Posted in

СІҢІРІНЕ ІЛІНДІ (ІЛІКТІ)

Әзерге денесін көтеріп жүрді, күш-қайратынан айрылды, зорға жүрді. ~ Соққандай жаңа ғана құйын-дауыл, Болып тұр ел тірлігі биыл да ауыр. Көктемде көтеремнен көтеріліп, Ілінген сіңірінен сиырлы ауыл. С.Тұрғ. ~ Ертең таңертең отандарыңа қайтыңдар. Сүкең де намысқа салып, сіңіріне ілініп жүр, мен білсем. М.Қаб. ~ Үй іші бозамық тарта күрк-күрк жөткірінген шал ұзақ киініп, тысқа шықпастан бұрын төр үйге басын сұққан. Сіңіріне ілінген басын қылтитты да қайта тартып әкете алмай аңтарылды да қалды. К.Жүн. ~ Қой, қызым, мені өйтіп қорқытпа, — деді Әбекең көңілденіп. — Сенің әкең соншалық сіңіріне ілініп жығыла кеткелі тұрған өлмелі шал ғой деп пе едің? Қ.Жұм. ~ Спенсер қария жайлы көп ойлайтындығымнан ғана осылай толқыған шығармын сірә. Шындығында сіңіріне ілінген қартқа ендігі тірліктің қажеті қанша. Дж.Сэл. ~ Е, Ақбөпе-ау, бір апаңа алдырып қалатын сіңіріне ілігіп өле алмай жүр деймісің. Жездеңді сынға салып көр, әлі де болат сындыратын қауқары болмаса, мүрдем кетсін. С.Жүн. ~ Әкесінің мұрны қоңқиып, көзі бақырайып, арыған аттай сіңіріне ілігіп қалыпты. Ө.Кәр.

Posted in

СІҢІРІН СОЗДЫ

Жанын салып, шаршап-шалдығып еңбектенді, тырысты. ~ Сәулетші Санжар сіңірін созып шиқылдап жүріп, жоғарғы оқу орнынан алған айлығын елдегі ағасына салып жіберіп, өзі түнді таңға ұластырып, шам түбінде мөлигеннен мөлиіп сызып келтірген құрылыс – нобайына алған қаламақысын қалтасына бүктеп басып, екі аптаға демалыс алды. Д.Дос. ~ Тас емес, жылап ақ жаңбыр тозды, Көктемгі гүлмен бір өмір озды. Көк бақа тасың мелшиіп жансыз Тамырын жаншып, сіңірін созды. Б.Раис. ~ Аяқ-қолдың сіңірін созып, дененің құрыс-тырысын жазып шаршауың қажет, әсіресе сүйікті бикеңді жақсылап тұрып аймалап құшуың қажет. Бәрінен де сол абзал. Э.Хэм.

Posted in

СІҢІРІ ШЫҚҚАН (КЕДЕЙ)

Күнін зорға көріп отырған кедей, жарлы-жақыбай. ~ Шұлғаудың маңқа баласы ұлық болған соң, құдайға не амалың бар? Үйіне екі кісінің басы батпайтын сіңірі шыққан мен ұқсаған бір жылтыр бұлар! Ж.Айм. ~ Оның шұқшия зерттеген бір мәселесі, — қазақ елінің меймандостығы, қолындағы тәтті-дәмдісін қонағына тосып, ешбір ақы-пұл алмауы. Бұл әдет ешбір қазақтың дәулеті қандайлығында емес, байларды, ауқаттыларды былай қойғанда, «сіңірі шығып отыр» дейтін кедейлердің де салты солай «жақынсын», «жатсын» демейді, «қай елсің», «қай ұлтсың» демейді, «әйелсің», «еркексің» демейді, «жассың», «кәрісің» демейді,— барын аузыңа тосады. С.Мұқ. ~ Күні бүгінге дейін бұл елдің жаз жайлауы Қарақұм да, қыс қыстауы Сыр бойы. Наурыз туды, бітті. Мына дария бойында бір малшыны ұстап тұра алмайсың, бәрі де құмға тартады. Ерте заманда байлар сөйтетін еді. Сырда маса, сонаға жем болып, сіңірі шыққан кедейлер ғана қалатын. С.Шайм.~ Азшылықтың байлығы, тасыған өзендей ернеуінен асып, шашылып-төгіліп жатады, көпшіліктің, мына біз сияқты қасіретті көп көрген сіңірі шыққан кедейлердің, көзі ашылатын заман бола ма? Ә.Шәр. ~ Жалғыз атты сіңірі шыққан кедейдің «осы үйде тірі пенде бар-ау» деп көзіне ілмей, теңдеріне тәкаппар жүзбен төңкеріле қарап, маңғаз қимылмен манаурайды арысың… О.Бөк.

