Әлдебір мәселені, жұмысты тәмам қылды. ~ Кейіннен, Жабайы Батысты игеріп бағындыруға келген басқыншылар жаңа қырғын бастап, бизондардың тарихының соңғы нүктесін қойды. Т.Әс. ~ "Горио әкей" романының соңғы нүктесін қойғаннан соң 35 жастағы Оноре де Бальзак осылайша еңіреп–есеңгіреп, делқұлы, беяапар күйге түсіпті. Ж.Аяз. ~ Қыз дәуренінің соңғы нүктесі қойылғандай сезе ме, әпкем булыға жылады. Жар–жарға ұқсас бір әнді созып жылайды. Б.Мом. ~ Кесік бас «жүз жыл көрмеде тұрса да бұзылмастай» ысталып болған соң Жа– лама туралы жалпақ моңғол жұртына таралған аңыз– лақаптың соңына нүкте қойылады. Т.Жұрт.
СОҢҒЫ ӘЗІРДЕ
Кейінгі уақытта. * Анау әр ауырған сайын күйіп-пісетін. Жайбарақат, сабыр сақтап жүргені – соңғы әзірде. Нақ сол жолы тіпті немқұрайды қараған тәрізденді. Ж.Нәж. ~ Рас, «Ештен де кеш жақсының» игілігін Сафуан да аз игеріп жүрген жоқ. Бәлкім «Ағалар алақанының» шарапаты шығар, соңғы әзірде десеңіз де, ақыры осы кітап үшін Қазақстанның мемлекеттік сыйлығы да берілді. Сафуан, Тахауиларды халық өз жазушымыз деп танығалы қашан.. Х.Ерғ. ~ Қыз отауын осындай қалың тобыр, сумаң тіл, сұқ көзден қағыс ұстауға қосқан әміршінің өз ләмі еді. Кербез де әке ұйғарымына дән риза-тын. Өзін тұтқын сезінгені — соңғы әзірде. Бас жылқышыға көңілі ауғалы ғана. Ж.Нәж.
СОҢҒЫ (АҚТЫҚ) ДЕМІ БІТКЕНШЕ (ДЕМІНЕ ДЕЙІН)
Өлгенше, ажалы жеткенше. ~ Қанаты қайырылғанша есер, желбезегі айырылғанша жүзер. Соңғы демі біткенше өмір үшін арпалысып бағар. Тек теңіз кеңістігі тарылмаса екен. Ү.Жлк. ~ Қартайғанда игілік кер, Сырғыма Федора! Соңғы деміңе дейін қасыңнан адам кетпесін. М.Кәрім. ~ Фашистермен кескілескен қанды айқасқа кірген күннен бастап, ақтық демі біткенше Бозжанов жолдас күн сайын, сағат сайын большевиктік ерліктің, коммунистік адамгершіліктің, азаматтықтың үлгі-өнегесін үздіксіз көрсетіп отырды. Ә.Нұрш.
СОНЫҢ КЕБІН КИДІ
Біреудің сиқына түсті, көргенін көрді. * Кезінде бір космонавт космоста жүргенде сиырдың мөңірегенін естіп, өзеннің жағасындағы шалғында жайылып жүрген малды көрген екен. Байғұстың көргені тек елес екен. Сөйтіп ол, “сиыр космонавт” атанған ғой. Шынын айтсақ, біз де соның кебін киеміз бе деп сескендік. Ш.Айт. * Жүрегі су ете түсті, ар жағын ойлағысы келмеді. Аю соғып алған мал мен аңын жерге көміп, әбден борсытып барып жеуші еді, бұған да соның кебін кигізбек пе? Онда оңбады. М.Қаб. * Шіңгілдегі Жантайлақтың басының алынуыда ұлықтарға бағынбаған өз басбұзарлығынан деп білетін ол «сенде солардың кебінін киме!» деп сес көрсете айбарланды. Ж.Шәк. * «Мені ызаландыру үшін өтірік сыпайы болғансып, әдейі істеп тұр», деп ойлады Бақдәулет. «Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды», мен де соның кебін кидім- ау. Ө.Ахм.
СОНЫҢ КЕБІ
Соған ұқсас жағдай, сол сықылды. * Бала кезімде бөлмемде: "Күнәңіз үшін жазаға ұшырайсы" дейтін нақыл сөз жазылған тақтайша ілулі тұратын. Мынау тап соның кебі. А.Крис. * Ондай ғибрат өткен замандарда болған. Баласы әкесіне, інісі ағасына қарсы шыққан патшалардың елдері өзгелерге жем болып отырған. Бұл да соның кебі, – деді. Ғ.Есім.
