Соқтықты, ұшырады. * Қасында тұрған қазақтарың біреуі: — Апырмай! Мынау байғұс бірдеңеге соқ болар ма екен? Анау қос жорғалардың тұяғы дамыл таптырмай тұр- ау! — деп, маңайдағыларға қарап езу тартты. М.Дәул.
СОЙЫП (ТЕРІСІН) ҚАПТАҒАНДАЙ
Бір-бірінен айнымайды. Айнымай тартқан, аузынан түскендей ұқсайды. ~ Оны шыр айнала үш жас немерелері: Бұғықуғыш, Сарбас, Түнде-үркек жүрелерінен отыр. Үшеуі үйелмелі-сүйелмелі, біріне-бірі сойып қаптағандай бейнелес. Ж.Айм. ~ Бақбөр тура Сәлім ағасын сойып қаптап қойғандай екен. Қ.Мүбар. ~ Енді бір-біріне сойып қаптап қойғандай ұқсайтын мың ақын, мың жазушы ортамыздан өрмей қайтсін?! Ы.Дәбей. ~ Абырой болғанда, әкесіне тартпаған, сойып қаптап қойған өзі. Ол құрғыр да, міне, жиырма үштен асып барады. Т.Сәу. ~ Шынында да солай ұқсайды дей ме? — Сойып, терісін қаптағандай дейді! М.Кәрім.
СОЙЫЛЫНЫҢ ҚАНЫ КЕППЕЙДІ
Ат үстінен түспейтін, үнемі қарақшылық, жаугерлікте жүретін содыр адам туралы. * Ол төрт аяқты тағыдан басқа тірі мақұлық жорытпас елсіз түздерде, әсіресе, тақымынан сойылы түспейтін, сойылының қаны кеппейтін жортуылшылармен жиі ұшырасатын. Ә.Кек.
СОЙЫЛЫН СОҚТЫ
Біреудің айтқанын істеді; мүддесін қорғады, қолшоқпары болды. * Мұғалім. Мен емес екенімді білесің, Нұрқан мырза. Бірақ сіздің мінезіңіз дұрыс емес. Сіз ел ағасы адамсыз. Жүзтайлақ. Мұғалім, Борсақтың сойылын сен де соғайын деп пе едің? М.Әу. * … сен секілді феодалдық заманның сойылын соққан содырларды омақастырсам, бұл заманда бұ да үлкен шаруа бітіргендік емес пе? О.Сәрс. * «Кіру-кірмеу әр кімнің өз еркінде» деп, ұзын саясаттың сойылын соққансып мәймөңкелеткенмен, жеме-жемге келгенде тірерге тұяқ тастамай, жарлының аузын аққа тигізіп отырған жалғыз сиырына дейін сыпырған. Т.Сәу.
СОЙЫЛЫН СОҒЫП, ҚАЗАНЫНАН ҚАСПАҚ ЖЕДІ
Азын-аулақ дәм үшін біреудің айтағына түсті д.м. ~ Қытайдың әскеріне жол бастап келіп, жалғыз-ақ күнде басып қалып жүрмесін. Кәпір болмаса да солардың сойылын соғып, қазанынан қаспақ жегендер ғой. Ж.Шәк.
СОЙЫЛМЕН САЛЫП ЖІБЕРГЕНДЕЙ
Оқыс, қатты; есін шығарардай. * – Қартқожа бар ма? Шық бері! – деген түнгі айғай, сойылмен салып жібергендей, сарт ете түсті. Ж.Айм. * Оқбақтың «Оқ!» деген дауысы, сойылмен сойып кеткендей дүрс етті. Ж.Айм.
СОЙЫЛҒАН ҚОЙДАЙ
Қан-жоса болды д.м. ~ Заматта біреулерінің шекесі торсықтай боп ісіп, көзі жұмылып, басқа біреуінің мұрнынан қан сауылдап ағып, үсті-бастары сойылған қойдай қып-қызыл қан басып шыға келді. Көйлектері пора-пора. Ә.Кек.
СОЙЫЛҒА ЖЫҚТЫ
Ұрып-соқты, жазалады, сойылмен ұрып, сабады. * Разбескіде Күзектің тыққан малын көрсетіп, сойылға жығып, есесін екі қайтарды. Ж.Айм. ~ Бірақ ақ бөкенге екі ырғып жететін ақал-теке, текежаумыттар бұларды қарасына да ілдірмеді. Қобыланды, Қамбар батыр секілді шапқанда аузымен құс ілетін тұлпарлары бар он шақты батырлар ғана соңдарынан қуып жетіп, жүзге таяу адамын сойылға жығып түсірді. І.Ес. ~ Сондай жайттың бірі — Қазақ телевизиясының елу бес миллион ақшасын алып кеткен оспадарлардың жіберген қателіктерін тап басып тауып берді: сыбайлас, телекомпанияның жүргізушісін құр ғана сойылға жықпай, бір-екі апта ауруханада нашар халде жататындай етіп, өлмес жеріне пышақ салу керек еді. Ә.Ыб. ~ Әйелі олай өтіп, былай өтіп: — Тұрсайшы, енді, — деп күйеуінің бетіне жалтақтайды. Сойылға жығып, тазыны тастап кетсе таяқ жедім деп өкінбес еді. Тілге де келмеді-ау. Үмітсіз жанарын көкжиекке қадап, өкініштен өртенген өзегін оң қолымен сипалады. К.Жүн.
