Тағдырына налу ретінде айтылады. ~ О, құдай! Құлағы керең, көр құдай! Соқыр құдай! Не жазығым бәр еді мұншалық! Алатын болсаң, ит азапқа салмай, неге алмайсың! Б.Соқ. ~ Жүгірмек кет! Жүгірмек кеткір! Сендей бала бергенше, қу бас қып алсайшы! Соқыр құдай! Әй, о нес-әй! О заманнан бұ заман әйелін жасырды деген не сұмдық. Қ.Мұх. ~ Көз жасымды көрер дедім. Көретұғын түрі жоқ. Соғыс біткелі жылдан асты, аман болса, ендігі келмес пе еді. Не жылағаныңды, не құлшылық еткеніңді көрмейтін көрсоқыр құдайға несіне жалынам осы?». К.Қаз.
СОҚТЫҒАРҒА ҚАРА ТАППАДЫ
Кімге тиісерін білмей жұлқынды. * Арақ ішіп алған әлдекімдер айғай-сүрең салып, солдаттарға ұмтылып, онсыз да соқтығарға қара таппай ашынып аласұрған елдің бүйірін қыздыра түсті. Т.Сәу. ~ Жүні сабалақтанып, қарны жабысқан Сары да соқтығарға қара таба алмай тұрса керек, жекпе-жеккке шақрудың рәсімін де жасамастан, бұған қарсы тұра ұмтылған. К.Сег. ~ Алып күш қара таппай соқтығарға, Адамды көргАлып күш қара таппай соқтығарға, Адамды көргеннен соң көп тұрар ма?! Қазандай басын шайқап, мүйіз төсей, Аялсыз тұра ұмтылды жоқ қыларға. Қ.Бәт.
СОҚТАСЫН СУЫТТЫ
Көңілін бұзды. ~ Әлгінде айтылғандай, ретсіздіктер жұрттың соқтасын суытып, елге іріткі салды, толысын төгіп, ортасын шайқады. Қара бұқараны қойдай үркітті. Осыдан келіп, жалпақ қараңғы ел большевик дегенді құбыжық көрді. І.Жанс.
СОҚТАСЫ СУЫДЫ (СУЫНДЫ)
Желігі басылды, көңілі суыды. ~ Елде қоқалақтағанмен өздері отырған құдық-құдық қонысынан ешқайда ұзап, үркіп кете алған жоқ. Бұл уақытта жан-жақта желіккен елдің жігіттері де соқтасы суып соғыстан қол сілтей бастаған. І.Жанс. ~ Даланың шаруашылығы қанаумен қалаға жұтылды. Үкімет елді сабаумен, қамаумен қорқытып келеді. Сондықтан елдің орыстан соқтасы суып, жаны жауықты. Орыс атаулының бәрін жау көрді. І.Жанс. ~ Бұдан кейінгі уақыт Арқадағы дуылдап көтерілген тасқын күннен-күнге басылып, бұрынғы сабасына қайтумен өтті. Жан-жақтағы көтерілген елдің соқтасы суынды. Жиналған жігіттер аяғынан тозып кетті. І.Жанс.
СОҚТАЛДАЙ ЖІГІТ
Зор денелі, еңгезердей, пісіп-жетілген дардай жігіт. * — Бас орнында болмаса міне көз, колхоздың көзі де орнында. О да міне ашылып қарап тұр, — деп Қасенді нұсқағанда, қатындардың бәрі тегіс үп-үлкен денелі, соқталдай жігіт Қасенді "көз" ғана дегенге мәз болысып күлген еді. М.Әу. * Есейіп, соқталдай жігіт болғанмен, Бала батыр лақпыты сақтала беріпті. Саймасай батырдың жылқысын бағып, ер жетеді… Ш.Құм. * ~ Тұрыңыз! Мұныңыз не? — деді соқталдай жігіттің тізерлегеніне ыңғайсызданып, құлағына дейін қызарып кеткен Олжас. С.Дос. * Бұлардың: «Қарттарға көмектесуге барамыз»,- дегеніне Қарлығаштың іші жылып, мерейі өсіп қалды. Марат, Жанар, Асылжанның әрқайсысы оның көзіне соқталдай жігіт сияқтанып көрінді. С.Ом. * — Қой енді, көкесі! Бір жолға ашуыңды маған бер. Машина деген темір емес пе? Сол темір үшін бауырыңның көңілін қарайтпа. Соқталдай жігітті төмен етек әйелдердің алдында сабап, сағын сындырма! Біз көрмесек етті! Ә.Тар.
