Posted in

СЫРТ ЕСТУІМ

Жұрттың сөзіне қарағанда д.м. ~ Күнтуарды енді кенет басқа жағдай қобалжытқан. «Иә, иә, мұндай адамнан өгей балаға қандай рахат, қандай рахым? Сырт естуім, о бишара да құр оқу бітірді деген аты болмаса маскүнем, ештеңеге қабілетсіз боп өсіпті. І.Ес. ~ Сырт естуім, бұрынғы істеген жерінде ақша санағанынан шатылып, бірер жылға сотталса керек. Б.Тоғ. ~ Бірінші әйелі Балтакүлдің домоуправлениеде істеп жүріп бастығымен көңілдес болғанын. Бірақ сырт естуім. Рас-өтірігін білмеймін. З.Нұрт.

Posted in

СЫРТ КӨЗ

Өзге жұрт, бөтен адам. ~ Өз ауылына баруға бел байлаған соң Абай екі-үш күннен бері көп асығып, көп дегбірсізденген. Сырт көзден жасырса да, Әйгерімді қатты сағынып, көп қобалжушы еді. М.Әу. ~ Жол торыған сырт көз бола қалса, сұқтары түспесін деп көшті жасандырмай, тым қарапайым көрсетуге назар аударған. К.Сег. ~ Айғыр жөн-жосықсыз азынап, сырт көз бен бөгде құлаққа сыр бермес үшін танауының үстінен қазық бау шалып байлап, ноқталап тастады. Елегізбесін деп жанына байталды қойды. Ә.Ыб.

Posted in

СЫРТ КӨЗГЕ

Сырттан қараған жанға, бөтен адамдарға д.м. ~ Бірақ менің қуанышым ұзаққа созылмады. Күн-түн демей, құнығып, өз кітабымды өзім қайыра оқып отырғанымда, библиографиясынан сырт көзге елеусіздеу бір қате шыққан. М.Мағ. ~ Енді біреулері ылғи да өзінің ойымен басы қатып әбігер, сөйтіп, жеке әлеміне кіріп алады да, қасынан өтіп жатқан нақты өмірдің шындығын байқамай қалады. Ондай жан сырт көзге әрдайым әпенді болып көрінеді. Ә.Асқ. ~ Сүйтіп бұлар былайғы сырт көзге араларын ешбір кір шалмаған, бет шіркеулеріне көлеңке түспеген, өзара ынтымағы жарасқан аға мен іні, қайны мен жеңге сияқты болып көрінуші еді. Ө.Ахм. ~ Маған жаман атақ жамалғанына, міне, қырық жыл, менде ендігі құдай сүйер қылық та қалмаған болар. Неге екенін, әйтеуір, өзге адамдардың бақытсыздығы, әсіресе сырт көзге бақытты көрінетіндердің бақытсыздығы, әрдайым күлкімді келтіреді. А.Рюн.

Posted in

СЫРТ КӨРІНІС

Істің ішкі мәні емес, сырт пішіні, тыс көзге байқалатыны. * Бірақ Жәмеш бұл мінез, бұл әдеттің барлығын сырт көрініс үшін емес, шынымен лайығы осы деп түсінеді. М.Әу. * — «Жеті хат жер, сегіз хат көктен іркілмей өтетін тәңірінің мейірі менің жеңіме тоқтар дейсің бе» деп данышпан Сырым айтқандай, шырағым ішкі ниет түзу болса, басқасы сырт көрініс,— деді. Х.Ес. * Абай бұған сабырмен, шыншыл мысқылмен жымия қарады. — Солай көріне ме? Ендеше, соның жаңылыс, сырт көрініс. Шындық әр заман емес, тіпті, бір заманның әр қауымның өздеріңде де әр алуан танылады. М.Әу.

Posted in

СЫРТ ҚАЛДЫ

Әлдебір істен, үрдістен, жағдайдан тыс қалды. ~ Әлде бұл – басқа жолаушылардың ізіне түсіп кетті ме? Көбеннің ауылы Көкөзек жағында, ол сырт қалды. Б.Тоғ. ~ Шешенің жүріс-тұрысы, сөз саптасы, мінезімен келіп, қыз баланың қанына шыжымдап сіңетін асыл қасиеттер қаншалық. Қарашаш қарағым, міне, осы өмір мектебінен сырт қалды. М.Қаб.

