Posted in

СУДАЙ СІҢІП, БАЛДАЙ БАТТЫ

1. Барған жеріне жаға білді, бейімделіп, үйреністі. ~ Ұрлап келген малға «судай сіңіп, балдай батсын» деп бата береді. Ж.Баб. ~ Қыз балаға жат босағаны аттағаннан кейін сол түскен жеріне балдай батып, судай сіңу ғана парыз. Ж.Сәм. ~ Бір сәт әке-шешесі, бауырлары есіне түсіп, көңілі бұзылып кетті. Қой мұным не, мен бұл үйге бөтен адаммын ба? Қыз байғұсқа барған жеріне судай сіңіп, балдай батқанға не жетсін. Мынау өз ұясына ұқсас ұя секілді емес пе. К.Қаз. 2. Бойына дарыды. ~ Албастының айырмасы адамнан – Тек таяқ деп біледі екен әліпті. Олардың да жұтатыны оттегі, Іше алатын албасты да көп, тегі. Судай сіңіп, балдай батып ауамен, Олар қайда араласып кеткелі?! Ж.Жақ. ~ Ішкені судай сіңіп, балдай батты. Маңдайға бақ қонбайды жазылмаған, Ұзаққа хан дәурені созылмаған. Тік басып жүрген жанның жер бетінде … Н.Айт.

Posted in

СУДАЙ СІҢІП, ЖЕЛІМДЕЙ ЖҰҚТЫ

Жаңа ортада өз үйіндей сезініп, сіңісіп кетті. ~ Ол баста Лизаның әке-шешесіне судай сіңіп, желімдей жұғып, болашақ күйеу бала ретінде қабылданған Қараш қалыңдығы Алматыға ауысқалы бері нілдей бұзылған. Т.Әл.

Posted in

СУДАЙ СІҢІП, ТАСТАЙ БАТТЫ

Жым-жылас болды, жоғалып кетті. * Қара тон не совхоз, не фермада судай сіңіп, тастай батты. М.Қаб. *Ардақты айттырып келген ешкім болмады. Салық төбесін қайтып көрсетпей, судай сіңіп, тастай батып алған. Түн жамылып бірер келіп кеткенін де білмейтін сияқты. О.Бөк. ~ Пахраддин есеңгіреп сәл тұрды. «Қасқыр!» деген ой сап етті басына. Сол-ақ екен, тұла бойы мұздап қоя берді. Сөйтсе, байғұс есек мана ақырамын деп басына пәлені шақырған екен ғой. Түу, атаңа нәлет, енді көрмегені осы еді! Балқия болса құрыды құм арасына тастай батып, судай сіңіп. С.Ел. ~ Он жылға кеткен Жаңгүдей Сібірге судай сіңіп, тастай батты да, Көкеміз керексіз болса да «керек» болып әлі жүріп жатыр. Қ.Ысқ. Жаңа түскен келіннің барған жеріне барынша ұнамды болып, өз үйіндей араласып, сіңісіп кетуі туралы. ~Өмірдің заңы солай, теңіз бен теңіз, адам мен адам қосылады. Барған жерінде судай сіңіп, тастай батып жатса, нағыз абырой сол емес пе? БАҚ.

Posted in

СУ СЕПКЕНДЕЙ БАСЫЛДЫ

Тыныштала қалды, сабасына түсті. ~ Сол сол-ақ екен, әлгінде ғана бойды кернеп, денені шарпыған аблықпа сезім су сепкендей басылды да қалды. А. Мек. ~ Боранқұл кеуде керіп шыққан соң аптығып тұрғандар су сепкендей басылды ғой. Ғ.Біл. ~ Бұрын сабылып жататын жүргіншілердің де, ауыл арасы адамдардың да жүрісі су сепкендей тоқтады. Ә.Шәр. ~ Балалар, еһ, балалар! Гуіл су сепкендей басылды. М.Қаб.

Posted in

СУ ПЕРІСІ

Суда жүретін мифологиялық тылсым бейне. ~ Бүгін тым ойлы боп, көп үнсіз отырсың. Мана қызыңды ала кел дегенде тіл алмадың. Су перісін суда құшқан жақсы екен. С.Сағ. ~ Тас үстінде су перісінің қызына орнатылған ескерткіштен аумай Жамал отыр. Бізге бұрылып қараған жоқ. М.Қаб. ~ Әміршісі бір орманның гүж-гүж еткен гүрілмен, сарыуыздай сыбызғылы су перісін ойнатып Қалың орман жынысында Сол періге ойы бары білінген. К.Мырз.

