Home » Page 332
Posted in

СОНАР ҚАР

Алғаш түскен қалың ұлпа қар. * Аңшыға жаңа із арқылы қолайлы жағдай тудырып тұрған сонар қар мен аңның алынуы, екеуінің бірлескен ұғымынан келіп, «қансонар» деген аңшылыққа тән атау пайда болған деуге толық негіз бар. Ж.Баб.

Posted in

СОНАДАЙ ЖЕР

Әжептәуір қашық жер. ~ Өз қызығы өзімен болып, ой теңізінде еркін жүзіп жүр. Бірақ, осы кезде Сейіттің соңынан бір адам қара үзбей, сонадай жерден ол қайда бұрылса, солай жүріп, ізін бақты. Жаңа бір әзірде ғана бұл адамның санасында еш нәрсе жоқ еді. Р.Рай. ~ Көз ұшындағы ирек сағымға, сағымға ұқсас жөңкілген бұлтқа, арлы–берлі дамылсыз сабылған поезға күн сала қарар. Сонадай жерде ұшқасып–тіресіп өтіп бара жатқан жолшылар саусағын шошайтар. Д.Дос.

Posted in

СОМАДАЙ БОЛЫП

Үп-үлкен болса да д.м. * Ана Ыбырайларды қарашы, көріп тұрып, әдейі келмей тұрғанын, «ерегіскенде суармай қояйын ба!» дейді Қартқожа. Дегенмен сомадай болып, бір ауылдың сиырына қауға тарта алмауды намыс көреді; сыр алдырмағысы келеді. Ж.Айм. * «Мұның қалай, Масаңбай, сомадай болып ұят қой», ─ деп, ұялтайын десең, «Контуженмін ғой, өзімді-өзім ұстай алмай қаламын» ─ деп кінәнің бәрін басқа бірдемеге аудара салатын. С.Шай.

Posted in

СОМ ДЕНЕЛІ

Ірі, мығым, кесек денелі. * Сақар оларға ұқсамаған бір оршұнақ. Шойыннан құйғандай сом денесіне лайықсыз сопақтау, кішірек басында шұнтиған құлағы тышқанның құлағындай болып еп-ерсі көрінетін. Ү.Жәл. * Бас — аяғы тұтас сом денесі ортадан аз-ақ қалқыңқы бойынан жарасым тауып, Сейілбекті дембелше палуанға ұқсатады. С.Ом.

Posted in

СОМ БІЛЕК (БІЛЕКТІ)

Қайраты мол, күшті, мығым. * Аты кержақ демесең, обалы кәне, шаруаның адамы. Анау аюдай дене, сом білек, күсті алақан тек еңбек үшін жаралған. Қ.Ысқ. ~ Сол бір сом білектер баяғы бесжылдықтар тұсындағыдай, жеңістердің соңғы жеті жылдығын да күн астына күмбез етіп көтерді. Х.Ерғ. ~ Бұл келгенде Төбелес ауылының соқталдай, сом білек жігіттері жұмысты еңсеріп, балшық толы қалыптарды тізілтіп тастапты. А.Жақс. ~ Сом білек, сұм айлаға қарсы қылар дәрмені сарқылып, мысы құрыды. Иліктіріп, мәжбүрлеп әкетіп барады. Н.Сам. ~ Бас пайдасы кірмейтін түсіне де, Ұлымын Амангелді сарбазының. Әбдірахман — сарбаз әкем сом білекті, Сардарға еріп соғыста ерлік етті. Көтеріліске қатысқан бастан-аяқ, Кісі еді батыл, қайсар, ер жүректі! Ж.Сом. ~ Не бір апай төс сом білек тақымкештердің қолын қарыстырып, қарсыласының атын шөкелеткені аздай-ақ, енді бұған Бейіс жар- масқан. Ө.Кәр.