СОҚПАҚ САЛДЫ
Әлдебір іске бастама жасады, бағытын көрсетіп берді; қадам тартты. ~ Оның шығармашылығынан қазақ сөз өнерінің эволюциялық өсуі, табиғи жаңа сапаға өтуі айқын аңғарылады. Мұның өзі Жүсіпбек прозасы қазақ әдебиетінде соны соқпақ салғанын дәлелдейді. Д.Қамза. ~ Әдебиетте болсын, өмірде болсын дара болып қалуды, басы байлы құл емес еркін болуды қалады. Басқалардың шиырын қайталағысы келмеді. Шиырды қайталағанды былай қойып өз соқпақтарын салу жолында тынбай ізденді. Ж.Шәк.
СОҚҚЫНЫҢ АСТЫНА АЛДЫ
Төмпештеп ұрды, әлімжеттік қылып, ұрып-соқты, зәбір көрсетті. ~ Әй, әй, қойсаңшы шырағым,– деп араша түспек болған Есенбайды да соққының астына алды. О.Көш. ~ Зокку болса ақыра боқтап екеуін де сырғауылдай көк таяқпен белдерін қайыстыра соққының астына алып тұр. С.Мұр. ~ Елді солай жайпап тастап Шернияз бен Шадыманды соққының астына алды да бірін арбаның жақтауына асып, енді бірін жерге сулатып тастады. Ә.Әб.
СОҚҚЫҒА ЖЫҚТЫ
Біреуді ұрып-соқты. ~ Сендер Қанипаны алып кеткен күні Аралбайдың қол шоқпарлары жиналып келіп, мені соққыға жыққан… С.Ом. ~ Мынау қай мазағың? Берік – аулымыздың қонағы еді. Көрсеткен сыйымыз — соққыға жығу ма? Қашанғы қор етіп намысымызды көме бересің?! Зауалы болмас деймісің? — деп қалш– қалш етіп Мақанға жақындай түсті. С.См. ~ Ақ көйлектің омырауына да қан шашырап, құдды сілейтіп соққыға жығып салғандай. Ә.Нұрп.
СОҚҚЫҒА ЖЫҒЫЛДЫ
Ұрып-соғылды, зәбір көрді, таяқ жеді. ~ Соққыға жығылып, шала есті боп жатқан Жәукені анау екеуі үйінің алдына сүйреп апарып тастады да, бүйірлерін таянып, қызығына қарап тұрды. С.Ом. ~ Екі шабарман соққыға жығылған бір жігітті қолтығынан сүйреп әкеліп тізе бүктіреді. Б.Тоғ. ~ Бір күні кезекті соққыға жығылып әлсіреп, есімді бірде жиып, бірде қайта сандырақтап жатқан кезімде, бүкіл өмірім көз алдыма келмесі бар ма. З.Нұрт.
СОҚҚЫ ТИДІ
Зорлыққа тап болды, зәбірленді, төбелесте жарақат алды. ~ Бұлардың да ондай бұзақы, желігін әуелі аямай басып алу керек. Сонда барып бастарына соққы тиеді. Ә.Кек. ~ Қалдың ба Нұрым?… Жан жүрегім, бақыл бол! – деп күбірлегенімде жүрегіме қатал соққы енді тигендей, ұйып бара жатты. Жалт бұрылдым, – тоқтат!… то…қта…т!– деп зекіп-зекіп қалдым өзіме. Қ.Шабд. ~ Опа кермей, талай соққы тиіп жапа шеккен жүрегі жаралы, көңілі жадау тартып келген ақын шемен-шерін ағытып, түр-түсі сан өзгеріп тұратын жәдігейлерді нысанаға алады. С.Им.
