Дәп сол мезетте; ә дегенше болмады; қабаттаса. ~ Таңертең әкем оны жақсылап сөгіп салып, басқа бір ауылға бір аптаға аттандырып жіберді. Сол екі ортада әжем енді Момынқұлын сағынып: — Әй, әлгі тентек неме қашан келеді? — деп қайта- қайта сұрай бергені ғой, жарықтық. Б.Мом. ~ — Осы мойылыңмен-ақ шаршаттың-ау, — деп қабағын кіржің еткізсін. Сол екі ортада екі иығы солқ-солқ етіп, теріс бұрылған күйі жаңа ғана ішкен шайын түк қалдырмай ақтарды да тастады. Д.Әш. ~ Абырой болғанда, елес боп шықты, алдында Ерден де, Дәнекер де жоқ. Сол екі арада қара бұлттай жаман ойлар қайта қаптайды. Екі апта бойы осындай халде. Жатса да, тұрса да осы. К.Қаз. ~ Екеуміз аялдамадағы отырғышқа барып, демаламыз. Мен маңдайыма жағылған күйені қалай сүртіп тастауды ойлап, сол екі арада бір айла таба қоямын. М.Қаб.
Автор: Админ
СОЛ СӘТТЕ
Тап сол уақытта, мезетте; бірден; ілезде. * Сол сәтте сұрақшы оған оқыс үнмен бірдеме деп бақырып балдыр-бұлдыр етіп үлгерді. Ж.Ахм. * Мен кешірім сұрадым, сол сәтте оркестр шапшаң әуенді дуылдата жөнелді. Ф. Сэл. * Нақ сол сәтте дорба толып, асып төгіледі. Сөйтсе дорба көз терісінен жасалған екен. Б.Қыд.
СОЛ СЕБЕПТЕН (СЕБЕПТІ)
Әлдебір жағдайдың алғышарты, себеп-салдары хақында. ~ Сол себептен болу керек, тоғай бойындағы қыз, келіншектер де мені елей сөйлейтін болды. І.Жанс. ~ Қызына адам салып елін жинап, Қойсын деп үгіт айтып үміт еткен. Жетіру тегіндікпен кетпейді деп, Жинаған бар адамын сол себептен. "Қыз Жібек". ~ Сол себепті күндегі дағды бойынша дастарқан айналасына Сүйіндіктің барлық балалары да, бәйбішесі де отырғанды. М.Әу. ~ Табиғаттағы адам тіршілігі әсіресе, өсімдіктер дүнесімен тікелей байланысты болады. Сол себепті өсімдіктер сан — алуан образдардың эталоны ретінде тілдегі троптар мен фигураларда кеңінен қолданылады. Ө.Айт. ~ Нұрбикенің күйеуінен төрт-бес жас үлкендігі бар-тын. Сол себепті де былайғы көзге Ахтан әйелінен жасамыстау боп көрінетін. Ө.Кәр.
СОЛ КЕТКЕННЕН МОЛ КЕТТІ
Хабар-ошарсыз жоғалды. ~ Шай деп бетке қаққан Қытай жоқ, Қытай жеріне сүңгіп кіріп кетті. Сол кеткеннен мол кетті. Ол әскерден қайтып хабар-ошар болмады. Ж.Айм. ~ Қара бура сол кеткеннен мол кетеді. О.Сәрс. ~ Жәнібек сол кеткеннен мол кетті. С.Жүніс. ~ Жат жерде татар дәмім таусылмаса міндетті түрде қайта ораламын» деген әке сол кеткеннен мол кетті. О.Көш. ~ Отағасы өзінен бес жас үлкен екен. Қойын бағып, мал-жанға ие боп жүрген еті тірі кісі көрінеді. Таңертең қойын Көлсай жаққа өргізіп, артынан торы атымен өзі де өріске кетіпті. Сол кеткеннен мол кетіпті. Б.Нұрж.
СОЛ ЖАМБАСЫНАН ТҰРДЫ
Сәтсіздік, жолы болмау, қырсық шалу туралы. ~ Іштегі сырды ақтарып хат жазғысы кеп сан оқталды. Бірақ қыз ұяты қолын тұсай берді. Әйтеуір, Саяға келгенде барлығы керісінше болады… сол жамбасынан тұрады. Д.Досж.
СОЛ БОЙЫ
Сол қалпымен, сол күйі. ~ Мұнымен ісі жоқ, тіпті бұған назар аударуды тәкаппар басына ар санайтын сияқты. Оның көңілі жайғасып, орнына отырды. Люстраны сол бойы өшірген жоқ. Д.Ис. ~ Сол жолы үйге қайтарда көңілі алып–ұшып келе жатқан, соны сезгендей–ақ Мараты күтіп алды. Екеуі қалаға қонбай сол бойы ауылға тартты. С.Досж.
СОЛҒЫН АМАНДАСТЫ
Көңілсіз, ықтиярсыз, жақтырмай сәлемдесті. * Елге келгендегідей емес бай мұжық онша пейілді кісі болмай шықты. Солғын амандасты. Ж.Айм. * Кенет қырау басқан есік сықырлай ашылды да, лап етіп ақ бу кірді. Содан кейін осы Сәбит көрінді. Отырғандар онымен солғын амандасты. Қайдан жүргенін де, қайда баратынын да сұрамады. С.Шайм. * — Шүкір, жаман емес, — Әбдірасыл солғындау амандасты. Бейне өзіне қарай көтеріле берген қамшыдан не оқтаулы мылтықтан жасқанғандай, тайсақтап көзін төмен түсіріп әкетті. Қ.Жұм.
СОЛАҢ ЕТТІ
Оқыстан шыға келді, пайда болды, бой көрсетті. ~ Соны айтысып келе жатқанда, шөлейт жақ кезеңнен солаң етіп, төрт атты кісі шыға келді. Біреуі оқ бойы алдында, тымағын ажырайта киіпті. Артқы үшеуінің алдында — салақтап өңгерген үш семіз қой. Ж.Айм. * Солаң етіп қай жақтан шыға келгені белгісіз, сидам бойлы бір жігіт көлеңкедей қалқайып қасыма тұра қалды. Шашы, қасы қап-қара, шүңіт көз, аққұба, әдемі жігіт. Т.Сәу. ~ Олар елдеріне қайтып, арада бір жұма өтісімен Қаңтарбай солаң етіп төбе көрсетті. Ә.Ыб.
СОҚҚЫҒА ЖЫҚТЫ
Біреуді ұрып-соқты. ~ Сендер Қанипаны алып кеткен күні Аралбайдың қол шоқпарлары жиналып келіп, мені соққыға жыққан… С.Ом. ~ Мынау қай мазағың? Берік – аулымыздың қонағы еді. Көрсеткен сыйымыз — соққыға жығу ма? Қашанғы қор етіп намысымызды көме бересің?! Зауалы болмас деймісің? — деп қалш– қалш етіп Мақанға жақындай түсті. С.См. ~ Ақ көйлектің омырауына да қан шашырап, құдды сілейтіп соққыға жығып салғандай. Ә.Нұрп.
СОҚЫР АТТЫ ҚОТЫР АТ ТАБАДЫ
Әркім өз теңін іздейді д.м. ~ Іш құста болып жүрсіз, ә? — Елтай басын изеді. — Соқыр атты қотыр ат табады. Біз солай екеміз. Танысып қоялық, айыпқа санамаңыз… Белгібек! — Елтай… Шашлық қайталайық. М.Қаб. .
