Таяқ жеді, тепкі көрді. ~ Қырып алдық тоқтыны, Жейтін болдық соққыны. О.Әуб. ~ Тағдырдан соққы жеген екі пенде үрпиісіп қалды. «Не істеу керек?» дегенді іштей айтысты. Т.Әл. ~ Дулат (бекініп). Бәсе, Қарагөзімізді әкететін жауларға, тым болмаса, бір оқ атып қалайық. Барып–барып жығылмас па екен? Әкетсе де, соққы жеп кетсін. Неге қарап қаламыз? М.Әу. ~ Өзі де сілтіге салған сүйектей боп–боз. Жүріс–тұрысында да баяғы батылдық жоқ. Кібіртік. Созадаң. Бір нәрседен әбден соққы жеп, басымен қайғы болған адам ғана осындай болса керек. Ә.Кек. ~ Қоспан (ойланып). Соққы жеп, басылып қалған қам көңіл… Маңдайдан сипағанға баладай алданып… елп ете қалғаным ба? Ұқпаппын–ау сырын. Т.Ахт.
СОҚҚЫ БОЛЫП ТИДІ
Әлдебір жағдай ауыр тиді, қинады, жүрегін ауыртты. ~ Есенбай ойланбай сөйлеген сөзінің өзіне соққы болып тигенін білді. Бірақ аузына басқа сөз түспеді. О.Көш. ~ Темүжіннің керей билеушілері мен оған бағынған моңғол нояндарына жолдаған сәлемі, жай сәлем емес ауыр соққы болып тиді. Ж.Шәк. ~ Олардың артынан асқар таудай ағасы Сәбит Мұқанов қайтпас сапарға ол кетті. Осының бәрі Баукеңе соққы үстіне соққы болып тиіп, оның аузынан шыққан күйініш сөздері жалпақ жұртқа естіліп жатты. Ә.Нұрш. ~ Жұрттың өзіне деген ерекше ілтифатына үйреніп қалған, осы кішкентай құбылыс Еркебұланға соққы болып тиді. Ә.Тар.
СОҚҚЫ БОЛДЫ
Ауыр тиді; жүрегін ауыртты; күңірентті. ~ Сүю деген – некелену, некеленіп алған соң, түбінде мені күте алмайтын болсаң, қазір ажырасайық деу – Нұрияштай қызға ең дөрекі соққы болмай ма!… Иә, оның жанына кіршік түсіре алмаймын! Қ.Шабд. ~ Неткен қатыгез едің!.. Тым болмаса жұбатар деп ойлап ем!.. Саған мұншалықты бауыр басып кеткенім, уақыт өте келе қатты соққы болатынын білдім бе?!. Д.Рам. ~ Ақтоқтыдан кейін Ақанға көңіл жұбанышы болған Құлагердің өлімі үлкен соққы болды. Ә.Марғ.
СОҚҚЫ БЕРДІ
Шабуылдады, майдан ашты, тойтарыс берді. ~ Мен мұнда, сен онда жауға өлтіре соққы беріп жүрміз деп сана, жаным! Барша жолдастарыңа, әсіресе қамқорлығыңдағы қазақ жігіті Алмасқа көрмесем де менен сәлем айт. Хат жаз. С.Ом. ~ Символизм мен формализмді әшкерелеуді, оларға соққы беруді – лирика атаулыға соққы беру», – деп түсінген мезгілімізді де тарих ұмытпайды… Ш.Сар.
СОҚҚАНДА СӨЛІН, ҚАҚҚАНДА ҚАНЫН АЛДЫ
Жанын шығарды, аямай қинады, ұрып-соқты. * Кино қызықты болды. Советтің солдаттары Гитлердің әкесін танытып, соққанда сөлін, қаққанда қанын алды. Тықсыра қуып, желкелеп, жұдырықтап жеңіп шығады. О.Бөк. ~ Қос айғырдың арқырай кісінескеніне елігіп, шабыс тілеп, тынши алмай тыпыршыған аттарының басын еркіне жіберген жылқышы жігіттердің қиқуы сойқан. Сытылып шығып, әрқайсысы аулақта қалған өз үйіріне қарай сынаптай сырғыған қос айғырды соққанда сөлін, қаққанда қанын алып, тықсырып қайыра қуып келмек. Н.Сам.
СОҚАСЫН БАТЫРДЫ
Әлдебір жұмысқа кірісті. * Айдарлар мұнда келіп соқасын батырғанда, күн ұясына отырып, аспандағы шарбы бұлт, қызыл шапақтанып тұр еді. Е.Зей.
СОҚАЛЫ БАСҚА БІР НОҚТА
Маңдайыңа жазылғаннан құтылмайсың д.м. ~ Тау беткейіндегі жылқы ішіндегі құлындар, құйрықтарын көтере тыраңдайды. Кешікпей соқалы басқа бір ноқта кигізерін сезбейтіндей. А.Кеңш.
СОҚА БАСЫН СОПИТЫП (СОПИЫП)
Жалғыз өзін. * Өрікті қадірлеп, ешкім еріп келмегені де қатындарға сөкетті көрінді. — Соқа басын сопитып қоя бергені несі!- деп тамсанысты… Ұрқия тоқалға шәй әперіп отырып, байқастады. Ж.Айм. ~ Ыдыхан соқа басы сопиып, жалғыз қалғандай күй кешті. «Қой, менің мұным не? Қайта осы құлындарымның бөлек-бөлек үй болғанын тілемеймін бе?» Өз-өзін қайрап, пендешілік кейпін жеңуге тырысты. Ә.Ыб. ~ Іші у ішкендей ашып, қасіреттен екі бүктетіліп қалады. Әсіресе, адасқан қаздай соқа басы сопиып жалғыз жүрген Мұқатайды көргенде, көз жасын тежеуге еркі жетпейді. Ә.Ыб.
СОҚА БАСЫ СОПАЙЫП ЖАЛҒЫЗ ҚАЛДЫ
Жалғыздан-жалғыз қалып д.м. * Енді, енді міне… тірнектеп тұрғызған ұяңды өзің жоқта тас-талқан қып, тағы да соқа басың сопайып жалғыз қалдың. Ә.Нұрп. * Бүйте берсе, ешкіммен араласпай, кісіліктен кететін шығар; бірге қуанып, бірге жыласатын дос қалмай, бақсының моласындай айдалада соқа басы сопайып жалғыз қалатын болар түптің-түбінде. Т.Сәу. * Сенген дос, сыйласқан серіктері бір-ақ сәтте жалт беріп, беттерін теріс салды. Айналасы сыпырылып, соқа басы сопайып жалғыз қалған. Т.Сәу.
СОҚА БАСЫ
Жападан-жалғыз; жалғыз өзі, қара басы. * Ақыры жалғыз қалған Тоқан соқа басын сүйретіп, қаңғып жүріп, осы ауылдан бір–ақ шықты. Т.Әбд. * Кемпірі екеуі сопиып қазір соқа басы қалды. О.Сәрс. ~ Профессордың қасында отырып кезекпе- кезек күзетіп жүрген үш-төрт шәкірті ғана. Соқа басынан басқа ешкімі жоқ. Жетімханада өскен. Т.Сәук. * Ауылда жасырын сыр жатар ма? Көп кешікпей-ақ етікші жігіттің жай-жапсары белгілі болды. Жасы жиырманың бесеуінде екен. Соқа басы. Өзі өнерлі. Ү.Жәл.
