Түгелдей, түк қалдырмай. ~ Қалай ойлағанымен де, әйтеуір тағы да заманы тарылып, тағы да бақ-дәулеттен сипан таза боп жерге қарап қалды да, талай жылғы тырбаңдаған еңбегі көптің игілігіне айналып кете барды. Қ.Ысқ. ~ Жақып та Леся да үн қатқан жоқ. — Сол сұм бізді сипан таза сыпырып кетпесін! Қ.Ысқ.
СИПАЙ СӨЙЛЕДІ
Айтар ойын сипақтап жеткізді. ~ ─ Бір жолға кешіруге болады ғой, оқа емес! ─ деп біреу жалпақтай сөйледі. Өмірбектің күткені де осы еді. ─ Алған қаулыны ойыншық деп қарайсың ба? ─ Жо… қ… жо… оқ. ─ Ендеше неге сипай сөйлейсің? С.Шайм.
СИПАЙ ҚАМШЫЛАДЫ
1. Атқа қамшысын батырмай айдады. * Қаракерді сипай қамшылап, құрық тастам жерде киіктің текесіндей болып алда келеді. Т.Әбд. * Бүгін ертеңгісін құлан иектене атқа қонғаны да сонан. Көк байталын сипай қамшылап келеді. М.Сүн. * Жас жігіттің кеудемсоқ тасырлығын жақтырмай ашулана бұрылып еді, әлгі ақбозын сипай қамшылап ұзап барады екен. С.Смат. 2. Айтар сөзін, дауын, өкпе-назын сыпайы жеткізді. ~ Қанша зығыры қайнаса да, ашу шақырмады. Сыпайы биязылығынан жазбастан сипай қамшылады. Қ.Тол. ~ – Байқа, аш өзегіңе түсіп кетіп, Алматыға жетпей қалып жүрме. – Оның келепейсіз мына кескіні көңіліне сыймағаннан ба, Темір тағы да сипай қамшылап, ескерту жасады. Ә.Ыб.
СИҚЫРЛЫ САЗ
Адамды баурап алатын, әсері күшті әуен, ән, ғажайып музыка. ~ Бірде күшейіп, біресе саябырлап, сиқырлы саз бойды ұйытып барады. К.Қаз. ~ Кеудем ылғи әлдеқандай әсем әуен, ғажайып үнге толып жүретін. Жүрегімді сиқырлы саз әлдилейтін. Енді түк те қалған жоқ. Дүние сүреңсіз, тіптен жиренішті. Ж.Шағ.
СИҚЫ ШАМАЛЫ (ЖОҚ)
Жетісіп тұрған жоқ. ~ Есіктің де сиқы шамалы, жиегін кенеппен көмкерген құрым киізді іле салыпты. Шаруасының да сиқы шамалы, қоршалмаған тулақтай бақшаның іргесінде асқабақтың жирен-тарғыл топылары бұғып жатыр. Қ.Ысқ.
СИҚЫ МЫНАУ (АНАУ)
Түріне қарасаң шошып кетесің д.м. ~ Оқыған десең оқыған. Жақсы-жаманды да айыра білетін сияқты, ал айтып келе жатқан сөзінің сиқы мынау. Қоғам жұмысына белсене қатысатынын қайда қоясың тағы. С.Мұр. ~ Асау айғырмен алысып, алыстан шаршап келгенде алдынан шығайын деп тұрған хабардың сиқы мынау. К.Қаз. ~ Шектес жатқан даласының сиқы мынау. Ол қайбір оңған жер дейсің. Ә.Әб. ~ Алғашқы ағынында көз деген жас парлатады жарықтық» деп отырушы еді. Сол ұшқыр құланың ендігі сиқы мынау. Шөп алып жеуге де әлі келмейді. К.Қаз. ~ Ий, ұқсамасаң – тумағыр сорлы, әкеңнің сиқы анау, содан асып қайда барам дейсің! – деді кейісті болса да менің ендігі тағдырыма көндіккен дауыспен. Т.Сәу. ~ Ыңқылдап, күрсілдеп тер пұшпағынан атып, әлденеше дем алып ақшам әлетінде Арбабай аулына әрең жетті. Ол ауылдың да сиқы кеткен. Әбігер. Олар да азықсыраған. Пішені біткен. Олардың да қорегі қатықсыз қара көже. Ғ.Қаб.
