Posted in

СЫЛДЫР СУ

Ағзаға пайдасы аз, дәмі, нәрі жоқ сұйық тамақ. ~ Бүгін асхананың түстігін әдейі ішпедім. Сондай тәттілер тосып тұрғанда, асқазанды сылдыр сумен толтырып не бар. Қ.Жиен. ~ Тағы да сылдыр су сорпа мен екі тілім нан берді. Сылдыр су құюлы қалайы тостақ үстіндегі қара нанға қол созды. Қ.Түм.

Posted in

СЫЛҚИЯ ТОЙДЫ

Әбден тойды, кекіре тойды. ~ Сонан соң сары тазы тақуалықты қонып, иесінен бөлініп қалып, жаңағы алған қоянын талқан қып жеп, сылқия тойып алатын, аузы-мұрны қан-қан боп, иесін қуып жеткен жерде ғана Абай өзінің салғырттығын байқайды. М.Әу. ~ Жұман аздан соң күлкіні ұмытып кеткен екен, етке сылқия тойып алды. М. Әу. ~ Ендігі жағдай басқа. Жасырынбай, ашық ішуге, дәмін ғана татып көрмей, сылқия тойып ішуге болады. Тізгін қолда, өзімізге өзіміз қожамыз. Әй дер әже, қой дер қожа жоқ. Б.Соқ.

Posted in

СЫЛҚЫМ СЕРІ

Сәнпаз, кербез, кердең сері. ~ Жас шағында қалада орысша оқыған, бұл кезде ел мырзасы болып, ән түзейтін, өлең жазатын сылқым серілеу жігіттің өзі осы. М.Әу.~ Қайтсін енді. Тоты шетел өмірін кино арқылы зерттейді. Не бары бір жарым сағатта небір сылқым сері кино жұлдыздарын көріп, кинотеатрдан керемет байып шығады. М.Қаб. ~ Өйтпегенде Боранқұл сынды тарихи қылмыскердің үй іші жаз жайлауға шығып, қыс қыстауға түсіп, малшылармен бірге көшіп, қонып, атқа мініп, сылқым серілерше «селкілдеп» жүруіне толайым жол жоқ көрінеді. Ғ.Біл. ~ Нұрила бас салып құшағына алып аңырамасына кім кепіл? Өйткені бұл сылқым сері жас тоқалы Сүкеңнің көзі тірі кезінің өзінде көш-жөнекей де көңілін тауып, оңашада қауышқанда қайратты, қармаулы Қылаңды «Арысым-ай, арыстанымай, арының басылмаған, алауың әлі де бір қайтпаған албарындыңды-ай, шіркін!..» деп аймалап, аһылап-үһілеп алас ататын. Ш.Рах.

Posted in

СЫЛҚЫМ СҰЛУ

Кербез, сәнқой, кердең сұлу қыз, келіншек. ~ Сылқым сұлу Ажардың әзілдес қайнысының бірі Әбжан Ажардың бүгінгі ерекше нұрына кіре түскен әсем ажарына құштарлана қарап: — Ажар жеңгей, өзіңіз мына ақ орданың ішін көркейте көріктендіріп мүлде жайнап кетіпсіз. Бекен қайда? — деп сұрады. С.Бег. ~ Алпыс үй адамға лық толды. Ду-ду әңгіме өрбіп, ауыл үстіне кеукеу үн көтерілді. Үйлердің алдындағы сап түзеген самауыр маңында бұрала басқан сылқым сұлу келіншектер көбейді. Ә.Кек.

Posted in

СЫЛДЫР ЕТТІ

Сыбдырлаған, сыңғырлаған дыбыс шықты. ~ — Өртенсін кәпір, жойылсын көзі! Түп-тұғиянымен жойылсын! Кетсін бәлекет! Алды-арты осы болсын! Жатқанынан тұрмасын. Тіпә-тіпә!- деп, азан-қазан болып, түкірісті. Қағаздары сылдыр етіп, қалың кітап от ішіне жоқ болды. От лаулады. Жұрт дулады. — Кет, бәлекет, кет! Бізді сен көрдім деме? Сені біз көрдік демелік. Шу қара құйрық! Кеткеніңнен келме! — деп тағы шуласты кеп. Кінегені «құтты жеріне қондырды», көңіл тынды. Ж.Айм. ~ Гармонь мен скрипка нақышындай, Дауысы сыбызғыдай сылдыр етіп, Тыста еркек, үйде ұрғашы өлеңге мәз, Жаратқан құдай сондай бұлбұл етіп. М.Ж.Көп.

