Posted in

СҮЙЕГІ САУДЫРАДЫ

Әбден қартайған адам туралы, сүлдері ғана қалды, жасы келіп солып, қуарды. ~ Түсінбеймін. Өкпеңде сыз бар деп мені жаратпай тастады. Құдай біледі, мен тап анау Сүйелбайдан гөрі мықтымын. Сүйегі саудыраған шіркіннің қасында мен дегенің балуан емеспін бе, – деп күйіп-піскен Мұхит мұңын шаққан. С.См. ~ Ал ауылда шоқша сақал шалдар мен кимешек киген кемпірлер көше сайын еріп жүреді-міс. Өздері тістері қаусап, сүйектері саудырап мәлкілдеп жүргеніне қарамастан кіл қылжақбастар. Енді ше! Қолдары бос, төбеге түкіріп жатып пәленше сом пенсия алады. М.Қаб. ~ Марқұм әкесі сонау жылдары сойып тастамап па еді? Саудыраған сүйегін ауыл иттері тасып кетпеп пе еді? Сары серке… соның дәл өзі… тіріліп кеткен бе, зәнталақ! Н.Сам. ~ Мұның бәрін санасақ, Сегіз болды, ей ханым. Қаусаған жақ, иек бар, Саудыраған сүйек бар. Ауыл алыс жол болды. С.Ақт.

Posted in

СҮЙЕГІ СЫНДЫ

Намысы қозды. ~ Бұларды көріп тұрған бұрын чиновник болып, тозған шал «киргизбен» ыржаңдасып тұрған орыс қызына кектенеді, сүйегі сынады, жерге түкіреді. Оның қасындағы кемпірі қолындағы сапты көзілдірігін көзіне қойып Мәмбеттерге қарайды. І.Жанс.

Posted in

СҮЙЕГІ СЫПАЙЫ

Тәрбие көрген, текті, әддепті. ~ Сүйегі сыпайы, мінезге берік кісі зайыбының сөз төркінін жаратпады, кондукторға «шай әкел» деп жарлық жасады. Д.Досж.

Posted in

СҮЙЕГІ СЫРҚЫРАДЫ

Жаны ауырды, тұла бойы тітіренді. ~ Байбөрі осылай деп жүрді жылап, Құдайдан күні-түні бала сұрап. Сүйегі сырқырайды Байбөріге, Бұл сөзді есіткен жан салып құлақ. "Алпамыс батыр". ~ Бұның үй ішімен ботадай боздап, бейіт басында да қатты күңіреніп жылағанын көргенде, тірі жанның бәрінің сай-сүйегі сырқыраған. М.Әу.

Posted in

СҮЙЕГІН КЕМІРДІ

Ішін удай ашытты, жүрегін ауыртты. ~ Әсіресе,«қол қусырып үйренген құлсың ғой, кепкен көніңді жібіт» дегені сүйегін кеміріп барады. Ж.Шәк. ~ Мең-зең денесі жеңілейіп барады. Көз алдында көлкештеп тұрып алған соқыр тұман ашылайын дегендей. Тартулы жақтай сіресіп тұрған кәрі жүйкесі жұмсарып барады. Еңірей төгілген зарлы саз сай сүйегін сал-сал кеміріп ала жөнелгені. Ә.Кек.

Posted in

СҮЙЕГІНДЕ ДӘНІ БАР

Мықты, мығым. * Жұрт шулап «жігіт екен, пәлі!» деді, «Бар екен сүйегіңде дәні», деді. «Мынау ат қанаты жоқ құспенен тең, Мұндай ат дүниенің малы!» деді. С.Мұқ.

Posted in

СҮЙЕГІНЕ СӨЗ ДАРЫМАДЫ

Айтылған сөз санасына қонбады. ~ Оны нормаға түсіру үшін әрқайсысын төске салып, бір– бірлеп түзету керек. Ал сүйегіне сөз дарымаған кісіден жазушы шығады деп үміт арту қиын– ақ. Қ.Жұм

Posted in

СҮЙЕГІНЕ ТАҢБА САЛДЫ (БОЛДЫ, ҚЫЛДЫ)

Арына өшпес дақ түсті; намысы тапталды. ~ "Тек солардың табасына қаламыз ба, бірде болмаса бірде бетіңе салық қып, сүйегіңе таңба бола ма деп, артын ойлағанымыз болмаса…"— деген сөзге әкеп тіреді. Ж.Айм. ~ — Жігіт екесің, шырағым… Бұл барлық қазақтың елдігіне тиетін, намысына шабатын жұмысы. Не сүйегін аршитын, не сүйегіне тағы бір қара таңба басатын жұмыс… Ғ.Мүс. ~ " — Ол кім-әй! Руымыздың сүйегіне оңбастай ғып таңба салған? .. әкеліңдер алдыма сүйреп! — деп пәрмен береді. Д.Досж. ~ ~ Балақтан тартқан итті төске шығармай, осы жолы Тұрсынның сүйегіне таңба салса, ел бетіне қалай қарар екен деп, көңілі толқып, шамырқанып қояды. Б.Тоғ.

Posted in

СҮЙЕГІНЕН ӨТТІ

Қатты қорлады; намысына тиді. * Ақынның кекесіні сүйегінен өтті: — Түбі сені жеңемін дейсің ғой… Жеңіп тұрып та жеңілуге болатынын білмейсің-ау, сен. Аяр жеңімпаздың даңқы — алыс, сүрлеуі — қарғыс! С.Әбік. ~ Әрі-бері уақыттан соң санасы сауыққандай болып, Ваня-кочегардың сөзі сүйегінен өтіп, сұмдық бір сұрапыл сезім билеп алған еді. А.Алт.

Posted in

СҮЙЕЙ САЛДЫ (СӨЗ)

Немкетті, шын көңілден шықпаған, дәм болсын айтыла салған сөз. ~ «Тергеп алып, білгеніңді қыл» дегенді, аяқтап келгенде әрқайсысы да бір-бір қайырған-ды. Бірақ бұл сөздері — сүйей салды. Бағанадан бергі сөзде Құнанбаймен аралары арбасып боп, айтыспай-ақ іштей жер танысып қалған. М.Әу. ~ — Көре қалдық күшін!.. — деп біреулердің зығыры қайнайды. — Қойсайшы, бала, байланысып қайтесің, — деп біреулер күрсініп, сүйей салдылау қылып ақылын айтқан болады. Б.Майл. ~ Трестен «орнынан алу керек еді, жоспарды жосылтып орындағаны ескеріліп…» деген сүйей салды бұйрық келді. Сонымен айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылып шыға берді. Б.Қыд. ~ Әлдекім қарап отырғанша ермек болсын деп әңгіменің шетін қылтитса, оны хоштап іліп әкететін ешкім жоқ: “е, солай ма еді” дегендей нәумез, сүйей салдыдан арыға бармайды. Т.Сәу. ~ — Бұл өзі я әрі, я бері емес, көңілге тимейтін, сырт көзге еленбейтін сүйей салды сырғытпа сөз. Баяғыда су жұқпас сері жігіттің аузынан естіген едім. Ай, өзі де жүрген жұпар кіндік болатын. Д.Дос.