СИҚЫ ҚАШТЫ
Өңі бұзылды, түрі адам көргісіздей. ~ Бірден алыстан көзге ұрғаны – ауылды әлдебір беймәлім де белгісіз күңгірттік жайлаған. Бұрын да оңғаны шамалы еді, ал бүгінде үйдің сиқы тіпті қашып жұтаңданған. Ә.Ыб. ~ Мұндағы «талай мәрте» мен «сан» деген сөздердің біреуі ғана қолданылуы керек еді. Мағыналас сөзді қатар қолданудан сөйлемнің сиқы қашып тұр. Ж.Шәк. ~ Төңірегіме, сиқы қашқан сұрдай дүниеге қарағым да келмейді, оны көзім көргенмен көкірегім ұғып тұрған жоқ. Бәрі мәнсіз. Т.Ахт.
СИҚЫ ҚАЛМАДЫ
Түр-түсінен түк қалмады, өңі адам шошырлық. ~ Базардың да базар сиқы қалмапты. Тізіліп отыратын шемішкеші әйелдердің орнында зәңкиіп қос қабатты үй тұр. Қ.Жиен. ~ Әйелдің адам сиқы қалмаған бет алабы – маңдайы, мұрны, әсіресе, шыт-шыт жарылған ерні құдды ошаққа құлап отқа күйгендей қара қошқылданып, ажар-әлпеті мүлде бұзылып кеткен-ді. Ә.Нұрп.
СИҚЫ (СЫЙҚЫ) КЕТТІ
Сәнінен айрылды, өңі кетті. ~ Ыңқылдап, күрсілдеп тер пұшпағынан атып, әлденеше дем алып ақшам әлетінде Арбабай аулына әрең жетті. Ол ауылдың да сиқы кеткен. Әбігер. Олар да азықсыраған. Пішені біткен. Олардың да қорегі қатықсыз қара көже. Ж.Айм. ~ Жақсыбай сиқы кеткен Арманның үйіне келгенін ұнатқан жоқ. І.Ес. ~ Қыс бойы бұтақтары сидиып, арық торғайдай суық желден үрпиіп сиқы кеткен қарағай, емен, ақ қайындар жасыл жапырақтарын төгіп, шыңқай бояулы суреттердей жадырай қалған. І.Ес. ~ «Қазір сол, сыйқы кеткен құр қуыс кеуде болыпты да… өзім болсам, неге жүргенімді де, не боларымды да білмейтін жан болыппын…» Л.Толс.
СИҚЫ (СЫЙҚЫ) ЖОҚ
~ 1945-жылы, Абайдың тууына жүз жыл толуына байланысты, үкімет берген қаражатқа Семей облысының басқарушылары, Абай қабірінің үстіне кірпіштен зират жасатқан екен, онысының ескерткіш сиқы жоқ. С.Мұқ. ~ Гүлбаһрам осыны айтып жылайды зар, Асан, Үсен екеуі кеңес қылар. ~ Ақшасы үй салғызуға жетпегендіктен бе, қақпасының сиқы жоқ. М.Дәу. – Мұны алсақ масқарамыз шығатындай, Бұл бізге сиқы жоқ қой қатын болар. "Нұрғаз." ~ Мөржан. Жоқ, жаным, маған сұратпа! Маған ол күйігіңді тарттырма! Осы білгенім де жетер. Шешеңнің ауыр салмақ көтерер сиқы жоғын ойла! М.Әу. ~ Ақшасы үй салғызуға жетпегендіктен бе, қақпасының сиқы жоқ. Шіріген, сынған тақтайларды құрастырып шегелеп, қиқы– шойқы қып ілекерлеп қойған. М.Дәу. ~ Міне, масқара, оң жақ көзі қара күреңденіп, қанталапты. Бір тәулік тұрмақ, бір жұмада жазыла қояр сыйқы жоқ. Құдай атқанда ертеңгі сабаққа бара алмайтын болды. Ә.Ыб. ~ Сұрақтарының сыйқы жоқ қой, — деп қалды Тілеулі жақтырмай. Б.Нұрж.