СОНЫҢ (ОНЫҢ) ОРАЙЫНА
Әлдебір жағдайға сәйкес, әлдебір себеппен д.м. * Сондықтан әр елдің жақсысы өз бастарына я өз жақындарына арналған біреудің дауы болса, оны съезге жеткізбей, алдын ала тексеріп, бітім беріп, тыныштық тауып жатқан заман еді. Соның орайына Жарасбайдың қайыны Досай аулы өз тұсындағы аразы Қалқаманмен табысыпты. М.Әу. * Жарасбайдан да талай барымта алынды. Жалғыз барымта емес, ұрланып алған мал да көп болды. Оның орайына талай-талай жерден Жарасбай да, Қоқыш та әлденеше рет шұбыртып алып жатты. М.Әу.
СОНЫМЕН ҚАТАР
Қоса айтқанда, ескерерлік тағы бір жәйт д.м. * Сонымен қатар бұған: қашан тәуелсіздік алғанша зиялылардың жан аңсарына айналған алаш идеясы 1937 жылдан кейін өшті – деген саңлаусыз пікірдің үстемдік алып бара жатқаны да қамшы салды.. Т.Жұрт. ~ Сарматтардың көзі кішкене болғанмен, жіткір келетіндігін ескертеді. Сонымен қатар Гален мен Гиппократтың түріктер жайындағы пікірлерін де келтіре кетеді. Б.Нұрж. ~ Таусылмаған. Таусылуы да мүмкін емес. Өйткені, ол түгесілген шамада өмір жансыз, тіршілік мәнсіз болар еді. Сонымен қатар, мына ақзер әлемде ешқандай мәнмағына қалмайтыны айқын. Т.Әлж.
СОНЫ СОҚПАҚ
Жаңа жол, ерекше бағыт. ~ Оқылуда күңгірт болғанмен астарына соны соқпақтар – әдемі дүниелер жасырынған жұмбақтық қасиеті болу. Ж.Шәк. ~ Сен біздің ауылда бұрын-соңды ешкім ата кәсіп ете қоймаған жаңа өнерге бірінші боп бет бұрғандардың бірі едің — құландар жортқан құба түзге талай-талай соны соқпақты өзің салдың. Ә.Кек. ~ Сол дәуірдегі әдебиет сардарлары мен сарбаздары, Аманжолов айтқандай, көне іздерді тастап, соны соқпаққа түскен «тар жол, тайғақ кешуде» (Сәкен) адасса, жаппай адасты; қателессе, жаппай қателесті. З.Қаб.
СОНЫ СЕРПІЛІС
Жаңа қарқын, жаңа күшпен әлдебір жұмысқа, іске кірісу туралы. ~ Ең алдымен, соны серпіліске кеселі тиюге мүмкін сұмпайылардың көзі жойылуға тиіс. М.Мағ. ~ Қазақтың рухын сақтап, Еуропаның ғылымын бойына сіңірген жұрт қана ел намысын қорғай алатын болады. Осыдан ғана соны серпіліс, заманға қарай елдің түлеуін көргендеймін. К.Жүн.
СОНДА ДЕЙМІН-АУ
Солай болған жағдайда, солай болса. ~ Ақылы бар, ойы бар, тілі бар, дыбыс пен бояудың сырық түсіне білетін қасиеті бар Адам формасында келдік. Қысқа ғана мерзімге. Асығыспыз, уақыт жоқ. Белгісіз кеңістіктегі белгісіз бөлшекке тез қайта айналуымыз керек. Сонда деймін-ау, сонда не үшін келдік, не үшін келдім. Д.Ис. ~ Сонда, сонда деймін-ау, бұл ауылдың аққараны ажыратуға қауқары жететін ақсақал-қарасақалдары қайда қараған?! Әлде оларға да бәрібір ме. Қ.Жиен. ~ – Әлденеге асығады, әкри, басын қатырып әлденені іздеп келіп жүргені… Сонда деймін- ау, қайда асығамыз, қайда бара жатырмыз? Неменені тіміскілеп итше іздейміз? О.Бөк. ~ Сонда деймін- ау, біз орыстарды адам, олардың жатқан жерлерін бейіт ретінде көрмегенбіз бе?.. Ештеңе сезінбей, беймарал аттап түсіп- шығып жүре беруші ек. Г.Нар. ~ Сонда деймін- ау, қара жұмысты кім істемек? Ауылды кім көтереді? Малды кім бағады? Сүтті кім сауады? Ә.Асқ.
