Зорға жанып тұрған, жарығы шамалы білте шам. ~ Астанадан шыққалы қыбыр еткен жоқ; шығарып салып тұрған қалыңдығының ерке мінезі есіне түскенде, соқыр шам сығырайған вагонда қимылсыз көзі шоқтанып жана түседі. Ә.Нұрп. ~ Сәкі үстіндегі соқыр шамның жалыны капитанның соңынан ергісі келгендей, есік жаққа қарай созылып кетті. М.Кәр. ~ Сонан бері соқыр шам сығырайған қамыс қостың бір басында әр нәрсені бір ойлап, өңің кірмей кірбиіп жатқансың-ды. Ә.Нұрп.
СОҚЫР ҮМІТ
Бос қиял, орындалмайтын, іске аспайтын жоспар, көзсіз сенім. ~ «Кәпір болып кетпесе сәлем берер»,— деген соқыр үмітпен тоқтай қалғаным. Қайда, шекесінен қарап шырт түкіреді. М.Қаб. ~ Әйел үшін бұдан артық қайғы бар ма? Сен адал, әулие жансың, оған баяғыда–ақ көзім жеткен. Бізге беріш болып қатқан жүрегің жібімесе, менің әлі де құрсақ көтеремін бе деген соқыр үмітім біржола кесіледі. А.См.
СОҚЫР ТҰМАН
Көзге түртсе көрінбейтін қалың тұман. * Соқыр тұман сейіліп, Көкжота басына сәлде киіп алыпты. Қ.Ысқ. * Құм үстіндегі ауа бірқалыпты тымырсық тұрады. Көбіне зілдей ауыр соқыр тұман басып, төңіректе құлаққа ұрғандай тыныштық орнайды. С.Мұр. * Тау іші салқын, әрі дымқыл. Таң ата бүрікпе жауын толастап, ашылғанмен, қалың қарағай ішін соқыр тұман басқан. С.Жүн. * Соқыр тұман дүниені кері төңкеріп жібергендей әсер етеді екен. Көзге біртүрлі жат, көңілге тосын. Ә.Асқ.
СОҚЫР ТИЫНҒА КЕРЕГІ ЖОҚ (ТҰРМАЙДЫ)
Түкке жарамсыз, еш құны жоқ. * Үй иесінде үн жоқ. «Маған сендердің кім екендерің соқыр тиынға керегі жоқ, қажет боп тұрса, өздерің айтыңдар» дегендей жастыққа белін тіреп, күпісіне қымтана түседі. Т.Әбд. ~ Жолын тағы да Көпжасар бөгеді. Жай ғана бөгеп қоймай: «Егер мені шынымен-ақ қиып кетсең бәрібір сенсіз маған өмірдің соқыр тиынға керегі жоқ. Ө.Кәр.
СОҚЫР ТИЫН ПАЙДАСЫ ЖОҚ
Түк қажеті жоқ, құр масыл. * Дұрыс нәрсені бұрыс деп теріс-қағыс лағып сөйлейтін есуас әпенді, әзір асқа – тікқасық болғаннан басқа соқыр тиын пайдасы жоқ масылды қалай әкем деп еміренсін! Т.Сәук. * Не келіп жатқан соқыр тиын пайда жоқ, сегіз тонна көмір кетеді. Қып-қызыл шығын. Т.Сәук. * Үй иесінде үн жоқ. «Маған сендердің кім екендерің соқыр тиынға керегі жоқ, қажет боп тұрса, өздерің айтыңдар» дегендей жастыққа белін тіреп, күпісіне қымтана түседі. Т.Әбд.
