Ашулы, ызбарлы. ~ Бірақ анау терезеден үңілген қап-қара тамұқ дүниенің сұсы неткен суық. Ж.Шәк. ~ Жарық жоқ. Селт еткен жан баласы байқалмайды. Жым-жырт. Әлде, жұрт мына сұсы суық мәшине, қарулы жендеттерден сескеніп көрінбей қалды ма? С.Ел. ~ Ашуланғанда пышақтың қырындай сылыңғыр қара жігіт Шегенің сұсы тым ызғарлы еді. С.Ел. СЧИТАТЬ ЗАЗОРНЫМ Мін көрді
Автор: Админ
СҰСЫ ҚАТТЫ
Жүзінен зәр тамып тұр. ~ Тоңнан тон киген қара жердің де сұсы қатты, қамданып қалсаң — қамданып қалғаның, қамданып қалмасаң — алданып қалғаның, өз обалың өзіңе, менен қайыр, менен мейір күтпе дейтіндей. Ә.Тар. ~ Ғасырдың екпіні зор, сұсы қатты, Ызғарлы қабырғаға қысы батты. Күйдіріп аптабы да аямайды, Шүмектеп тер құйылып, пысынатты. Д.Бай.
СҰСЫ ҚАШТЫ
Берекесі кетті. ~ Сұңқар деген — тіршілікке нағыз іңкәр дарындар. Еркін ұшып шығу үшін биігіне қалаған, Оларға сол арадан Жайлы ұя салыңдар Және ерекше жағдай жасап бағыңдар. Сонда майда құстардың сұсы қашып, Еңсесін сұңқарлардың мысы басып, Іздеу үшін жанға жайлы басқа орын Тастай қашар сол әуежай аспанын. М.Шах.
СҰСЫ ЖОҒАЛДЫ (ҚАЙТТЫ)
Жүзінің айбары, кәрі, ашуы тарады. ~ Қоңыр жүздің бір — ақ түнде әжімі қоюланып, кескіні қашқандай әсер етті Жоламанға. Бұрынғы сұсы жоғалған бұйығы реңі ұнамай қалды. С.См. ~ Сосын жалтақтағандай көз астымен бір қарап алды да, қарсы алдын-дағы сұсы қайта бастаған адамның өз райына көнетінін сезгендей сөз бастап кетті. Қ.Түм.
СҰСЫ БАСТЫ (ЖЕҢДІ)
Айбарлы келбеті, қаһарлы қас-қабағы жауының құтын қашырды. ~ Аруағы қашты кәпірдің, Сұсы басты батырдың. Болдырған соң Тарланға, Қаһары келді бақырдың. "Ер Тарғын". ~ Еркін жұмыс істеп, ел қатарлы жүрем деген ойын мына жатқан аюдай жігіттің сұсы басып кетті. С.Жүн. ~ Күрескенде қар жауып қабағынан, еш адамды бетіне қаратпады. Ерен тұлға еріксіз сұсы басты, дірілдетті, талайдың түсі қашты. Б. Ысқ. ~ Тіріліп келген Тәуекел мен Қияқтың сұсы жеңді ме, кейін қарай қаша жөнелген лашкарлар көрінді. І.Ес. ~ Бұрындықтың осынау ызбарлы сұсы жеңді ме, батырлар тақа таямай сойыл жетпес жерге келіп тоқтады. І.Ес. ~ Көкірегін ақынның мысы басып, Мысы басып, тәкаппар сұсы басып: — Мүмкін емес, — деді ол дір-дір етіп, Мүмкін емес, — деді ол түсі қашып. М.Шах.
СҰСТЫ КӨЗ (КӨЗҚАРАС)
Айбат шеккен, суық, қахарлы көзқарас. ~ Жүрсең ғой тек сөлді сор жүгін артып, Кешегіден салмағы бүгін артық… Зұлымдықты қайтерсің, сенен басқа Таппағандай сұсты көз сұғынар түк?.. Х.Ерғ. ~ Менің сыртымнан сөз айтып жағама жармаспақшы болыпты, — деп кешірім сұрағандай, үй иесіне ишара білдірді де, қонаққа сұсты көзімен өңменінен өткізе қарады. А.Өт. ~ Тәтем дегенде әкемнің сұсты көзқарасы келеді. Қалай сұранам? Тәтемнен қатты қорқамын ғой? Бәрібір ешқайда жібермейді де. Ә.Ысқ. ~ Байсалдылығынан жан түршіктірерлік бедірейген көздерді, алдамшы сиқыр жүздерді, картаның шетін қайырғанда оны жеп жіберетіндей сұсты көзқарастарды сіз нәлет жауғыр осы бір сағатта кездестіресіз. О.Бальз.
