Posted in

СІДІК ШАПТЫРЫМ

~ Нендей зауалдың келгенін осы күні ақын, жазушы көбейді. Ауылды түгелдей алып айтпағанда, өзі тұратын ұзындығы сідік шаптырым көшенің бойында үш-төрт ақын пайда болды. Н.Дәу. ~ — Көп жүрмейміз. Жапалжанның үйі сідік шаптырым жерде. Автобус қымбат, нан қымбат. Торсиып піспеген таба нан болмағаннан кейін… Қ.Түм. ~ . Ауылды түгелдей алып айтпағанда, өзі тұратын ұзындығы сідік шаптырым көшенің бойында үш-төрт ақын пайда болды. Н.Айт. ~ Бәрін айтып, өзімнің «предатель-сатқын» емес екенімді түсіндіруім керек. Сол үшін тез жетуім керек. Сідік шаптырымдай жер қалды. Қ.Жиен.

Posted in

СІДІГІНЕ СҮРІНДІ

Денесін әзер көтеріп жүр д.м. ~ — Енді сен кетсең анау сідігіне сүрініп, өле алмай жүрген жаман Әкеңнің күні не болмақ?! Соғыс — от, соғыс — оқ, от пен оқта ес жоқ, жақсы мен жаманды талғап, таңдап жатпайды. К.Сег.

Posted in

СІДІГІ САРҒАЙЫП КҮТТІ

Ұзақ, телміре күтті. ~ Майор қол астындағы тұтқын тектес жігіттің өзіне қол сермегеніне ызаланса да‚ үйінде сідігі сарғайып күтіп‚ қайта– қайта қалта телефонмен жанын жеп‚ алқымнан алып жатқан әкімді ойлап шалт басып шығып кетті. Қ.Түм.

Posted in

СІДЕТ ЖҮКТЕДІ (АРТТЫ)

Әлдебір еңбегін міндетсініп, ылғи да біреуді өзіне қарыздар етіп көрсеткісі келетін, пәлеқор адамға қатысты. ~ Жүрегі — жылы, бойы — құрыш, Туысы жаннан бөлек-ті. Өнері оның жұрт асқан, Ғылымға көңілі зерек-ті. Аямаған ғаріптен Қолдан келген көмекті. Кісіге сідет жүктетпей, Еңбекпен тапқан қоректі. Абай. ~ Мұндай жандар ең соңғы тынысына шейін, ажал сағатының өзінде де сол ажалмен араздасып, ұстасып, пәле жапсырып, сідет артып өлер еді. М.Әу.

Posted in

СІБІР АЙДАУЫНДА, ТҰТҚЫН БАЙЛАУЫНДА

Патшалық үкіметтің қорлығын әбден көріп, Сібірге айдалып, қиямет қияндықты баснына өткерген адамдар хақында. ~ «Николай орнынан түсірілді» деген хабарды дала алғанда қашаннан Сібірді басқан ауыр тұман серпіліп кеткендей болды. Халықтың қайдағы-жайдағысы қозып, өлгені тіріліп, өшкені жанғандай қуаныш. Қашаннан Сібір айдауында, тұтқын байлауында жүргендердің бірсыпырасы босанып, халыққа сөз сөйлеуге аттанды. Халықтың да өлген ынтасы оянып, жиылыс іздеп, сөз тыңдағысы келді. І.Жан.

Posted in

СИЯСЫ КЕППЕГЕН

Жаңа ғана жазылып біткен шығарма туралы. * Сиясы кеппеген бір пәшкі қағазды түйгіштеп- түйгіштеп былай қойды да: ─ Кетік бала, мен ет әкеліп қойдым, сен соны жақсылап ас, қасқырша жұлып жеп отырып, мен саған бір нәрсе оқып берейін, — деді. Қ.Ысқ. * Сонсоң да сиясы кеппеген балшығына дейін Мәскеуге ала жүгіретін пысықтардан момын Аханға есе тендік тиген жоқ. Қ.Ысқ.

Posted in

СИЯҒЫ ЖОҚ

Сапасы жоқ, нашар д.м. ~ – Төһ, сенің түсіңнің де түс сияғы жоқ екен. Қойдық қой енді бәрін де! Сөйлеуге шамаң келмей жатып, неменеге мені талқыға сала бересің?- деп Мерген орнынан тұрып кеткен. К.Сег. ~ Осында келіп жүретін адамдардың талайының аузынан: «Ой, шарабының шарап сияғы жоқ, құр су», – дегендерін талай естіген. С.Жүн.

Posted in

СИЫРШЫЛАП ТҰРДЫ

Әрең, ырғала, ыңырана көтерілді. ~ Атты кісі Шұлғаудың Соқыры екен: – Бері кел! – деп айғай салды. Додай дауысты таныды. Орнынан сиыршылап әрең дегенде тұрып, ілгері басқан аяғы кейін кетіп, Соқырға барды. Ж.Айм. ~ Орнынан сиыршылап тұрып, құлап кете жаздап барып, әрең жөнделіп кетті. С.Ом. ~ Сағатына қарай сала, сиыршылап Текеш те тұра бастады. Ә.Кек. ~ Той дастарқанының бірінші кезегін осылай тәмәмдап, сиыршылап орнымыздан тұра бастадық. К.Сег.

Posted in

СИЫРШЫЛАП ҚАЛДЫ

Қозғалмады, отырып қалды. ~ Алдыңғы сөйлеген адамды қызыл жағалылар ұстаған соң басқалардың аузы жабылды, ешкім белсеніп шықпады, бәрі де сиыршылап қалды. Б.Қыд.