Posted in

СІРІҢКЕ ҚАРА

Сырықтай арық, сұр өңді. ~ Бұны ел «қашқын Досбол» немесе «Жапон Досбол» деп атайды. Осында келгесін аспирантураға оқуға түсіп жапондық қызбен үйленген, – деп төмен қарап жымиып отырған сіріңке қараны нұсқады. Ж.Шәк. ~ Есіктен отыздың ар жақ бер жағындағы сіріңке қара кірді имиіп. А.Кеңш.

Posted in

СІРІГЕ ЖАМАҒАН БЫЛҒАРЫДАЙ

Жөнсіз, лайықсыз, орашолақ әрекет хақында. ~ Нағыз шынын айтқан уақытта, қазақ тілінде деп бастырылған кітаптардың көбінде қазақтың иісі де жоқ. Неге десең, дені бытпырақ, бытпырақ болмағандарының ағыны теріс. Рухын тексерсек, баяғы айтылған «қатын ойбай». Ал енді, қазақтықты сіріге жамаған былғарыдай қай жеріне апарып жапсырамыз! С.Тор.

Posted in

СІРІ ТАҚЫМ

Ат үстінен түспеген кәнігі ұры. ~ – Мұның не, әй, сірі тақым? Шөп ұрлап жатыр ма екен? – деді үй иесі. Ғ.Мүс. ~ Қараша үйден ұзамаған, қара көжеге өзек жалғаған сірі тақым ұрының жетім қызы алты алаштың аузында жүрсе, одан өткен мәртебе бар ма бұған. Ө.Кәр. ~ Л ә т и п а: Сен болсаң кім қорқады, Кенен ақын, Жасыңнан жарымаған кедей ақын. Мақтанба көрмегендей, білмегендей, Қураған көк шолақпен сірі тақым. "Айтыс" (Кенен-Ләтипа) ~ Қызығатыны бір- ақ зат. Кәдімгі қаламсап. Шәрикіби делінетін жүрдек әптрушканың жаңадан шыға бастаған кезінде Боғашекең атқа қонған. Сірі тақым ұры барымташыдан бір де кем емес. Ө.Кәр.

Posted in

СІРІ ЖЕТІМ

Өмір тауқыметін көп көрген, жетімдікке көндіккен жетім бала. ~ Мен болдым бала күнде тірі жетім, Болғам жоқ еркеленіп ірі жетім. Бала боп ата-аналы, сый көргем жоқ, Қадірсіз, құнсыз, пұлсыз сірі жетім! М.Ж.Көп.

Posted in

СІРІ БҮРДІ

Адамды қинау тәсілі. Басына түйенің көнін жапсырып кигізеді де, шешілместей қылып таңады. Ыстықтан көн бүрісіп, тұтқынның (әрине, тұтқын болуы шарт емес) басын екі шекеден қысады. ~ Ақназардың басына бір жаз сірі бүріп ұстады. Суға салып балбыратып қойған түйенің көңін, басына кигізіп, айнала жиегін көктеп тастайды. Күн ұлы сәскеге көтеріліп қатты қыза бастағанда, көнде құрысады… Тастай қатып кеткен кезінде, көн бір уыс болып бүрісіп, екі шекеден қысады… З.Шүк. ~ Сарының бір баласы түрікпенің қызын қатындыққа алып отыр. Екі баланы басына сірі бүріп, қойдың соңына салып қойыпты. Біреуінің далада өліп қалғанын Сегіз көзімен көрді. Есіне түссе әлі күнге жаны түршігеді. З.Шүк.

Posted in

СІРЕУ ҚАР

Нығыздалып қатқан қар. * Есімде бар. Бала күнім. Жер сіреу қар. Ызбарланып аспанның ажары бір кірмейді. Ж.Айм. ~ Биылғы қыс қатаң болды. Боқырау болды, боқ қатты. Қарашаның қары қаңтарға қосты. Ұдайымен алай-түлей ақтүтек боран соқты. Боран ашылса, шартылдаған сары шұнақ аяз қысты. Жер сіреу қар. Жылымық болса жаңбыр жауды. Ж.Айм. ~ Кере қарыс аузын ашып, гүр-гүр етті. Артқы аяғымен сіреу қарды бұрқырата осып-осып жіберді. Көзі қып-қызыл. Жалы тікірейіп, айбарын асырып барады. Ө.Кәр. ~ Қуаты шағылмаған күйлі жануар сіреу қарды омыраумен бұзып, қоянша орғып етегіне сүріне-жығылып қалың нуға тармасып қалған қашқынға бір бүйірден таяп барды. Ә.Сар.

