішінде Ақылжанымен қоса өз әпкесі Дәмелі бар. Малыбай жездесі басын тоқпақтап, жылап отыр. «Сор маңдай, сор маңдай» деп өзін-өзі ұрғылай береді… К.Қаз. * Мені бақсыз, сор маңдай жан санаған, Ес жия алмай жатса да ауыр жарадан, Өзін мәңгі бақыттыға балаған, Бұл не деген өр адам? М.Шах. * – Қор болдыңдар- ау! Тірі жетім, тірі жесір сор маңдай бейбақ болдыңдар- ау! Ей дүние, енді көрсетпегенің осы ма еді. С.См.
СОР ҚҰМАР
Жолы ауыр, бейшара, сормаңдай адам туралы. ~ «Тұнығым ылай болды. Уа, тұнығым ылай болды. Қуғыншым құмай болды. Құтылар қайран жоқ, Сор құмар сыңай болды…» М.Әу. ~ Жақсылықтан үркесің, Жамандықтан безбейсің, Тауаның жүрсе шағыла. Қымыз құмар, сөз құмар, Сор құмар өңшең сорлылар! Дулат Баб.
СОР ҚАТТЫ
~ Шүйде шашты қолыммен тінткілеп, төнгем кеп, Бір топ шашын шыңғыртып жұлып алдым шеңгелдеп, Итше ұлыды сор қатқан төмен қарап, өңмеңдеп. М.Мақ.
СОР КЕШТІ
~ Арыға шыдамай еңіреп тұрып жылап, Нұрмираны бас салды. — Жетімдігімізді пайдаланып, басынды. Ағамыз, ең құрымағанда ініміз болғанда мұндай сор кешіп, көрінгеннің таптауына түспес пе ек? Ә.Ыб.
СОР БОЛЫП ЖАБЫСТЫ
Бәлеге ұрындырды, сорлатты. ~ Сәуленің шыдамы мұнан әріге жеткен жоқ. — Ертең өзіңе сор болып жабысып, ор болып қазылатын өтірікті не үшін айтып отырсың? — деп бірден сарт етті. Ә.Әб. «Қарғам, қаптаған делқұлылардың ортасында қайтіп қана жатыр екен? Соншама осындай санасына сызат түсетіндей не теперіш көрді? Ұлан басына пана емес, сор болып жабысқан-ау. Ә.Ыб. ~ Тегісекең айтқанында тұрды. Сайлаушылар дауысын ат ауыстырып мініп ауданға дер кезінде, уәделі уағында жеткізіп мерейі тасыса, ат зорықтырғыш алақұйын белсенді аталып жұрт алдында жаман пұшайман болған. Сол ат бұған сор болып жабысты. Қ.Жұм.
СОР БОЛДЫ
Пәле болды, кесірі тиді. ~ Оның басқа жұртқа назар салып, сиқырлық жасағанын көрген емеспін, бірақ жаратылыстан нәзіктігінен бе, әлде әйел жанының бусанып тұрған бір лебі ме, әйтеуір еркекті өзіне еріксіз тартып алады. Сонысы сор болып ана неміс те тап бола кеткенін қарасайшы. Т.Ахт. ~ Бота кезінде бақсының өзі кесіп тастаған құлағы аздай‚ үстіңгі еріннің бір жағын қоса кеңсірікті құйқасымен жалаңаштай сыпырып кеткені сор болды. А.Алт.
