Home » Page 335
Posted in

СОҚЫР СОҚПАҚ

Бейтаныс, қайда бастары белгісіз сүрлеу. ~ Шаруашылық бұрынғы ескі соқыр соқпағынан қазір машиналанған жаңа жолға салынып, машина жасайтын үлкен өнер дүкендері құрылып жатыр… С.Сей. ~ «Біздің үйден шыққан соқыр соқпаққа қомсына қарама. Оған түсіп алып тарта берсең, әр түрлі адамдай, әр түрлі жолға түсерсің. Танырсың, Дидаржан»,— деп еді көкем. М.Сүн. ~ Бөкен желіспен жүріп отырып, жат елден ұзай берді. Сол жортыстан бір танбай үркер тарар кезде туған жерге апарар соқыр соқпаққа кеп түсті. С.Дос. ~ Белгібек тек өзін кінәлайды. Яғни өзін әлі жоғалтпаған. Ар жағы Белгібек сөйлей түссе деп тұр. Өз тағдыры да мына жігіттің соқыр соқпағына ұқсай ма деп тұр. М.Қаб.

Posted in

СОҚЫР СЕНІМ

Білім мен ғылымға негізделмеген, надандық пен қараңғылықтан туындаған дүние таным. ~ Алғашқы шежіре негіздері сонау діни соқыр сенімдердің өріс алып, үстемдік етіп тұрған кезінде жасалғандықтан, олар адамзат баласының шығу тегін Адамата, Хауа-анадан бастайды. С.Мұқ. ~ «Осылай шығар, бұлай болуы ықтимал» деген аңғал ұғым, соқыр сенім, қала берді есек дәменің арбауымен сырттан таңылған жат діннің жетегіне еріп, соқыр сенімге негізделген жалған идеологияның құрбаны болуға кәдікпіз. Қ.Шам. ~ Сонда ғана өз қателігін түсінді, соқыр сенім мен жалаң сезімге бой алдырып, арғы-бергі жағын ойлай қоймағанына өкініп, өзегін өрт шарпыды. Д.Рам. ~ Әне бір секемшіл, соқыр сенімге иланғыш болмаса да, тынышсыз ұйықтап, жайсыз түс көрсе де, марқұм шешесі құсап сан саққа жорып, жас жүрегі лүпілдеп қоя беретін. М.Сүн.

Posted in

СОҚЫР СЕЗІМ

Ақыл-ойға бағынудан қалған көңіл-күй; түйсіксіз ұстаным. ~ . Адам — шешуі жоқ жұмбақ. Шешуі деп атауға болатын болса, адамның шешуі жалғыз өлім. Осы ойлар Шолпанның жанында таспиқтай тізілген ретті болмаса да, оның жаны соқыр сезіммен осы ойларға өзі барып тірелген еді әм Шолпанның жүрек жарасын ешкімге сездірмеске тырысуының себебі осы еді. М.Жұм.~ Ең қара пиғылға, соқыр сезім, дүлей күшке тізгін берген, өздерін социал-демократ, социал-революционер деп атайтын солақай күштер жеңіске жетті. М.Мағ. ~ Жеті түнде жұлдыздармен жымдасып, Соқыр сезім көзді еріксіз байлаған. А.Сағ. ~ Толғанып тұруға мұрша жоқ, ол соқыр сезіммен жалт бұрылып үйді тасаланды. Т.Ахт. ~ Құлағының тесігіне дәрі кеткенде, шыбын жыбырлатқандай көрген ол болмашы ғана оянған қалпымен соқыр сезімнің ықпалы айдап, дәрі құйылған құлағын алақанымен бір қақты да, аунап түсіп жата берді. С.Мұқ. ~ Жердің сілкінгенін немесе күннің тұтылғанын тамашалағандай бір соқыр сезіммен ентелесіп, істің ақырын күтісті. Т.Әбд.

Posted in

СОҚЫР НӘПСІ

Ақылға көнбейтін, тойымсыз құлқын, құмарлық. ~ Періштенің қызымен некелескен бір еркек, бес жылдан соң аузы қисық бір әйелге ынтық бопты (Жасынның бір повесіндегі бір шалдың ер адамның қанағаты мен соқыр нәпсісі жайлы ауызәңгімесінен). Д.Ис.

Posted in

СОҚЫР НАНЫМ

Ғылыми қисыны жоқ, негізсіз ілім. ~ Қартқожа өзгерді. Бұрынғы соқыр нанымнан, діншілдіктен, ісім ағзамнан тазарды. Елді надан қып жүрген, құлқынның құлы, өзі надан қожа-молдалар екенін білді. Бұрынғы жабығу, уайым-қайғының бірі жоқ. Ж.Айм. ~ Діннің бес парызы шарт еткен жолдарды Абай өзінің сыншыл ақылымен діндік соқыр наным — предрассудок деп түсінеді. М.Әу.

Posted in

СОҚЫР КЕУДЕ

Білімсіз, надан, тоғышар. ~ Соқыр кеудеге сиқырлы сезім құятын, Өнердің қара шаңырағысың – Театр! Н.Әділ. ~ Соңғы жылдары тағы бір жексұрын әдет тапқан. Істейтін кәсіп жоқ, өнер қумай талапсыз тоқыраған көр соқыр кеуде азғындамай қайтеді. Т.Сәу.

Posted in

СОҚЫР ЖОЛ

Қайда апарары белгісіз; адастыруы мүмкін сүрлеу. * Кешке де, таңғы елең-алаңда да, қазіргі жаяу борандада жат жолдағы жатырқағыш жолаушы-тракторшыны бастап келе жатқан соқыр жол осы. М.Әу. Дұрыс-бұрыстығы күмәнді, беймәлім бағыт. * Керейді танымайтын ел болса, Барар тұсы соқыр жол! Әйтеке Би * Адастырғанда соқыр жол мен саңырау түн, Адам болып көрінеді күңгірі алыстағы қоңыраудың. Т.Әбді.

Posted in

СОҚЫР ДӘМЕ

Негізсіз үміт, ақталмас бос қиял. ~ Фәйі бос емес,— деді тілмәш жоғын сылтау етіп. Теңдік тілеп, теңескісі келіп жүрген — соқыр дәме жігіттерді сол ізімен қайта қайтарғысы келген. Ж.Ахм. ~ Ал бізде «өзара тығыз байланысқан әлемде өмір сүреміз, бізге бұл індет келмейді» деген соқыр дәме болған шығар. С.Тасб.

Posted in

СОҚЫР АТТЫ ҚОТЫР АТ ТАБАДЫ

Әркім өз теңін іздейді д.м. ~ Іш құста болып жүрсіз, ә? — Елтай басын изеді. — Соқыр атты қотыр ат табады. Біз солай екеміз. Танысып қоялық, айыпқа санамаңыз… Белгібек! — Елтай… Шашлық қайталайық. М.Қаб. .