Posted in

СЫБАҒАСЫНАН АЙРЫЛДЫ

Бұйырып тұрған нәпақасынан, тиісті үлесінен айрылып қалды. ~ Алла бергелі тұрған сүбелі сыбағасынан айрылып қалған әлгі “маңғаздар мен марғаулар” әлі күнге дейін ағылшындарға өкпелі. И.Сап. ~ Бірі қазақ, бірі моңғол бұл екеудің өзі біріне бірі қарауыл, ертең «мынау шетелдік қашқынға пәлендей жақсылық істеді, тілдесіп қойды, аяушылық көрсетті» деп сыбыр етсе анау жылдардағыдай атылып я сотталып кетпесе де сезіктіге саналып, сыбағадан, жеп жүрген нанынан айырылары хақ. Ш.Рах.

Posted in

СЫБАҒАСЫНАН ҚАҒЫЛДЫ

Олжадан құр қалды, аузы аңқиып қалды. ~ Мынаны қарашы: мал өскен ауылда тұру өкпеме зақым болар деп иіссуы мол қалаға келдім. Сыбайласым жоқ жерде сыбағадан қағылатын әдетім, жатпендесі көп қала маған контор бермеді. Ғ.Қаб. ~ Сәуле… Өкініш қана қырнайды. Сары майдай сақтағанының дәмін тата алмағаны аянышты– ақ. Сыбағасынан қағылып жүретін қандай ашықауыз жетім несібелі мүсәпір еді. Әйтпесе ғой Сәуленің қызығын өзі көретін еді. С.См.

Posted in

СЫБАҒАСЫНАН ҚҰР ҚАЛДЫ

Бұйырып тұрғанға қолы жетпей қалды. ~ Ерні жұқалау бір сұқым жігіт жамбасты тұтамдап, майын бармағымен бүркітше басып ұстап алыпты. Табаққа жұқалап кеседі де, өз аузына келгенде, түйеге асататын жемдей-ақ түйіртпектеп тастап жібереді. Аузына түк жұқпайды. Соған қараймын деп Қартқожа бір-екі алатын сыбағасынан құр қалды. Ж.Айм. ~ Осы үйде қазан өтерілмегеннен бері Сырттан да сыбағасынан құр қалып, іріген сүт, ашыған айранмен ауыз шайқап жүрген. Қ.Ысқ. ~ Жалпы, мұндағы қазақтарға тиісіп жатқан ешкім жоқ. Қазақтар өз сыбағасынан құр қалмайтын сияқты. Ш.Мұр.

Posted in

СЫБАЙ- САЛТАҢ ЖҮРІС (ЖҮРДІ)

Жалғыз ілікті, салт басты сабау қамшылы бойдақ күйдегі тірлік. ~ – Райжан-ау, малы аз ба бұл ағаңның, Мен тұрғанда басыңды құрап алғын. Сыбай-салтаң жүрістен не шығады Бір қайырын көрсеңші мына малдың. Ұ.Есд. ~ Ол кезде сыбай- салтаң жүрісі өзіне ұнайтын, тіпті баласының боғына тайып-жығылып жүрген құрбы-құрдастарын көрсе жирене қарап, өзін солардан екі елі болса да артық санайтын. Қ.Түм. ~ — Губернатордың қызына топырлатып нөкер ертпей, күймесіз, зембілсіз, сыбай-салтаң жүрген жараспайды. М.Серв.

Posted in

СҰЛУЛЫҚҚА КӨЗ СУҒАРДЫ

Сұлулықтан рухани ләззат алды. * Саудагерде эстетика болмайды екен. Дүниедегі жанды-жансыздың бәрі тауар боп көрінеді. Сұлулыққа көз суғарып, көңіл елжіретіп сүйсіну жоқ. Т.Сәу.

Posted in

СҰЛУЫНАН ЖЫЛУЫ

Сырт көрінісінен гөрі қасиеті, ішкі мазмұны. болмысы құндырақ д.м. * Ертеңінде етігімді бітіріп берді. Нәл салыпты. Ағатайым: «мықты болған екен» дейді. Апам: «сұлуынан жылуы да» дейді. Ж.Айм. * Сүкеңнің: «Биттің қабығындай шалбармен ұшып өлесің, сұлуынан жылуы, мына қырық жылғы мақта шалбарымды киіп ал»,- деген тілін алмағанына өлердей өкінішті. М.Қаб. * Бірақ осы көздің «сұлуынан жылуы» көп, ұяң, бұйығы, момын; жанарының нұры да жұмсақ, жұбау; кірпігін жабырқау мұңмен кіреукелеп, кісіге біртүрлі елжіреп, есіркей қарайды. З.Қаб. * Қарайып тұрса болды емес пе, сұлуынан жылуы. Онсыз да атқамінерлер көбейіп барады, белсенділерді кеңседен шығара алмай жүрерміз сосын. Қ.Ысқ.