Posted in

СІҢІРІ СОЗЫЛДЫ

Әбден қиналды, запа шекті. ~ Жұтта жылқысы қырылды. Ақырында астында текежәуміті ғана қалды. Жілік майы үзілді, сіңірі созылды. Хош. Д.Досж. ~ Жиырмасыншы ғасырдың елуінші жылдарына жүдеп-жадап, сіңірі созылып зорға іліккен Алтай өңірінің Аханға мақтарлық, Ахан мақтарлық сыйқы да, сымбаты да жоқ. Қ.Ысқ.

Posted in

СІҢБІРУГЕ МҰРШАСЫ (МҰРСАСЫ, МҰРСАТЫ) КЕЛМЕДІ (ЖОҚ)

Әлдебір ауыр жұмысқа салынып, берекесі кетіп,ештеңеге қолы тимеді. ~ Мысалы, өзіңіз күнұзақ бір шалмен төбелессеңіз, тамақ ішуге қолыңыз тиер ме еді. Тамақ түгіл сіңбіруге мұршаңыз келмес еді. О.Әуб. ~ Оны түсінбейтін Сақан ондай ақылсыз жігіт емес. Бәлкім, басқалай бір қарбалас жұмыстары шығып, сіңбіруге мұршысы болмай жүрген шығар. Еркектің шаруасы деген әйел көңілімен санасып жата ма?! Ж.Сәм. ~ … апақ-сапақта аңдыған қатынын, қорыған қызын тарс есінен шығарып, сиырын байлап, қойын қоралап, жылқысын тұсап, отпен жағаласып, ошақпен алысып, сіңбіруге мұршасы келмей кетеді емес пе. Н.Дәу. ~ Егінші, малшылардың көктемгі күй- жайын ұғысып жүр едім. Ертең ауданға жиналысқа барамын. Сіңбіруге мұрсам жоқ қазір, — деді ол аман- сәлемнен соң. Т.Рыс. ~ Қу тіршілікпен кітап оқу түгілі сіңбіруге мұрша жоқ. Н.Дәу. ~ Сіңбіруге мұрсаты жоқ, топылы, топысыз, аузы — басын түк басқан жүдеу жандардың ішінен Лексей Лексеичтен басқа жүзі жылы ешкімді таппаған еді. Қ.Ысқ.

Posted in

СІҢБІРУГЕ ҚОЛЫ ТИМЕДІ

Ештеңеге уақыт таба алмай, жұмысбасты болды. ~ — Атызға келген балықтың бәрін ұстай берсең жер-көкке сияр емес, — деді Сырбай, және оған жүдә уақыт қайда, жұмыстан жүдә сіңбіруге қол тимейді. Бағып отырған негізгі балығын, да, малын, да күріш болған соң, соны жүдә жақсы есіруге тырысасың да. С.Мұқ. ~ Пешті жөндеп, есікті қаптап, терезелердің жақтауларын қиюластырып, үйді қысқа әзірлеудің әлегімен Әбутәліп мұрнынан шаншылып, сіңбіруге қолы тимейді. Ш.Айт. ~ Қатар-қатар дүкен құрып, іс көрігін қыздырып, сіңбіруге қолы тимей, кәсіп қылып жатқандардың өнерін тамашалайды. Ү.Жәл. ~ Кеңкелестеу еді, сіңбіруге қолы тимей жүретін ол да енді… Ж.Аяз.

