Posted in

СҰМ КӨҢІЛ

Опасыз, дауасыз көңіл. ~ Сәлемде келді атымен, Айтқан арыз, датымен. Тиянақ қорған кеткен соң, Сұм көңіл болды жермен тең. Бет қайтпаған тіріде, Дұшпанын көрсе аянып. Жапанда жалғыз қалыпты, Қызыл қанға боялып. Қолдан келер шара жоқ, Ішім оттай өртеніп. Артында зарлап мен қалдым, Бүйірімді таянып. БС. "Үркін-Қорқын". ~ Қайғымен шыққан дәтімді. Біразырақ жоқтайын, Асыл гауһар затымды. Абыройлы, жан әкем! Туысың артық нәсілді. Өрекпіген сұм көңіл, Су сепкендей басылды. БС. "Әкені жоқтау".

Posted in

СҰҢҒАҚ БОЙЛЫ (БОЙ)

Бойы ұзын, сымбатты. * Ұзын сұңғақ бойлы, қынай бел кемзал киген, басында оқалы тақия, жеңіл жібек шәлі бар, қоңырқай жүзді, нұрлы, ойлы көзді қазақ қызы сот бастығына сүйкімді көрінді. М.Әу. * Ғалияның қасында сұңғақ бойлы, талдырмаш, бетінде аздаған шешек дағы бар жүзі жылы сұрша жігіт. Ғалияның күйеуі екен. Б.Соқп. * Жазық маңдай, қыран тұмсық, ат жақты, қой көзді Әбутәліп сұңғақ бойлы, әсем жігіт еді. Ш.Айт. * Жақсылық мен білетін – ашаң кісі Сұңғақ бой, шоқша сақал, жасаң кісі. Т.Айб. * Көптің батасы қабыл болып, Дірсе ханның үйден шықса шынардай сұңғақ бойлы, тобығына түсетін сүмбіл қара шашты, бір тал пісте сыймайтын оймақ ауызды, қауын шырынындай ләззәтті сұлу бәйбішесі жүкті болып, айдарлы ұл тауыпты. Ғ.Біл. * Ол бала кезінде жетім қалса керек, кейін ойда жоқта әкесі келе қалады — "жиырмалар шамасындағы сұңғақ бойлы, тартымды сері". Дж. Сэл. * Көйлек етегін шалбардың ішіне жіберген. Шекесіне тартқан бір жапырақ қызыл шаршысы болмаса, сұңғақ бойлы, үлкен қоңыр қой көзді әдемі боз жігіттің өзі. С.Елу.

Posted in

СҰҢҚА АДЫМ

Жақын қашықтық, бір (бірер) қадам жер. ~ Келмек тұрып сұңқа адым, жұлық жамап қаңғып жүр, қатқан бар деп қай үйде – көкше түтін аңдып жүр, жамауменен жан сақтап, қара басын қамдап жүр. Ж.Айм. ~ Гүлмира Гүлжанды қасынан сұңқа адым алшақтатпай ертіп ап, бірден Нұрмираға тартты. Ә.Ыб. ~ Қарашықтарына деген жүрегінде титтей сызат болса — қара жер тартсын. Өзегі туырылып, сұңқа адым ұзаса — сағынады. Ә.Ыб.

Posted in

СҰР ЖЫЛАН

Қулық-сұмдығы мол, аяр адам; сұрқия залымдық. * Кең жері күннен-күнге құрып жатыр, Сұр жылан қанын-сөлін сорып жатыр. М.Жұм. * Жұрт тегіс көзін ашып, Дәрібай сықылды сұр жыландарға терең қабыр қазар! Б.Майл. * Бозбаланың біреуі сырт айнала беріп: — Кәпір сұр жылан-ай! Сенің сезбейтінің жеті қабат жердің астында болар-ау,— деп торсаңдайды. Б.Майл. * Қайыны тамадағы бай Құдабай, Оның да шыққан аты кер бұландай. Алдынан атыменен адам өтпес, Халқына қадалатын сұр жыландай. "Қыз Жібек". * Татьяна біліп айтқан екен. Қайғы — ішіңде үйіріліп жатқан сұр жылан. Ол сені жаныңды ауыртып күндіз-түні сорумен болады. І.Ес.

Posted in

СҰР ЖЫЛАНДАЙ СУМАҢДАДЫ

Жылмаң қағып, сумақайланып, сұғынбайтын жерге сұғынды. ~ Күзетке шыққан қалық ел, Қаһарлы бүгін қабағы. Қай шұқырға кірсе де Сұр жыландар сумаңдап, Бірін қоймай табады. Бахыт заңы күшінің Сұмдарды езіп тастарлық Асқан алып табаны. Ж.Жаб. * Қанат бала кездегі досының кінәсіздығын енді сезгендей. Ашты арақ оның іштегі ауыр дертін сұр жыландай сумаңдатып, інінен шығара бастаған көрінеді. Т.Рыск. ~ Басына сұр жыландай сумаңдаған суық ойлардың бірі кіріп, бірі шығып, еңсесін езе түседі. Бір уақ бойын сергітіп, көңілін тыныштандырғысы келгенімен, жаны жай таба алар емес. Д.Рам. ~ Саясатым, сайқалым, Сусын берген зәһардан, Тоздыратын байтағын Орната сап жәһаннам, Зәндемі һәм зәһаннам. Сұр жыландай сумаңдап, Жылымына батырған. Қ.Аман.