Posted in

СҰЛЫҚ ЖАТЫР (ОТЫР)

Үнсіз, қимылсыз, солғын бей-жай, сүлесоқ қалыпта. ~ «Енді мен қайтам, ертең ертерек келем»,- деді Әзімбай. Жылап-жылап шаршап-талып жатқан жас баладай сұлық жатқан Шолпан: «Жоқ, енді тіпті келме!» — деп айтуға оңтайланып еді, бірақ оның іздегені не еді? Бала. М.Жұм. ~ Шып-шып-шып… шып. Көрпенің астында жатқан Шолпанда тірлік белгісі жоқ. Өлген адамдай сұлық жатыр. Шолпанның бұлай жатуы Сәрсенбайдың зығырданын тіпті қайнатты. М.Жұм. ~ Қолдар өткен түрлі-түрлі мектептен. Әрбір қол өз тағдырына лайық түрлі-түрлі боп кеткен. Әне бір қол сұлық жатыр, жұмыстан әбден кеуіп, құрысқан. Ж.Нәж. * Қоспанның үйі. Қоспан үнсіз сұлық жатыр. Сырттан Жаңыл кіреді. Қасына келіп отырады. Қоспан тіл қатпайды. Екеуі үнсіз. Т.Ахт.~ Жағымпаздың бір «мал-жан» амандығымен қоймай, ала төбеттің амандығына дейін сұрады. Әубәкір Махамбетшеге мойнын сәл бұрып, «қайырлы болсынды» солғын айтты да сұлық отырды. Ғ.Мұст. ~ Нұрлан, шаршағанның салдары ма, ой толғағының қысуынан ба, үйге кірген соң әңгімеге араласа алмай, сұлық отырды. З.Шаш.

Posted in

СҰЛЫҚ КӨҢІЛ

Бәріне бей-жай, сүлесоқ, солғын қарайтын көңіл-күй. * Етінен ет кесіп алып жатса да, сұлық көңілі селт етпейді, сүлесоқ. «Өлім осы ма? Кісі өлгенде осылай өле ме екен?»- деп ойлап, осы күнгі халі шынында да өлі мен тірі арасында әлдеқалай ілініп тұрғандай. Ә.Нұрп. ~ Ажал төкті аузынан суық темір… астар болды аспанға сұлық көңіл. Пушкин ақын пейішке барды ма екен? Дантес… ұзақ, бақытты сүріпті өмір!.. Ұ.Ес.

Posted in

СҰЛЫҚ ТҮСТІ

Денесінен жан кетіп, қимылсыз қалды. * Дәркембай енді сұлық түсіп, жым-жырт көз жұмып қалды. Үзіліп бара ма, жоқ арыз, өсиет айтамын деп әлсіреді ме, білу қиын. М.Әу. * Кеуде тұстан кірген қос сүңгінің сабын сығымдаған Кенесары жанары сөне бастаған көзін төмендегі Қалиқұлға қадап: – Көрдің бе, тексіз ит, мен өліп бара жатқанда да сендерден найза бойына биік тұрмын, – деп қан көбік басқан езуін тартты да, сұлық түсті. С.Әбік. * Жаңағы жұлқыныс жоқ, бір ышқынып қасқыр сұлық түсті. Нұрымның сол қолы қасқырдың тамағында қатып қалыпты. Б.Қыд. ~ Осыдан біраз күнгі ұзақ сабылыстан тынышы кеткен өлке де, мазасы қашқан табиғат та бүгін "уһ" деп сұлық түскен тәрізді. Салыңқы рең, маужыраған өлі тыныштық бар. Қ.Ысқ.

Posted in

СҰМ ЖАЛҒАН

Опасыз дүние; баянсыз өмір. * Ш ы н а с ы л Шықпаймын, бірге болам елімменен, Аулақ бол азғын етпе көбіңмен. Берсеңші ер өлімін қор еткенше, Сұм жалған бұл өмірге келдім неден? М.Әу. * О, дүние! Опасыз сұм жалған! Асылы, айналайын, атабаба мал соңында қоңын күн тесіп жүріп те көкірегі көп нәрсені сезген ғой. Солар еді ғой "өткен күнде белгі жоқ" деген. Ә.Нұрп. * Асықпай, жайлы көрде тек Ойланарсың мүмкін сен: Сұм жалғанда өмір деп Адам нені түсінген… І.Ес.