СОЙЫЛҒА ЖЫҒЫЛДЫ
Оңбай таяқ жеді. ~ Сойылға жығылған серігін құтқарар басқа ұрылар лажы болмай, басқа басқа ұрылар оның атын іліп алып жетегінен айырылмай қаша ұрыс салып, құтылып кетіпті. Ана сойылға жығылған ұрыны жылқышылар байлап ауылға алып келсе, жөн айтпай мылқау болып жатып алыпты. С.Бег. ~ Жай жақыннан шыққан соң қамданып отырған көп қол тұра шабады. Жігітек қолы да, бұлардан да, адам сойылға жығылады. Әрх.Кәк. ~ Қыздың есімі — Еркебала. Әкесі барымтада сойылға жығылып қайтыс боп- ты. Шешесі бай қызын жасаулауға көрші ауылға кетіпті. Ө.Кәр. * Бірнеше рет сойылға жығылып, маңдайына тас тисе де, қияңқы кәсібін қырыққа дейін қоймаған. Б.Тоғ.
СОЙЫЛ СОҒАР
1. Соқтығыс-қақтығысқа қолдың алдыңғы қатарында жүретін ұр да жық атқамінерлер, майталман сарбаздар. ~ — Бұл былай да лып еткелі тұрған өрт еді, — деді Есеней, — соны тұтатып жіберуге Өтейдің қозысы себеп болды. Сылтау табылды. Енді осыны пайдалану керек. Сен — «жаубасарлап», мен — «ұшпайлап» екі жақтан ұран шақырсақ, Керей, Уақтың сойыл соғар еркегінен атқа қонбаған жан қалмайды. С.Мұқ. ~ Баймырзадан қалайда өш алуым керек. Қалай алам? Баймырза жалғыз жүрмейді, ылғи да сойыл соғар нөкер жиып жүреді. Ендеше, маған да нөкер керек. Б.Соқ. ~ Бұзатын кім заманды? Айлашыл алаяқтар, іштей ірітіп, елдің берекесін кетіретіндер, ұрда- жық ұран шықса, алдыға түсіп, сойыл соғарлар бұзады заманды,- деп үйдегілерді елең еткізді. Т.Рыс. ~ Ауылдағы сойыл соғар дәрмені бар жігіт-желең мен отағасын Қыземшекке аттандырып, жүз үйлі ауылдың қатын-қалаш, бала-шағасына өзі бас боп қалғалы бері каратель отрядтың ат тұмсығын кеудесіне әйтеуір бір тірерін Төрехан біліп те жүрген. А.Сүл. ~ Көшкен жұртта қалғандай құлазыған үйде бұдан әрі бөгелуді жөн санамаған Анике қалыңдығын ертіп, Жаһан сілтеген сілемге беттеді. Шыңғырбайдың биігіне жеткенде Сұлушоқының етегінде сойыл соғарлар қым-қуыт қайшалысып жатты. Ә.Ыб. 2. Біреудің (ханның, байдың, болыстың т.с.с) айтқанын істеп, айтағына көнетін барып кел — шауып келі, қолшоқпары. ~ Тарихи деректерге қарағанда, қазақ феодалдарына, беделді адамдарға арқа сүйеген Жәңгір хан, сол кезде халық арасында беделді Исатай Тайманұлын да өзіне тілеулес, өзінің сойыл соғар биі етуге тырысқан. С.Мұқ. ~ Досболдың тілеуіндегі жуан ауылдың көбі бұның ыстығына күйіп, суығына тоңбақ болып, өзді-өзі ауқымындағы кедей-кепшіктерін де қолтығынан шығармай сойыл соғар ғылып, әзірлеп жүрген. М.Әу. ~ Абай қыстауының оңтүстік жағында жиырма бес шақырымдай жерде Орда деген тау бар. Оны қыстайтын Мамай батырдың тұқымдары солардың бір старшыны Еламан, Байшора деген екі атаның баласы. Еламан сексен үй, Байшора жиырма үй. Ол заманда кімнің сойыл соғары көп болса азға зорлық етеді. Әрх.Кәк. ~ Жоғарыда отырғандар оларға “тәйт” десе, бәрі де індеріне кіріп кеткендей жым болмай ма? Олар тек әлгі лауазым иелерімен талантты қабылеттілердің қол шоқпарлары мен сойыл соғарлары. Т.Мед. * Ендігі жерде Абай бастаған үкімет сойылын соғарлар Құсман мен Құдабайды қатарынан ұстауға кіріседі. Ж.Шәк.