Posted in

СІҢБІРУГЕ ДЕ УАҚЫТЫ (МҰРШАСЫ) ЖОҚ (БОЛМАЙ ЖҮР)

Әлдебір жұмыстан басқа ештеңеге уақыты жоқ, қолы тимейді. ~ Ұрлық малдың етіне толған қапты арқалап келе жатқанда қара қатын жолшыбай екі жаққа ұры көзбен жалтақ-жалтақ қарайды. Қап ауыр, мұрнын сіңбіруге де уақыт жоқ. Асығады. М.Әу. ~ — Сіңбіруге уақыт жоқ, Гүлім, — деді, Гүлнармен екеуінің алдындағы қаңылтыр тарелкаға салған күріштің ыстық ботқасын, үлкен темір қасықпен ұртын толтыра асай отырып, — каналды жуырда ашуымыз керек, ол үшін сағасын бекітіп алуымыз керек. С.Мұқ. ~ Өзгелер өз ісін жайғастырсын, олардың уақытын жеп, кесіріңді тигізбе. Олардың да сіңбіруге уақыты жоқ. В.Расп. ~ Бәлкім, басқалай бір қарбалас жұмыстары шығып, сіңбіруге мұршасы болмай жүрген шығар. Еркектің шаруасы деген әйел көңілімен санасып жата ма?! Ж.Сәм. ~ Бірақ Родригестің барлығын былықтыру мен Гвидоның сіңбіруге мұршасы болмай жатқан кезде бос сөзбен жолын бөгеуден басқа қолынан ештеңе келмейтін. Ч.Пав.

Posted in

СІЛТІДЕЙ ТЫНДЫ (ТҰНДЫ)

Дыбыс шығармай, үнсіз қалды; мүлги тыныштанды. ~ Қарқаралы үйезін шулатқан, тақауда ғана Сарым Аманбектің ауылын шауып, адамын қырып кеткен Айнабековтен жапсарлас отырған Ақмола үйезінің, қазақтары да сілтідей тұнады. Енді сол аты шулы Айнабеков бандиттың жолмен келіп, басқа елге, басқа дуанға бүлік сала бастады. Ғ.Мұст.~ Маған ілесемін дегендеріңіз қара қойдың қанына қол батырып соңымнан еріңіздер. Ал кетпеймін, қосылмаймын дегендердің өз еркі өзінде, –деп аяқтады сөзін.Сілтідей тынған жұрт аздан соң күбірлесіп кетті. Ж.Шәк. ~Қораның іргесіне терең қазып төрт мықты қада орнатты. Мұндай көрмеген жұрт демін тартып сілтідей тынған. Т.Әсем. ~ Ағатай-ау, осыған бола оп-оңай бүліне қалғаныңыз қалай? – деп орнынан ұшып тұрды. Мұхаң кенет сілтідей тынды. З.Қаб. ~ Жігіттердің көзі қара қасқа атты батырда, сілтідей тынып тұр. З.Шүк. ~ Әлгінде ғана сілтідей тынған жансар табиғат құтырынып шыға келіп, бұлтсыз күн күркірегендей … күй туды. Ғ.Біл. ~ Ініміздің мойнына қарыз мініпті, – деді жайлап қана. «Қарызданып қалыпты» – деген сөзді тағы қайталап айтты. Жұрт сілтідей тұнып отырған. Д.Досж. ~ Қиық қара мұрты жылтырап, жұқа жүзге әлдебір нәзік күлкі тектес рең жүгіріп қалың жұртты сілтідей тұндырған әнші ойнақы, жеңіл әуенді балдай созады. С.Смат.

Posted in

СІЛТІГЕ САЛҒАН СҮЙЕКТЕЙ

Өңі құп-қу болып, бозарып, қансыз-сөлсіз қалыпқа түсті. ~ Өзі де сілтіге салған сүйектей боп–боз. Жүріс–тұрысында да баяғы батылдық жоқ. Кібіртік. Созадаң. Бір нәрседен әбден соққы жеп, басымен қайғы болған адам ғана осындай болса керек. Ә.Кек.