Posted in

СУ МҮЙІЗ (БОЛҒАН) БҰҚАДАЙ (ТАНАДАЙ)

Айналшық болған мал сықылды. ~ Кетудің жолын тапқан ақылменен, Табылсын ба, талығып күдер үзген. Елік белі, есерге ар бола ма, Су мүйіз бұқадай-ақ тамды сүзген. БС. "Асан-қайғы." ~ Қилы-қилы заманды, Заманға сай адамды Салғастырып қарасам, Су мүйіз болған танадай Шыр көбелек айналам, Кешегі бір заманда, Қайран қазақ, қайтейін, Мынау азған заманда. Дулат Баб.

Posted in

СУ МИ

Ақылсыз, мисыз. * Сот орнындағыларды су ми еткені өз алдына. Ғ.Қаб. * Жылда шөптің тең жарымын рәсуә ғып жүрген бір су ми. С.Жүн. * Түнде ғана сен су миға айтпадым ба. Халел екеуін бүгін ғана қосып отырғанда, арасын суытайын деп пе ең. С.Жүн. ~ Құдай-ай, осы арамды қайтейін деп жүр, ә! Соқыр тиын құрлы пайдасы болсайшы бір. Анау әкең де нағыз миқата. Әйтпесе сонау ит арқасы қияннан осыны әкелер ме? Қазақ ат, айғыр, мал тасушы еді, сендердікіндей сорақыны көргенім осы. Ә, су ми болған сорлы! О.Елс.

Posted in

СУ ІШКІЛІГІ (ІШЕРЛІГІ) БАР

Әлі көрер күні бар, жарық дүниеден татар дәм-тұзы әлі таусылмаған д.м. * Жағым қарысып, тыныс алуым қиындап, енді болмаса өлуге шақ қалғанда, суішкілігім бар екен, бір бұраңбел бикеш патша жаяу баратын жайға асығыс кіріп кетіп еді, атып шығып: — Бізді бітеу дей ме! — деп, кеңірдегіме кептелген рулонды жұлып алғаны тәңір жарылқағыр. Т.Сәу. ~ Бәрімізге бірдей келген зауал ғой бұл. Су ішкілігіміз бар екен. Қайта жанымыз қалды. Қыршын жасы жазықсыз қиылғандар да баршылық. Т.Рыск. ~ Сейітханның су ішерлігі бар екен. Моңғолға аман асып кетті. Бірақ артында қалған бала-шағасы не болды. Торғайдай тозды. Көрмегенді көрді. Ж.Шәк.

Posted in

СУ ІШКІЛІГІ ТАУСЫЛДЫ

Көрер күні таусылды, ажалы жетті. ~ Кезінде үріп ішіп, шайқап төккен пенде су ішкілігі таусылып, көз жұмғанда, марқұмның жалаңаш тәніне жапсыратын ыңғайлы киім таппай жүгіргіштейсің. Ө.Кәр. ~ Енді ол өлім сапарына бел буып, бекем кіріспейді, жанын қиюға пенделікпен әрекет жасамайды да. Су ішкілігің таусылмаса таспен ұрса да шыбын жаныңды үркіте алмасын бағамдаған. О.Бөк. * Мына Мырқы іштегі толқынын баса алмай "о, тоба" — деді. Мұндай күнді көретін суішкілігім, дәм-тұзым таусылмапты. Д.Дос.

Posted in

СУ ЖЫЛАНДАЙ СУЫРЫЛДЫ (СҮЙРЕҢДЕДІ)

Сусылдап, жылп-жылп етіп, сумаңдап, алға жылжыды. ~ Ердің үстіне нығыз, маңғазсып отырды да, Қымбаттың әкесінің жәпірейген жер үйі жаққа жалтақ- жалтақ қарап қойып, таңғы ұйқыдан мажаураған шағын қалашықтан, бурыл атты тайпалта жорғалатып, су жыландай суырыла шығып ұзап бара жатты. Т.Рыск. ~ Қара дәу ыстаулығынан пішен шабуға аттанған күннің ертеңінде, Көпжасар көз шырымын алды да, ақ некелі әйелінің төсегінен су жыландай суырылып шыққан. Т.Рыс. ~ Сұмдық-ай, бүйте берсе ұрғашы атаулы құтырған иттей көзі қанталап иесінен безер болар, қыз-қырқын әзәзілдік жолға түсер болар» деген алып-қашпа сөз су жыландай сүйреңдеді. С.Жүн.