Posted in

СҰРЫ КЕТТІ

Сәнінен айрылды, мәні, берекесі кетті, абыржып, сасқалақтады. ~ Жанды, жансыз заттың бәрі тоңады, сұры кетіп, табиғат солады, айдай әлем жансыз өлік сықылды бо-лады. Жарқырап әсем жаз келеді. Жер жүзіне жан енеді. Жылынып, жібімеген зат қалмайды, қыбырлап, қимылдамаған зат болмайды. Қар басына қысым түседі. А.Байт. ~ Түсімде жапан түзде кезіп жүріп, Қорғансыз бір бақшаға келдім кіріп. Аяныш түсті ойыма сол арада, Қуарған ағаштардың түрін көріп. Семіпті сұры кетіп ағаштары, Көгерген жапырақ… С.Сей. ~ «Бұл не пакет, мынаны осынша абыржытқан?» -деп ойлады, урядниктің сұры кеткен, дірілдеген түсіне таңдана қараған Итбай. С.Мұқ. ~ Өмірімде тұңғыш рет барайын деп отырған қалаға менің де құр қол бара қоймасым белгілі. Сатып, пұл ететін бірдеңелерді, мүмкіндігі болғанша, мен — дағы қамдап ала бармақпын. Сосын соған мынау сұры кетіп, жұтап жүрген үсті-басымды біраз бүтіндеп, түзеп кайтсам деймін. Б.Соқ.

Posted in

СҰРЫ КӨРІНБЕЙДІ

Ыңғайы жоқ. ~ Міндет қылатындары орынбасарлықтары ма. Он жылдан бері солсың. Құдай бұйыртса деп едің, біріншіні саған оның бұйыртатын сұры көрінетін емес. Н.Дәу. ~ Тергеушінің сөзі әзірге – «сіз, біз». Досмағанбет барлап қарайды, мынаның басқа шауып, төске өрлеп тұрған сұры көрінбейді. Бары осы ма, әлде әдісқойлығы ма? Н.Дәу.

Posted in

СҰРЫ ЖАМАН

Бет-әлпеті бұзық, зәрлі. ~ Білгенге бұл сұмдықтың сұры жаман, Байекең Махамбетті қырына алған. Жәңгірге жаман хабар айтқалы тұр, Бұрында естілмеген тірі жаннан. С.Тұрғ. * Батыстан қорғасын қара бұлт шығып, көкжиекті көмкере қымтап бізге қарай жылжып келе жатты. Сұры жаман, соған қарағанда жаңбыр болатын түрі бар. Ә.Асқ. ~ Шалқасынан жатыр екен Қозбағар. Ыстық жасы самайын сызады. Қара көлеңке тас камераның сықпытын көргісі келмей көзін жұмды. Әлгі елеске қайта еніп мына сұры жаман сұрқай тірліктен баз кешкісі келді. С.Ел. * Сонда не істейміз? – Кім білсін… Өзіңді ойласаңшы, анау милисаңның сұры жаман. Н.Дәу.

Posted in

СҰРЫ ЖОҚ

Жүзі оң емес. ~ Бүкіл Жамбыл облысындағы ең ірі май-ірімшік заводы осы Красногордан салынбақшы екен. Құрылысы басталғанына бірнеше жыл өтсе де, бітетін сұры жоқ көрінеді. Б.Тоғ. ~ Зияш Әшірдің аңысын аңдап бағып еді, оның көнетін сұры жоқ ақыры үгіттей бастады: – Сен удай массың ғой, Әшір. Осы қалпың да жетпей ме? М.Мақ.

Posted in

СҰСТЫ ЖҮЗ

Бет әлпеті үрей шашып тұрған, қаһарлы адам туралы. ~ Ойлайды: «Тақсыр, кеше гөр! Қозым келсе екен бұл жерге, екеумізді қоса жесе егер, жарар едік-ау бір жемге…» Жаутаң көз қойды жаншып жер құлқыны – құдық, сұсты жүз. Мықшиған сайын әлсіздер мылжалай түсер күштіңіз. Ф.Оңғ. ~ Шатынай жарқыраған шаралы көз, ызғар түгі түксиген сұсты жүз, бүркітше үңірейген биік қабақ, ашулы жолбарыс түгіндей тікірейген қас пен мұрт қаһарланған әзірейілдің өзі жетіп келгендей үрейлендіреді. Қ.Шаб. * Салбыраған сызды аспан, түнерген сұсты жүздер қорқыныш шақырып, кеудесінен итергендей. Т.Сәу.