Posted in

СІРГЕ МӨЛДІРЕТЕР

Күздігүні, бие ағытылар алдында берілген қымыз. Мұны "Сірге жияр" деп те атайды. ~ Ал күзгі соңғы қымызда (ауыл адамдарына) таттыруды (ішкізуді) «сірге мөлдіретер» деп атайды. С.Мұқ.

Posted in

СІРГЕ ЖИЯР

Күзді күні бие ағытар алдында жиналған соңғы қымызды көрші-қолаңын, туған-туыстарын шақырып сыйлаудәстүрі. ~ Күздігүні бие ағытардағы ақырғы қымызға көрші-қолаңды шақыру кәдесін "сірге жияр" деп атайды. БАҚ. ~ – Түрі көп: дастарқанға, баланы сүндетке отырғызғанда, алғаш тайға мінгізгенде, бие байлағанда – «қымыз мұрындық» дейді, биені ағытқанда – «сірге жияр» бар, жаңа үйге кіргенде, алыс сапарға шыққанда, аңға шыққанда барша игі істің алдында үлкендерден бата сұрайды. С.НЕг. Соңғы, ақтық дүниесі, бар қалған асылы д.м. ~ Жоңғар ордасының сірге жияр соңғы ханы Дабашы аздағанқолмен мұзарт асып, Қашқарияға қашқан екен. Қ.Жұм. ~ "Ауырмайтын жерім жоқ. Емханаға апарып тұрмайды. Дәрігерге көрсетпейді. Қара жүрегімді қақ жарып, өз ішімнен шыққан балам, төлімнің сірге жияр кенжесі ана сүтін ақтамады." Т.Рыск. ~ … Егер мұның өлімінде ешқандай күн болмаса, өкімет сол үшін бір жылдан бері ақ тер, көк терге түсіп, сабылар ма еді? Өлім — өмірдің сірге жияр қорытындысы. Өмірдің нәрі мен сөлі кейде оның соңғы нүктесінде жатуы да мүмкін. Қ.Жұм.

Posted in

СІҢІРІП КЕТТІ

Меншіктеп алды, ұрлады, пайдаланып кетті. ~ Арғын Қара кесектен шыққан қаз дауысты Қазыбектің баласы Бекболат би сегіз ағайынды екен. Соның кенже інісі жорықта жүргенде, жаңылыс Абылайдың бір айғыр үйір жылқысын қолына түсіріп, сіңіріп кетіпті. Соңынан Абылай біліпті. А.Байт. ~ Тәніге еретін нөкерлердің біреуі, — бізге белгілі Шепе болған. Ол Нұртаймен түйдей құрдас екен. Сері Нұртай да әлдекімнің Күнсұлу аталатын сұлу қызын алып қашып, Тәнінің арқасында сіңіріп кетеді. Нұртай Күнсұлуды ерекше сүйеді де, «атымыз ұйқас болсын» деп, «Күнтай» қояды. Жұрт та солай атап кетеді. С.Мұқ. * Жұрт біріне-бірі қарыз беруден қалды. Бұрынғы алған ауыс-түйістерін сіңіріп кетуге көшті. Б.Тоғ. ~ Бүгінгі түнде үш атты да жетелеп, қырық-елу шақырымнан да асыра ұзатып тастамақшы. Бәрін ұрлап, түгелдей сіңіріп кету қиын, милицияның құрығы ұзын, қайдан да тауып алатыны сөзсіз. Б.Ыб.

Posted in

СІҢІРІНЕ СҮРІНДІ (СҮЙРЕТІЛДІ)

Қауырт жұмыстан, неше түрлі қиындықтардан еңсесін көтеруге шамасы болмады. ~ Аудан айтты — ауыл үшін заң. Колхоз басшылары мен бізді оқытатын мұғаліміміз абыр-сабыр қам істей бастайды. Қазіргідей емес, артельдің сіңіріне сүрінген кезі. Б.Соқп. ~ Шешесі болса сіңіріне сүйретіліп, ілби басып таңдайға салар бірдеңе табылып қалар деп,таң сәріде шығып кеткен көршінің үйіне. Қ.Тас.