СОҚЫР ТИЫН
Еш құны жоқ; қара бақыр. * Соқталдай бір азаматқа сол жылдарда соқыр тиын ақысыз, пұлсыз істеп бергенінің сыртында қыз әкесіне Әли де бір ат, бір сиыр беріп, сабаудай екі азамат — өздерінің тапқан-таянғандарын тірнектеп соған өткізумен болған. Ж.Ахм. * Мынау нарық заманында уфілеу-суфілеу, жалап-жұқтау сықпытты либерализмнің пұты соқыр тиын! Ғ.Қабыш. * Жалғыз балаға көлеңкең түспеген соң, сенің секретарьлығыңнан маған соқыр тиын. Сен де бір, шүршіт те бір. М.Қан. * Машинаға бес жүз қойды тиеп болғанша, мен Қазаншұңқырға бес жүз қадам жақындап қаламын. Скотобозыңды ала кет! Маған оның қажеті соқыр тиын! Қ.Ысқ. ~ — Бұл деген сұмдық қой! Жабулы қазан, жабулы қалпында қалсын дейтіндер түптің-түбінде бір есеп берер-ау тарих алдында. Халықты қызыл қырғынға ұшыратқан ұлылықтың құны соқыр тиын. Ө.Кәр. ~ Бәлем, әкең келсін. Дәдеңді сонда бергізермін. Құдай-ай, осы арамды қайтейін деп жүр, ә! Соқыр тиын құрлы пайдасы болсайшы бір. О.Елс.
СОҚЫР ТӘУЕКЕЛ
Көзді жұмып жіберіп, қатерге бас тігу. ~ Көтерілістің жолын көрсетіп, бетін түзеп отыратын жарық керек білім керек. Бізде сол жарық жоқ. Ісіміздің бәрін соқыр тәуекелмен істеп жатырмыз. Ғ.Мүс. ~ Қалай болған күнде де, әйтеуір олар қайтадан күре жолға түсіп, ешқандай мақсат-мұратсыз соқыр тәуекелмен тартып кетті. М.Серв.
СОҚЫР ТАУЫҚТАЙ
Не нәрсені де саналы түрде бағамдай алмайтын, талғамы жоқ, таңдай білмейтін адамға қарата. ~ Қандай сұлу қыз да ертең әйел. Оған да үйренесің. Махаббат мәңгі емес. Соны біле тұра соқыр тауықтай селт еткен сезімнің жетегімен лаққым келмейді. М.Сүн. ~ Еңді есептеп қарасам, Жоғарғы Кеңеске депутаты болып сайланар кезде сол Қонаев атамыз 36 жаста екен, осы күні отыз алты жастағылар көжесін жылап әзер ішеді, алдағы жүрер жолын соқыр тауықтай әрең болжап көреді. Д.Дос. ~ Бірақ, Ақтілеу әжесі көкірегін оятып жібергенімен, мына алдамшы әлем көзін байлап, көкірегі сезгенді өзі көрмей тұмсығына іліккен тарыны да, тас түйіршігін де талғамай, таңдамай жұтқыншағынан өткізе беретін соқыр тауықтың күйін кешіп келіпті. Е.Әл.
СОҚЫР ТАУЫҚҚА БӘРІ БИДАЙ
Надан адам не айтсаң да сене береді, білмегенге бәрі таң д.м. мәтел. ~ Өлгені тіріліп, өшкені жанғандай қуанып шуылдасты да қалды. "Соқыр тауыққа бәрі бидай", тек хат ішінде "Қамар — Ахмет" деген сөз болған соң-ақ, құдай берді, ақты-қарасын ақтару қайда… Шыдасын ба? С.Торы. ~ Аз білсе де, Хақ жолына адал, кейбір дүмше сияқты, «соқыр тауыққа бәрі бидай ғой» деп, бетін сипап, бергенді қалтасына тоғыта бермейді. Т.Сәу. ~ Соқыр тауыққа бәрі бидай. Көп сөз, бос керістің қайда барып, немен тынарын білмей, басы қатып, шекесі дыңылдап босағада отырған Боранқұлдың әр қандай топты жердің бәрінде басқалардан бойы озық, салауаты басым сүлейлі біреулердің болатындығынан хабары жоқ еді. Ғ.Біл.
СОҚЫР СОРАП
Қайда барары дүдамал көне сүрлеу, ескі жолдың сілемі. ~ Сол сұр аттың орайына ана Бөрілі елінен әкелген жылқының суық жолымен келгенін айтқан адамды іздеп, бізді бидайықтай қуырды, — деп ана жылғы Тәтім үйінің басынан кешкен сол бір сергелдең уақиғаның соқыр сорабын бір шолып тастады. С.Бег.