СЫБАҒА ТАРТТЫ
Тағдырдың маңдайға жазғаны болды д.м. ~ Теңіз де, қиял да жоқ. Аз алданыш, қуаныш та сөне берді. Тағы өмір шындығы. Тағы тірлік тартысы Абай алдына еселі сыбаға тартты." М.Әу. ~ Өкінер, қайрылып қарар ештеңе қалмаған. Тағдыр алда қандай сыбаға тартса да реніш, кейіс орынсыз. Бәріне ризамын. М.Мағ. ~ Келер күннің қандай сыбаға тартарын Кейқуат білмесе де, Алпамыс батырдың алысты ойлаған ақылына еруді жөн көрді. А.Сей. ~ Келешек қандай күйлер әкеледі? Не сыбаға тартады? Зәлімнің тіліне еріп, ел аза ма? Алпыс басты ақ орда жатқа жем бола ма? Жер қайысқан қол келіп, ел саса ма? М.Әу. ~ Бұл сөзді сендер тыңдап тілімді алсын, болған іске болаттай бекем болсын деп айтам. Басы сайран, түбі ойран, сырғанақ дүние сұм сыбаға тартып отыр! Өлімді естірткен кісі жан алушы әзірейілмен бірдей деген… Мен бүгін сендерге сол әзірейіл боп отырмын, шырақтарым! Ж.Ахм.
СЫБАҒАСЫН БЕРДІ
Жазасын берді, өшін алды; сыбап салды, балағаттады. ~ Ақбала қағазына түртіп жатты. Олар сөйлеп болған соң, Ақбала шығып, бәріне жауап берді. Біреуін мысқылдап, бірін кекеп, бірін түк білмейтін қып, неше түрлі дәлелдер келтіріп, сыбағасын берді-ау! Ж.Айм. * "Ататай, болдым ғашық мұрыныңа, Көк бурыл иектегі құрымыңа. Кірпідей аяқ-қолы жиырылған, Қосылар күн бола ма тұлыбыма?", — деп әжуалап сыбағасын бергендігі есіне түсіп … С.Тор. * Несіне әбігерленесіңдер? Келе жатқан шүршіт көрінеді ғой. Үйреніскен жау алысуға жақсы, содан қорқамыз ба, сыбағасын берерміз! І.Ес. * Жәниша мен Күлше өлмелі кемпірдің қасына барып солдаттар кемпірдің сыбағасын жеткізе беріп жатыр. Ғ.Мүс. ~ «Сен қыз сабырлы болсаң қайтер еді, желіммен жапсырулы тұрған жасанды сақалды біле тұра неге жұласың, ал сен болсаң соған бола ашу шақырып былапыт сөз айтып сахнаны басыңа көтеріп тәртіп бұзып, масқаралық істедіңдер» деп ойыннан соң Ақтан мен Дүйсенбі ол екеуіне де дүрсе қоя беріп, сыбағасын беріпті. Ш.Рах.
СЫБАҒАДАН ҚҰР ҚАЛМАДЫ
Әлдебір олжаға, үлеске ие болды. ~ Бұған тапқан айлалары — келген малды болыстарға бөліп айдатады, ондағы Ревком бастықтары байлар, немесе, солардың құйыршықтары, кімге үлестіретінін олар жақсы біледі… Бұл сыбағадан қаланын, байлары да құр қалар емес. С.Мұқ. ~ Сыбағадан құр қалатындай делебелері қозып, алды жүгіріп, соңы шұбатыла бүлкектеп ентелей түскен. Бірақ көздеген тұсқа жетіп үлгірген жоқ. Т.Сәу.
СЫБАҒАСЫН АЛДЫ
Сазайын алды, сөз естіді. ~ Бірақ бұл қылығы үшін, бейшараның обалы нешік, тиісті сыбағасын менен талайрет алды… Б.Соқп. ~ Оның қолтығына су бүркем деп, жоқ жерде тыштыңдай қалған Мәжікен де «сойқан» атанып, сыбағасын алды. С.Ом. Өз үлесін, еншісін алды. ~ Сыбағасын алған балалар сандарын шапалақтап әбден көн тақаланып қалғантабандары жалтырап, шартараптан бас қосқан шәлкес жылқылар қайта-қайта оқыранып, бір-бірінің сауырына тісін ала жүгіріп, ию-қию шұрқырасып жатқан керме басына қарай тасырлап шаба жөнеледі. Ә.Кек.