Posted in

СҰР ҚАБАҚ

Түксиген, мейірімсіз, суық жүз. ~ Жаз қадірін сұр қабақ күз біле ме? Көктем исін шөл дала – түз біле ме? Бірде сұрақ қойылды зал ішінен: – Жек көреді көп кісі сізді неге? Н.Айт. ~ Барады өмір сырғанап, Жыртығымды жыр жамап. Сырқырап о жер, бұ жерім, Танытып қояд сұр қабақ. Н.Әбд. ~ Жұмысың бітті, өлтірдің, Ер емессің сен бірақ! Ажалым сенен болғасын, Мен қайтейін жұрнақ. Денемді көмбей тастама, ұйқыда жаттым, өлтірдің, Құбаша бала, сұр қабақ. Он сан ноғай жинасаң, Қарсыласып ойнасаң. Қара ала тұлпар қинасам, Сауыт киіп үстіме, Бес қаруды байласам. Ояу жүрген күнімде, Дін мұсылман келмес шақ. Кеше білдім мен сені, Шын Едіге екенің. БС. "Мәулімнияз — Едіге".

Posted in

СҰР МЕРГЕН

Атқан оғы мүлт кетпейтін мерген. ~ Баспалап қараса, желіні жер сызған ешкі екен. Аң деген көздің құрты, аңшы сол жерде «сенде жазық жоқ, менде азық жоқ» деп, садағын кезенеді. «Түз тағысы табиғатпен тілдес» деген емес пе, бір қатердің төнгенін сезген шұбар киік селт етіп басын көтерсе, садағын кезеп тұрған сұр мергенді көреді. БС. "Шұбар киік". * Қонып отырғанда, қасқыр ұлиды. Қасқыр: «Сұр мергенді бүгін не қылсам да жеп қоямын», – деп ұлиды. ҚЕрт. * Айтқанын кей талапкер қағып алып, Сұр мерген екендігін танытты анық. С.Баяз. ~ Құрбан қылып шалыпты-ай. Бұқардан келген ақперен Мойнына алып салыпты-ай. Сұр мергені бар екен,Қасына ертіп алыпты-ай. БС. "Нәрікбай-Шора".

Posted in

СҰРАҚҚА АЛЫНДЫ

Тергелді, жауап алынды. * Ел іші өріп жүрген тыңшы. Аңду, байқамай сөйлегендер сұраққа алынады, шеттеп қонғандар шеріктің бақылауында, ел шығар жол таба алмай күйзеліп отыр, –деп сөз бастады. Ж.Шәк. ~ Күйеуі сатқын атанып тұтқындалды, ал әйелі болса достары үшін де сұраққа алынды. ӘЖ.

Posted in

СҰРАҚТЫ ТӨТЕСІНЕН ҚОЙДЫ

Ойындағысын білтелемей, тіке сұрады. * Бұл сұрақты төтесінен қоятын да, оған толыққанды жауап беретін де жөні түзу пендені кезіктірсең, кәнекей! Қ.Жиен. * — Сонда сіз күн бата қайдан келе жаттыңыз, неге ол тұспен жүрдіңіз? — деп тергеуші Ұлтараққа сұрақты төтесінен қойды. Қ.Түм. * — Өлтірген анық өзіңіз бе? Мойындайсыз ба? — деп сұрақты төтесінен қойды. Қ.Түм. * Білтелемей, ашық сөйлейікші: сен ғой Келдібайды шын сүйдің. О да сүйетін шығар? — деп Дария төтесінен сұрау қойды. Ғ.Слан.

Posted in

СҰРАУ САЛДЫ

Сұрастырды, іздеу салды. ~ Соған сұрау да салып, жақында Шұбар өзі келіп, Тәкежан мен Әзімбай жіберді деп, Ырғызбайдың тобы жіберді деп, салмақ салды. "Не мына Әбдіні ұрымыз етіп, қолымызға шығарып бер, не болмаса ақтасаң, кепіл бол, жаныңды бер" дейді. М.Әу. ~ Таба алмай Болат іздеп мінді атқа, Қаңғырды сұрау салып сан тарапқа. С.Мұқ. ~ Биыл жазда Әзімбайдың бәйгекер ат дейтін, тақымына басқан дей ме, бір аты жоғалыпты. Сұрау салып, айналаны шалып, бірде-бір дерек таппай қояды. М.Әу.