Posted in

СЫҢСЫП ТҰР

Сансыз көп, толып тұр. * Екі қабырға түгелімен том-том қалың кітапқа сыңсып тұр. Шетел, орыс классикасы, философия, тарих, экономика, социология… М.Қаб. ~ Бұрын тек техникалық қозғалыстарға ғана бағынатын кеше-көшелердің барлығы да, жаяу жүретін адамдарға ғана лайықталынып, қатарласа сап түзей, мәуелеп өскен ағаштармен сыңсып тұр. С.Ғабб. ~ — Мен, — деді Мұқағали. — Мен. Сен атты, ошаққа сен жықты деп отырған мен бар ма. Атқан да, жыққан да мен, Рекең екеуміз. Қара ормандай сыңсып тұрған жұртпыз ғой, бес ағашқа — бес жігітке қалтырап құдай атты деймісің… Жігітке нелер келіп, нелер кетпес. А.Сүл. ~ Вагон іші сыңсып тұр. Ине шаншар бос жер жоқ сияқты. Жұрт тіпті жүк қоятын сөреге де жайғасып алыпты. К.Жүн.

Posted in

СЫП ЕТТІ

Көзді ашып-жұмғанша сумаң етіп шыға келді, (өте шықты, жоқ болды). * Көз байлана сып етіп шал да келді, Әзім де есік ашты, дайын еді. Абай. * Өтіп кетіп жатқан жол қараушы ма, жолды оңдаушылар ма, бірде-бірі қайрылмайды. Сып етіп өте шығады. Ғ.Слан. * Қойнына сып етіп кіріп, ұятты жерін ашып көрсетіп, қанын қыздырып: «Қазір-ақ бастап кетейікші», — деді қалыңдығы. Д.Дос. * Бізді жұмсап тұрып, өзің майданға сып етіп кетіп қалатын сол бір жылды тегі ұмытар ма кісі? Р.Рай.

Posted in

СЫПСЫҢ ҚАҚТЫ

Сумаңдап, жылмаңдап қозғалды, жылпостанып әрекет етті. ~ Мәлішін қағып-сілкіп жайып жатса, Көзінеелес еткен түсті жарық. Жалт етіп жарқ еткенге қарай қалса, Барады сұлу қатын сыпсың қағып. Қасаптың ләпкесінен ағып өтіп, Келеді дүкеншіге қайта оралып. Сұлудың сылаңдаған сымбатына Аузынан сілекейі кетті тамып. ҚАӘ. "Ғаяп қатын". ~ Мұндайда бұта, бүргеннің арасынан сыпсың қағып жорғалаған кекіліктің дауысына ілесіп сайрайтынбыз келіп. Ж.Сәм. ~ Жабырқау сезім шалығы домбыра сағағында емеуріндеп сыпсың қағады. Ғ.Біл. Сампылдап өсек айтысты. ~ Сыпсың қаға абысындар сыр тартып, азулысы сүйкеп өтіп, бір қарпып,орнатыпты отауына жесірдің басынғандай жары жоқ деп тың тәртіп. Г.Сейт. ~ Дана болсаң, ойбай, онда сабалық, Абайды да орға жыққан даналық. Бұл бір енді таптырмайтын жаңалық, Балағың мен жағаңыздан алалық. Өсек пенен өлшеп-пішіп таңалық, Өрден ойға сыпсың қағып шабалық. Тырнақ асты бір кір іздеп табалық, Көк желкеңнен, ту сыртыңнан қадалып. Теспей сорып қаныңыздан алалық. С.Ад.

Posted in

СЫПТАЙ ТҮЗУ

Сымдай тартылған сұңғақ бойлы. ~ Алдыңғы партада отыратын он сегіз жасар сыпайы, сұлу жас қазақтың денесі сыптай түзу, кимі тап- таза, қою шашы қапқара, кең маңдайы кере қарыс, қоңырқай жүзі байсалды, маңғаз, көзінде ақыл тұнып тұр… З.Қабд. ~ Жақындай келе олар әдейі ақырын жүріп, қасынан өте бергенде, қыздың біреуі иығымен қағып қалды да, жаңа ғана көрген адамдай бетіне жалт қарап, шұрқыраса кетті. Бұл — бойы сыптай түзу, сұңғақты, қара көзі жайнаңдаған қара торы қыз екен. Дж.Лонд.

Posted in

СЫПЫРА СИПАДЫ

Түк қалдырмай сыпырып әкетті. ~ Бір дастарқанның майлы қара кесегін түгел ойып тастап, екіншісіне ойысқан Мешел енді қолына іліккенді сыпыра сипап ұрып отыр екен. Қ.Ысқ. ~ Ендігі айтар ой-пікірлерін сайлап алды ғой деймін Сәмет жазық маңдайын алақанымен жоғары қарай сыпыра сипап, есіле сөйледі: — Әкесі өлгенді де естіртеді: мектепті тура Көлбаршын басына орнатамыз. С.Ом.