Posted in

СОМ АЛТЫННЫҢ СЫНЫҒЫ

Шыққан тегі асыл д.м. ~ Ата тегі мұндағы — Орта жүздің ұлығы; Ана тегі ондағы — Өзен судың тұнығы. Екі асылдан қосылған Сом алтынның сынығы. Абай. ~ Сен сүйегі асыл тұқымның, туған жерін таппай тынбайтын тұлпардың тұяғысың. Сондай бір сом алтынның сынығы бола тұра, бұл қай тұралауың. Жағаласқан жауыңа көз жасыңды көрсеткенше көрге кір. Сүйекке таңба салма. С.Дос. ~ … түкті кеудесіне әйел суретінен жасалған алтын салпыншақ таққан, машина кілттерін салатын шығыршығының өзі Бостандық статуясының сымбатынан сылып жасалғандай – ол да сом алтынның сынығы. К.Мыр.

Posted in

СОМ АЛТЫНДАЙ

Ас құнды, қымбат. ~ Бүркіт өз ойынан өзі тағы да шошынды. «Қасиетін мәңгі жоғалтпас сом алтындай, жер бетіне сирек келетін осынау өзгеше жаратылған дарын күш расымен өлексе күткен қара қарға — дағдарыстың жемі болмақ па. І.Ес. ~ Қазақтың қай тарихын да аңыздар мен әңгімелер толқыны басып кеткен. Бірақ, сол аңыз-әңгіме өзегінде сом алтындай жарқырап тарихи ақиқат жатады. Әрбір мысалдан тарихи дерек көрініп тұрады. Б.Қой.

Posted in

СОЛЫҒЫН БАСТЫ

Көз жасын тыйып, өксігін басты. * Аруана жағадағы шоқ талдың түбіне жетіп, солығын басты. С.Дос. * Бірталай уақыт өткенде барып, Айкүміс солығын басып, баланы жүрегіне қысқан күйде, орындыққа отыра кетті де … Ғ.Слан. * – Апам, жаман, – дейді оның жанында әлі де іштей солығын баса алмай отырған қара бала. Д.Әш. * Көрпесін атасы жапты. Жылағанын қойғанмен, бала көпке дейін солығын баса алмады. Т.Нұрм. * Жалпақ жазиралы даланы еркін кезген қиялшыл бозбаланың кеудесі де солығы басылып, қайыра ұйқыға кеткен жанартаудай болады. С.Сағ.

Posted in

СОЛЫҒЫ БАСЫЛДЫ

~ Тынысы кеңейіп, кеудесіндегі сырыл басылғанша солай етті де, солығы басылып, демалысы қалыпқа түсе бастағанда барып сол тасаға отырып біраз демалып алуды ұйғарды. Е.Әл.

Posted in

СОЛҒЫН ТАРТТЫ

Көмескіленді; күңгірттенді; өңі жүдеді; бәсең тартты. * Күн батуға жақындап, ұясына қонып барады. Күндізгі өткір, ыстық күннің көзі маужырап, нұры солғын тартқан. Самал жел есіп тұр. Ж.Айм. * Бұл сенім беки берді. Шиыршық атып, тырсылдаған тамырларым солғын тарта бастады. Жүрегім жайдағыдай жалаулап, бүлкіл қақты. Жүйелерім босады. Жаным жай тапты. Ж.Айм. * Мұнда көлеңке ғой, күн нұрын тасалаған жүрдек бұлттай, оқтын-оқтын соғып кететін шағын шаттықтың өзін де қоқырайта қояды — адам жүзі солғын тарта қояды, солған гүл реңдес… Х.Ес. * Бөртенің солғын тартқан жанарында болар-болмас ұшқын білінді. С.См. * Бертінде жалғыздыққа өзі де үйреніп, еті өліп, күйеуінің бейнесі солғын тарта бастағаны кәміл; мүлде ұмытты деу қиын… М.Сүн. ~ Шала жұмылған көздерімен келіншектің тұла бойын сүзіп өтті. Әйелдің көмескі нұрланатын солғын сұлулығын байқады. Т.Рыск. ~ Кәзірден бастап бойымыздан нәр кетіп, гүлге тән жұпар иіс те, қызға тән әдемілік те солғын тарта бастады. О.Көш.